Дәулеткерей Кәпұлы: Қара өлеңнің қайнарын тапсам деймін...

260

Дәулеткерей Кәпұлы  ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері,  Қазақстан Жазушылар одағының, айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының мүшесі. 1977 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы Баяннуур елді мекенінде дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін (1999), Еуразия ұлттық университетінің магистратурасын(2002), аталмыш университеттің PhD докторантурасын тәмамдаған (2015), Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, қазақ әдебиеті кафедрасының ұстазы.

 

* * *

Көктеміме айтсам деп едім кәміл
шынымды,
Самайға мынау самалсыз сәуір сүрінді.
Қайдасың, қараторғайым, кешіктің неге?
Сипайын қауырсыныңды.

Сағынып жүрген сәтімде құрақ
сыбдырын,
Күнгейіме алшы қонақтап шуақ –
шындығым.
Көктем бағыма жетелеп әкелер едім,
Ұстатса бұлақ шылбырын.

Сүйінші құсы көктемнің – жыршы
әндеткенде,
Қойшының көңіл хошы жоқ қырсауды
ерттеуге.
Қырмызы белге жанарым суарсам деп ем,
Қырдағы жусан бөрткенде.

 

***

                                 Ұйқым келмейді...

                                           О. Бөкей

Қатты ұйықтауға қорқамын, ал неліктен,
Сөніп қалатұғындай сәуле біткен.
Мен көз ілсем, жұлдыз да, Ай да сөніп,
Айырылардай қара түн бар көріктен.

Жапқым келмей қақпасын қара түннің,
Кей түндерде көз ілмей таң атырдым.
Жарығыңа ғашықпын, тәубе, Тәңір,
Тамшы сүттей сәулеңнен жаратылдым.

Ғұмырыма сәулесін шашып өлең,
Түніменен шабыттың шашын өрем.
Арманымның ақ жолын бағдарлаймын,
Ай – арудың керілген қасыменен.

Меңіреулі кейіпте түн баласы,
Менің тыныш ұйқымды ұрламашы.
Ұйқымды алсаң, өтерсің айыбыңды,
Марғау түнде жазылса – жыр жаңасы.

Арманым мен қиялым қатар ұшып,
Жырақтағы жұлдыздан хат алысып.
Ұйқы – жаудың ұрымтал сәтін ойлап,
Қара түнде отырам қасарысып.

Айдың жымиысынан алтын ұшып,
Сәулелі ойға сезімім шарпылысып.
Қара өлеңнің қайнарын тапсам деймін,
Қара түннің қаймағын қалқып ішіп.

Бозторғайлар өлең ғып өз шырылын,
Таңғы самал тербеді боз шыбығын.
Қатты ұйықтауға қорқамын, бәрібір де,
Алайыншы сәл ғана көз шырымын.

 

***

Көркің ғажап-ақ, көркем дүние,
Жарқын болмасаң, сені сүрмеймін.
еркімде емессің… ертең кім ие
боларын білмеймін.

Бір анық білерім – көңілім көк тірер,
Көк аспан әлемі – әдемі сарайсың.
Жаныма жақұтын сепкілер,
таңдағы арайсың.

Арайлы аспанға жанарым тігіліп,
Тұтанам түнектің отынан.
Жұлдыздар алдында жүгініп,
омалып отырам.

Қабарған қара түн қақырап,
Түнектің етегін түремін.
Үзіліп түскенде жапырақ,
Кіжініп күлемін!
...ай, жүрегім!!!

 

* * *
Көне жота көз тастап қырымына,
Туған далам, телмірдім тұғырыма.
Құлынымда қоңырау таққан елім,
Риясыз сеніп ем ырымыңа.

Төбемізден төнгенде төбет іңір,
Күн қыранға қызыл тау – көне тұғыр.
Есіңде ме, туған ел, жұмасына
Екі тайдың қолтығын сөгетін ұл?!

Құба белден жортқанда өмір құлан,
Көкке самғап кететін көңіл қыран.
Есіңде ме, әкесі ұрсатын ұл,
Шеки басып қалғанда шегір құнан?!

Шаңын қосып шапқанда белге белдің,
Тізгін бермей көзұшы, дөңгелендім.
Есіңде ме, еңкілдеп жылайтын ұл,
Тайдырып ап сырғасын кер дөненнің?!

Шапқан сайын сезімім тасқындарға,
Айналатын арманым ақшуланға.
Есіңде ме, кемсеңдей беретін ұл,
Қоңыр бесті тұрасын тасқа ұрғанда?!

Тасқа, талға, жыраға соғылам деп,
Ойламаушы ем, бір қазық жолығар деп.
Әкем сонда ұрсатын «Осы сенің
тақымыңның, әйтеуір, желі бар» деп.

Апам «Сақта, Құдай» деп күбірлесіп,
Тербететін жанымды қыдыр бесік.
Додаға ендім құйғыта шапқан күйде,
Домбыраға жырыммен дүбір қосып!

Базарында бал күннің, бұла шақтың,
Тізгін тисе қолыма, тұра шаптым.
Асау мінгім келетін ауыздықтап,
Жалықтырса мимырты жуас аттың.

Соның бәрін түсірсем есіме бір,
Келер ме екен қайтадан хошы көңіл?!
Қайыс арқан сүйреткен қашағандай,
Қайда зытып барасың, есіл өмір?

 

Жол берем

Жол берем есектерге де дәмесі дардай,
Бұрыннан қиып ап жүрген мәресі бардай.
Көлденең өтсін алдымнан, тізгінім тартам,
Кетсін деп есектігін ол тағы есіне алмай.

Жол берем қара қарғаға қарғалығы үшін,
Іштарлық емес, бұл нағыз тәубалық ісім.
Қарқылдап жүре бермей ме, не бәлесі бар,
Қиядан шалар қыранның арманы құрсын?!

Жол берем дұшпандарыма
«жасақтасым» деп,
Жайраңдап күліп жеңіске жасап
қалсын деп.
Жасағаным ғой жақсылық жалғанда
мына,
Тасада тұрып сыртымнан тас
атпасын деп.

Жолымды бірақ бермеймін
тұлпарға нағыз,
Қалжың деп ойлап шынымнан
күлкі ауламаңыз.
Шын жүйрік озып алады өресі жетсе,
Арыңның аппақ жолынан
бұлтармасаңыз.

Жолымды бірақ бермеймін
қыранға текті,
Тырна емес болса көшпейтін
тыраулап көкті.
Құзғындай құлдиламасын
өлексе көрген,
Қос жанарында тұрса егер күн
аунап кекті.

Жолымды бірақ бермеймін адал досыма,
Қан жұқтырып ап жүрмесе ақ алмасына.
Жолымды кессе кесер тек адалдығымен
Алланың берген бағы үшін адам басына.

...жалғанның мынау жамалы
ерікті арбаса,
Кереметіне көз жетер көріп барласа.
Жол берем бірақ ажалға алдымнан өтсін,
Қасқа маңдайдан қасқайып
келіп қалмаса?!

 

* * *

Тәңірден жарық нұр тілеп едім,
Аруды көріп ақмаңдай.
Арбалып қалдым күлкіңе керім,
Күміс қоңырау қаққандай.

Сыр шашып терең сыңғыр қағысың,
Көркіңмен әсем көзге ұрдың.
Сағынып жүріп бұлбұл дауысын,
Сәуірде сені кез қылдым.

Ететін жан ем азға қанағат,
Сезімсіз жалған көріксіз.
Еркелей күліп, наздана қарап,
Еркімді алдың еріксіз.

Арымдай аппақ арманға балап,
Үлбіреп еді үмітім.
Арманым қағып таңдарға қанат,
Күлкіңді күттім күні-түн.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер