Ирак парламенті балалар некесін заңдастыратын жеке мәртебе туралы заңға түзетулер енгізуді мақұлдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы CNN-ге сілтеме жасап.
Бұл түзетулер 1959 жылы қабылданған және әйелдердің отбасылық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін заңға қатысты өзгерістерді қамтиды. Жаңа енгізілімдер ислам соттарының некеге тұру, ажырасу және мұрагерлік мәселелеріндегі өкілеттігін күшейтеді.
Түзетулерді консервативті шиит депутаттары ұсынған. Олар бұл өзгерістер ислам қағидаттарына сәйкестендіруге және Ирактағы батыс мәдениетінің ықпалын азайтуға мүмкіндік береді деп санайды.
Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы бұл заң жобасына қарсы шығып, тамыз айында жарияланған баяндамасында бұл түзетулерді қатты сынға алып, олардың қабылданбауы керектігін ескертті.
«Егер түзетулер қабылданса, ол халықаралық заңдарға сәйкес әйелдер мен қыздардың құқықтарына ауыр соққы болады. Бұл заң 9 жастан бастап қыздарды некеге тұрғызуға рұқсат береді. Ирак заңдарында бекітілген теңдік қағидатын бұзады және әйелдерді ажырасу мен мұрагерлік мәселелерінде қорғайтын тетіктерден айырады. Балалар некесі қыздарды сексуалдық және физикалық зорлық-зомбылық қаупіне, білім мен жұмыс мүмкіндігінен айырылуға душар етеді» - деді ұйым өкілдері.
Ұйымның Ирак мәселелері бойынша зерттеушісі Сара Сунбар балалар некесін заңдастыру көптеген қыздарды өз болашағынан айырып, олардың әл-ауқатына зиянын тигізетінін айтты.
"Қыз балалары той көйлегінде емес, мектепте және ойын алаңында болуы керек", – деді ол.