Сеул соты президент Юн Сок Ёльдің оны қамауға алу және президенттік резиденцияны тінту туралы сот ордерлерін жарамсыз деп тану туралы талап-арызын қанағаттандырмады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
Соттың талап-арызды қанағаттандырмау себептері туралы толық мәлімет әлі жарияланбады.
Сеулдің Батыс аудандық соты бұл шешімді Юн командасы ордерлердің күшін жою үшін оларды заңсыз деп санайтын қарсылық білдіргеннен бірнеше күн өткен соң қабылдады. Юнның заңгерлік командасы ордерлерді заң тұрғысынан негізсіз деп атап, оларды шығарған судьяның әскери және қауіпсіздікпен байланысты шектеулі аймақтарда ордерлерді орындауға тыйым салатын қылмыстық заңдарды қолдануға негізсіз түрде бас тартқанын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін дәл осы Сеул соты құқық қорғау органдарының уақытша қызметінен шеттетілген елдің президенті Юн Сок Ёльге импичмент жарияланғаннан кейін оны қамауға алу туралы шешім шығарған болатын. Бұл ел тарихында алғаш рет қызметтегі президентті қамауға алу ордері шығарылды.
Юн Сок Ёль бүлік ұйымдастыру және билікті асыра пайдалану айыбымен тергелуде. Оған елде әскери жағдай енгізгені және парламентке бұл жағдайды жоюға дауыс беруге кедергі жасау үшін әскер жібергені үшін айып тағылуда.
3 қаңтарда жоғары лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлығын тергеу басқармасының (CIO) тергеушілері президенттік резиденцияға келген, алайда олар президент күзетінің қатаң қарсылығына тап болды. Бес сағатқа созылған қарсылықтан кейін тергеушілер Юн Сок Ёльдің қамауға алу ордерін орындауды уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған.