Алматы тұрғыны: Қолжетімді баспанаға қолымыз жетпей жүр

349

Қолжетімді баспанаға қолымыз жетіп тұрып айырылып қалдық. Неге дейсіздер ғой, қаңғыбас емеспіз өйткені. Алматыға кеше келген үйсіздердің жең ұшынан жалғап баспаналы боп жатқаны да бар, талай жыл өзгенің қалтасын қампайтып, талмай жұмыс істеп пәтер алғаны да жетеді. Асекем екеуіне де "жатпайды". Жатпайтыны қаңғыбас емес, жып-жылы үйде өсті. Бес жыл тұрақты тіркеуі қалада болмаса тұратын үй де, көмілетін жер де берілмейтін бұрын, заң бойынша. Енді үй алуға қатыстысының екі жылын қысқартыпты, өлгенде берілетін жерінің лимитінің өзгерген-өзгермегенін білмеймін.

***
Қалаға кеше келген баспанасыз адамды кім тұрақты тіркеуге тұрғызады? Туысы? Сенімім аз. Қалай тұрғызады? Пәтерінің шаршы метрі көтермесе ше? Туысыңды тұрақты тіркеуге алсаң пәтерақыңа қосымша шығын төлеуге мәжбүрсің. Қалтасына ақшасы сыймай жүрген біреу тұрғызбаса, бүгінде туысқанына емешесі үзіліп көмектесіп, артық шығынды ай сайын төлей қоятындардың бары шамалы. Ет-жүрегі езіліп тұрғызғысы келетіндердің пәтері - қуықтай, балалары көп, үйдің артық адамға шаршы метрі "жетпейді". Сонда қалай? Осының түбін тексеріп отырған адам бар ма? Хош делік!

****

Үй алмаққа ниеттенген ұлым: "Сонда мені 26 жыл бомж болып жүр деп ойладыңдар ма? Анаммен бірге тұрдым!"- деп салғаны сол. 18 шаршы метр, яғни бір бөлмелі үйде ұлым үйленсе, сыймайтынымыз белгілі. Құжатын дайындады, тиынын да жинады. Маңдай терімен!!! Енді не кедергі?
-Сіздің басыңызда пәтер бар екен ғой.
Банктің менеджері қоздайтын қойдай мекіреніп айтты мұны. Ал баламның таңғалғанына мен былқ етпедім. Нені меңзегені де маған аян. Жекешелендіру басталғанда 13 жастағы ұлым да "кірді". Кіргіздім! Неге? Өйткені балам кәмелетке толмаған ол кезде. Ал жатақхананың екі бөлмесін маған көңілдесім немесе әлдебір көкем сыйлаған жоқ. Өзімнің табан ет, маңдай теріммен еңбегімнің арқасында алдым. Тоқырауға ұрынбағанда, нарықтың қыспағанда қалмағанда пәтерге де қолым жетер еді, сол 90-жылдардың аяғында-ақ!!! Рас, жекешелендіру басталған сол кезеңде де небір пысық келіншектер байынан қағаз жүзінде айырылысып өз атына ғана үйдің немесе бөлменің құжатын рәсімдеді. Үйі барлардың өзі дереу өзгенің атына үйін аударып Әкімшілік берген тегін баспанаға қалай қол жеткізгендерін де білем. К черту! Біреудікіне көз салатын әсіреқызылға құмар қатын емеспін. Өз несібем, өз берекем өзіме жететін адаммын. Айтса да, банктен өткен құжат Тұрғын үй департаментінің кедергісінен өтпеді! Басында баспанасы жоқ деген анықтама болғанымен жекешелендіруге "қатысы болған" мәлімет базадан бес жылдан соң бірақ жойылады! Ебін тауып құртатындар бар шығар, менде соны жойып беретін көке жоқ, "жақсылығының" өтеуіне тілемсектеніп бірдеңе тілеп тұратын ондай таныстан құралақанмын. Ал біздің Қазақстан һәм қағазстанда "қарға қарғаның көзін шұқымайды". Десе де, "Тұрғын үй - 91" деген де болып еді ғой. Ұлым ше...

***

13 жасында шешесіне тиесілі баспанаға еш қатысы болмай, тек менің ұлым болып туғаны үшін ғана "пәтері бар" болып шыға келді. Жақсы. Ол өзіне тиесілі боп келген, ал шын мәніндегі менің "дүниемді" маған - туған шешесіне заң жүзінде аударды, енді не кедергі? Енді базада бес жыл тұратын мәлімет кедергі. Көрдіңіздер ме қитұрқылықты?
18 шаршы метр жерге (жилой) әрбірден соң заң бойынша баламды тұрақты тіркеуге тұрғыза алмауым керек болатын. Өйткені заң бойынша бір адамға 13 ш/м тиесілі! Бұл пәтердің бұрынғы жатақхана екеніне пысқырмайтын боққарын (кешіріңіздер) менеджері бар, мойыны жуан бөлім басшысы бар, құлқыны кеңіген банк басшысы бар жалпиып отырып мониторға көз сүзгенше алдына жинап әкелген құжаттарға мұқият қарап, үй алмаққа ниеттенген жігіттің жекешелендіру кезіндегі жасын ескеріп, қала берді орындыққа жабысып қалған жұмсақ жерін көтеріп қаланың қақ ортасында тұрған көпқабатты ғимараттың бұрын не болғанын ел-жұрттан сұрап, ішін өз көзімен көргенде ғой. Жоқ! Ондайды ойлап жүзеге асыру үшін, біздің қоғамдағы майшелпекке бөккендерді орнынан қозғау үшін алып кран керек әуелі...

***
Алматылық болғаныма 30 жыл. 5-ақ жыл пәтер жалдап, 22 жасымда қазіргі өз баспанама ие болған жанмын. Өлсем өз үйімнің босағасынан шығам, өз меншігім. Шүкір! Өз елінде өгейдің күйін кешіп қаңғып жүрген қазақ қаншама! Үй салынып жатыр! Бірақ көбі бай-бағланға арналып! Сол қымбат үйлердің 35 ш/м бір бөлмелі пәтері 11 млн-нан басталады. 300 000 теңге тапса (ондай айлығы барлар қолжетімді арзан баспанадан бас тартпайды, ретін келтіріп Астана мен Алматыдан алып та қояды) - "социальный обеспеченный", 50-60 мың еңбекақы алатындар - "неплатежеспособный" деген категорияға адамды оп-оңай жатқыза салатын шіріген жүйеде баспана кімдерге беріліп жатқанымен де ешкімнің шаруасы болған емес...
Айтпақшы, мемлекеттік қызметкер болмағаны үшін де ұл "екінші сорттың" адамына жатады. Бірақ біздің елде мүгедек баласы бар ана да баспанаға келгенде көл-көсір қамқорлық көріп жатқаны шамалы.

***
Топырлатып салынып жатқан үйдің бағасы аспандап тұр. Оның қанша пәтері қанша жылға дейін қаңырап бос тұрады? Тексерген біреу бар ма? Жоқ. Айтпақшы, бос тұрмайды. Өзге облыстың қалталы байлары қызына, ұлына, тоқалына әперіп қояды да жалға береді. Мейлі ғой, тұрғанда қазақ тұрсын! Бірақ... Алматының өз қазағы? Кейінгі 30 жылда Алматыны жағалап келген қазақтар? Олардың маңдайына үш сағаттық кептелісті жазып мегаполистің төрт бұрышындағы ауылдардан қатынау жазылған ба? Не суы, не газы жоқ біреудің времянкасында тұрып өмірін өткізбек пе? Кез келген уақытта кептелістің кесірінен кешегі автобустың жүргізушісіндей күрежолдың бойында жан тапсыруы керек пе, әлде?
...Менің ұлымда әлі-ақ үш қабатты жекежай немесе ең ғажап пәтер болады, бұйыртса! Өйткені ол -еңбекқор! Аман болайықшы, бастысы.
Айтпақшы, "басыңызда пәтер бар" дегенді аузын керіп сызданып айтқан бір банктегінің сөзін екінші банк құп көрмейді. Үлкен сомада несие рәсімдейін десең... Үйіңді кепілге қояйын десең, ол - ЖАТАҚХАНА!!!)))
Тағы бір ескерер жайт. Кеңес Одағының бар жақсылығын көргендердің бәрі ерінбей жамандайды бүгінде. Тәуелсіздікті басқаша асқақтатқысы келетін сол жалған патриоттар ол кезде "расширение" дегеннің болғанын жақсы біледі. Бірақ ол жайлы бүгінде, өлдім де, айтпайды! 60-70 жыл жұмыс істеп келген небір зауыт-фабриканы жоқ қылып, жерін жекешелендіріп алған сол жексұрындардың әрқайсысының мойнында кешегіндей кептелісте жан үзгендердің қаны бар. Зауал жібермейді. Өздері күні кеше ауылдан шығып бүгінде алдындағыны көрмейтін қалге жетіп көзін шел басқан депутаттардың ұйықтап отырып қанша жалақы алатынын бәріңіз білесіздер. Бай-бағланның бәрі де бүгінде әлеуметтік желіде отырады. Зекет беріп, сауап жасап, аяқ астынан қазақтық намысы оянып, ар азабы мазалап қап тап менің ұлыма заңды түрде баспана алуына себеп болып, көмектескісі келсе, мархабат! Тым болмаса, жандайшап жағымпаздары қазақ үшін осындай да пасық кедергілердің бар екенін жеткізіп жатса, ескерер, мәселе көтерер, жояр! Айтпақшы, "Тұрғын үй құрылыс жинақ" банкін жағалап тентіреп жүрген кілең қазақ екенін де қаперге алар... Приватизацияның кедергісіне тап болған менің балам неге қиналып, "прихватизацияның" пайдасына тойған жемқорлар мен ұрпағы неге кеңірдегін керіп кекіріп өмір сүруі керек?

Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер