Қазақта ортақ ұстаным қалыптаспаған

184

Бұрыннан да күдігім болатын. Бірақ елге келгелі біраз тұлғалармен араласып көзім жетіп келеді.

1. Жүйеге қарсымыз, өзгеріс керек деген азаматтар бір мақсатты көздейді. Ол - жүйені ауыстыру. Бірақ өзгеріс деп айтады да сол жолда өздерінің басы біріге алмайды. Мысалы, оның тіл туралы позициясы ұнамайды дейді де бір-бірін жек көріп кете салады. Үлкен бөпе секілді кәдімгі. Ертең билікке келсе қалай ел басқаратыны үлкен сұрақ...

2. Екінші кемшілік, жүйе кеткеннен кейін не істеу керек дегенде әрқайсысы әр жаққа тартады. Қарап отырсаң жүйе кетсе ары қарай оларда ортақ мақсат жоқ. Жан-жаққа тартып, қырық пышақ болуға дайын. Біріктіретін идея, елдің келешегіне қатысты бір ортақ ұстаным қалыптаспаған. Бұл жақсылық емес. Ертең жүйе халықтың күшімен кетсе, бұлар ел басқаруға жетсе жұлып жейді бірін бірі.

3. Кейбір ел сенген азаматтардың ойы тым қарабайыр. Әлем қайда бара жатыр, біз қайда шаруасы жоқ. Ұсақ-түйек әңгіме. Әңгімесінен ішім пысып кеткен де кездерім болды.

4. Менің таң қалғаным сәл өзгеше ойларға лүпіл басуға қорқатын да азаматтар бар екен.

5. Кімнің кімге лүпіл басқанын санап отыратын типтер де бар.

6. Суретке түсу Қазақстанда қауіпті екен. Мысалы, АҚШ-та Обама мен Трамп кофе ішіп, гольф ойнап, суретке түсіп жүре береді. Бірақ екеуі өз партиясын сатып Обама республикаға, Трамп демократтарға өтіп кетпейді. Бізде "Нұр Отанмен" суретке түссең шаруаң бітті. Сатқынсың. Мүмкін  мен жай кофе іштім, суретке түстім, пікір алмастым бітті сонымен. Жоқ, сені сатқынға балайды. Сурет дәлел. Міне факт. Сәбидің ойлау дәрежесі. Онымен қоймай ел басқарғысы келеді. Екі түрлі саяси көзқарастағы қазақтың баласы бірге кездесіп, шәй ішпеу керек болып тұр ғой сонда.

Өзгеріс керек деп жатқан азаматтардың сөздері әрине елге жағады. Бірақ дауласа бермей бірігуді, келешекте не істейміз деген позицияда ортақ ұстаным қалыптастыруы керек-ақ. Біреулерге ұнамауы мүмкін бірақ деңгей мен дүниетанымды өсіру үшін де біраз еңбектену керек. Бұл шындық. Қазір әбден шаршаған қоғамға қажетті сөздерді айтып, абырой жинап жатқанмен шынайы саяси мәдениеті, деңгейі артта қалып қойған тұлғалар көп.

Осы жазбаны оқып шыққаннан кейін мені сатқын дейтіндер де шығады. Себебі бізде билікті жамандадың ба соңына дейін жамандау керек. Мына жаққа тимеу қажет. Менің ойымша азаматтық қоғамдағы тұлғалардың да өздерімен жұмыс істеп, деңгейлерінің өскені керек.

 

Бауыржан СЕРІКБАЕВ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер