Ақтау маңындағы ұшақ апаты. Жолаушы оқиғаны баяндады

280
Adyrna.kz Telegram
Фото: Lenta.ru
Фото: Lenta.ru

Ақтау маңында болған ұшақ апатынан аман қалған жолаушы оқиғаның қалай болғанын баяндады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Oxu.az-ға сілтеп.

Oxu.Az порталы апаттан аман қалған Нұролла Сираджовтың жағдайға әлі де сене алмайтынын хабарлаған.

Апат кезінде ол әйелін сабырға шақырғанын, бірақ өз бойын үрей билегенін жасырмады.

«Мен әйеліммен бірге Грозныйда тұратын ұлыма бара жатқан едім. Ұшақ алғаш рет соққыға ұшырағанда, аяқ астымнан оттың жалынын сездім де, жарақат алдым деп ойладым. Әйелімді сабырға шақыруға тырыстым. Бірақ өзімде үрей басым болды. Белдікті шешіп, аяқ астына қарағанымда ұшақтың едені бүтін еді. Мен қайтадан орныма отырдым. Сол кезде ұшақтың артқы бөлігіне айтарлықтай қатты соққы тиді. Бортсеріктер жолаушыларды сабырға шақырып, Грозныйға қонатынымызды айтты», – дейді Сираджов.

Ол ұшақ төмендеп келе жатқанда аман-есен жерге қонатынына сенімді болған.

«Мен біз қонуға жақындағанымызды, әуежай ғимаратын, жолақтарды, ұшақтарды көрдім. Он қабатты ғимараттан төменге қарағандай елестетіңіз. Біз жерге өте жақын болдық. Қонатынымызға сенімді едік», – дейді ол.

Алайда сол сәтте ұшақ қайтадан жылдамдық алып, көкке көтерілген.

Еске сала кетейік, Әзербайжанның Загаталь ауданының тұрғыны  Нурулла Сираджов есімді ер адам апаттан кейін әйелін таба алмай, алаңдағанын жеткізген еді. Кейіннен ол ұшақ апатында тірі қалған әйелімен қауышқан.

Пікірлер