Өзге ұлттарға грант беру үкіметтің саяси жоспары

239

Гранттар саны артуда. Өте көп. 30 мыңнан, 55 мыңға жетті. Жыл сайын саны артып келеді. Мемлекет грант санын арттыру арқылы Ресей мен Қытайға оқуға кететін жастардың ағымын ұстап қалғысы келеді. Өйткені олардың саны тым көбейіп кетті. 70 мың дейді бір деректе. Мүмкін. Идеологиялық тұрғыдан ұстап қалу әрине дұрыс, алайда дәл осы жол арқылы ма?

Мысалы Ресейге кететін жастардың басым бөлігі славян тектес ұлттар. Олардың 90% сол жаққа барып, кері қайтпайды. Сонда қалады. Тарихи отандарына біржолата кетеді. Солтүстік көршімізге оқуға барып, білім алып жүрген қазақ жастары да аз емес. Олардың көбісі қайтып келеді.

Екінші бағыт ретінде соңғы уақытта Қытайға барушылар артты. Бұл Қытайдың жалпы саяси-экономикалық дүмпуінің қарқынды болуымен байланысты. Әрине, геосаяси жоспарлары да жоқ емес. Млрд қытайдың арасынан да миллиондары оқу оқи алмай жатқан сәтте, өзге ұлттарға грант беруі де саяси бір жоспар. Өзге ұлттарға жағымды имидж қалыптастырудың бір тәсілі.

Сондықтан бұл тұрғыдан алғанда грантты көбейту идеологиялық тұрғыдан дұрыс қадам. Қытайдың және Ресейдің ми шаю идеологиясына қарағанда, өз елімізде жүрсін деген ойдан туындаған. Мемлекет оны ашық айтпаса да, пиғылын осылай түсінуге болады.

Бірақ басты сұрақ біреу: Ақтала ма? Қазақстанда қалсын деп, нарықта сұранысқа ие емес немесе студент бітіріп шыққанша өміршеңдігі уақыт табытында жататын мамандықтарға да үйіп грант бөле беру дұрыс па? Нарықты зерттемей, онжылдықта қажет болар мамандықтар бойынша социологиялық зерттеу жүргізбей (жүргізілгендерін есепке алмай) грантты жауған қардай шаша беру рационалдықпен қол ұстаса ма?

Менің ойымша бұл болашақта үлкен дүмпу туындатады. Қазір стипендиямен жұбанып, грантпен қуанып жүрген студент, ертең текке керегі жоқ мамандықпен жұмыс таппаған сәтте бірінші фейсбукте ашу шақырады, артынша көшеге шығады. Кінә кімнен? Грантты бөлгенде нарықты зерттемеген биліктен.
Нарықты зерттемей грант бөле салу, атаулы әлеуметтік көмекті бай адамға апарып бере салумен тең. Пайдасыз.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер