Митинг: Билік қазір қорқып, толқып отыр

1224

Билік қазір толқып отыр деуге де, қорқып отыр деуге де болады. Себебі, ватсап топтарда 21-қыркүйек күні өтетін митингке шақыру толастар емес. Әрлеп, әспеттеп постерлер таратып отырған адамдардың бізде заңмен тиым салынған ДВК ұйымынан. Әрине, ақылынан алжаспаған адамдар ДВКаның айтағына ере қоймас. Себебі, бұл ДВКамыз да сенімнен шыққалы қашан. Әуелгіде қазіргі жүйеден шаршаған жұрт Әбләзовтың артынан біразға дейін ерді. Оның ел-жұртты, мемлекетті ойламайтынын, тек өзінің жеке бас кегінің соңына түсіп кеткен адам екенін білген жұрттың барлығы одан теріс айналуда.
Бірақ, қорыққанның жөні осы екен деп өз ойын ашық айтып жүрген адамдарды желкелеп алып кету дұрыс емес. Бұл әрекетпен билік өзіне қарсы адамдарды көбейтпесе азайтуы неғайбыл.
Митингтердің алдын алу үшін саясат сахнасында көптен көрінбей кеткен Ертісбаевты "жарқ" еткізу маневры ойдағыдай әсер бермеді. Иә, әлеуметтік желіде біраз талқыладық та қойдық. Ертісбаев мырза өзіне халықты сендіре алатын тұлға емес. Ешқашан ондай қасиеті де болмаған.
Тоқаев мырза өз жолдауында митингтерге рұқсат беру жайлы айтқан болатын. Осыны жоғарыдағылар өз тараптарына сәтті пайдаланып қалуға не кедергі? Адамдарға ішіндегі запыранды сыртқа шығаруға мүмкіндік бер. Иә, заңнамалық тұрғыдан қарасақ пәлен күн бұрын арыз жазу керек. Ол арызға рұқсат етілгені немесе рұқсат бермегендігі жайлы уәж жазылу керек. Қазір, жер-жерде рұқсат сұрағандардың өтініші түрлі сылтаумен кері қайтуда.Егер, рұқсат берілсе митинг ұйымдастырушылар да өздеріне тәртіпсіздік болмайтындығы жайлы жауапкершілік алады.
Осыны әрине қарсы тарап өзіне сәтті пайдалануға тырысады және әдемі пайдалануда. Осылайша қазір өзіміз отырған бұтақты өзіміз аралаудамыз.
Жұрттың көбінің ДВКаға ергісі келмейді. Бірақ, шер тарқататын алаң бермеген соң сол топқа қосылмағанда не істейді?
Иә, мен өз басым ДВКаға о бастан қарсымын. Олардың ұйымдастырған шараларының барлығына қарсымын.Біраз белсенділердің халыққа ДВКа ұйымдастырған митингтерге қатыспауын жазып жүргенін талай мәрте байқадым. Осы фейсбук бетінде де, өмірде де.
Ағайын, әзірге сені аяйын деп отырған ешкім жоқ. Өзіңді саяси лас ойыннан аулақ ұста. Тап осы митингіге қатыспай-ақ қойшы.

 

Айсұлтан ЖАҚЫПОВ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер