Бүгін, 13 қаңтарда Fly Arystan әуе компаниясының Астана-Өскемен рейсіне отырғызу кезінде жолаушылардың бірі бортсерікке қол жұмсаған. Бұл туралы әуе компаниясының баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
47 жастағы ер адам мас күйінде бортсеріктің ішінен ұрып жіберген.
«Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен компанияның авиациялық қауіпсіздік қызметінің мамандары шақырылды. Құжаттарды тексеру барысында деструктивті жолаушы бомба бар екенін де мәлімдеді. Осыдан кейін әуежайдың кинологиялық қызметі шақырылып, барлық жолаушы ұшақтан шығарылды. Сондай-ақ, бортсеріктің жағдайын тексеруден өткізу үшін әуежайдың медициналық қызметі шақырылды»,— делінген хабарламада.
Әуе компаниясы жедел түрде мұқият тексеріс жүргізілгенін атап өтті. Баспасөз қызметінің мәліметінше, ұшақтан жарылғыш немесе басқа да тыйым салынған заттар табылмаған.
Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр. Оның үстінен бұзақылық және терроризм актісі туралы жалған хабарлау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.