МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰПИЯ АҚПАРАТ ЖАРИЯЛАНДЫ

1074

Қарағанды қаласында 4 мың оқушы 30 мың теңге көлемінде ақшалай көмек алды. Теміртау қаласының мектептері 28 мың теңге, Ақтас 14 мың теңгеден берді.

Қарағанды облысында биылғы оқу жылында тұрмысы төмен отбасылардан шыққан оқушыларға көмек көрсету мақсатында 1,4 млрд теңге бөлінді. Ол қаражатты Всеобуч деп атайды.

ВСЕОБУЧ деп тұрмысы төмен отбасылардың оқушыларына тегін тамақ пен киім-кешек, кеңсе тауарларына, лагерге бөлінген қаражатты айтады. Қаражатты жергілікті Мəслихат бекітеді. Всеобучқа мектеп қорының 1-ден 3-ке дейінгі пайыз қаржысы бөлінеді. Ақшаның бір бөлігі тегін тамаққа, бір бөлігі баланы киіндіруге беріледі.

Нұр-Сұлтан қаласында жеті мың оқушыға 30 мың теңгенің сертификаты берілді. Киім сататын бес дүкенмен келісімшарт жасалған. Ата-аналар сертификатымен барып, тек сол дүкендерден балаларын киіндіруі тиіс. Алайда ол дүкендердегі киімдердің размерлері келмей, ата-аналар наразылық танытты. Осы кемшіліктерді ескере келе, Қарағанды қаласының Білім бөлімі Всеобучты ақшалай беруге шешім қабылдады.

Осыған дейін осы мақсатқа бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын білмеймін. Всеобуч Үкіметтің 2008 жылғы нөмірі 64 Жарлығымен бекітілген әлеуметтік көмек. Жылда оқушыларды киіндіруге арналған қаражат тендер арқылы игеріліп келген. Тендерде кім төмен қаржыны көрсетеді, сол ұтып алып, сапасыз, бір киюге келмейтін, размері шақ емес киімдермен мектептерді қамтамасыз етіп келген дейді білетіндер. Биыл облыс әкімі Ерлан Жақанұлының араласуымен осы қаржыны тікелей ата-аналарға жеткізуге шешім қабылданды. Ата-аналар Всеобучқа бөлінген қаражатқа баланы өздері киіндірсін деген тоқтамға келді. Мәселе Қарағанды қаласы деңгейінде дереу шешімін тапты. Оған Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы Гүлсім Шәбденқызының жылдам шешім қабылдап, барлығына үлгеретін іскерлік қабілеті де негіз болды.

Дегенмен, облыс бойынша мәселе шешілмеген күйі қалды. Оған дәлел, аудандар мен қалалардың Всеобуч мәселесінде әртүрлі шешім қабылдап, кейбір аудандардың облыс орталығындағы жаңалықтан тыс қалуы. Мәселен, Қарқаралы ауданында Всеобуч үшін 10 мың, ал Нұра ауданы 9 мың теңге бөлуді жоспарлап отыр. Ақша тым аз, сұрақ көп. Бірақ бұл аудандар тендерден бас тартып, жаңа қадамға барды. Ал іргедегі Абай ауданы мен Қаражал, Жәйрем қалалары бұрынғыдай, мектептер киімді өздері береді деп шешкен. Тиіп тұрған Бұқар жырау ауданының бұл мәселедегі көзқарасын мүлдем білмейміз. Осы азғантай ақпараттың өзін мен тізеге салып, аудандардағы әріптестерге хабарласып зорға алдым. Себебі облыстық Білім басқармасының басшысы Иманғалиев мырза бір айға жуықтады, маған Всеобуч туралы ақпаратты бермей отыр.

Мен қабылдауына барған күні басқарма басшысы Абай ауданында Всеобучты Мәслихат 5 қыркүйек күні қарайды, сізге хабарлаймыз деген. Бүгін 17 болды, тым-тырыс. Егер журналист мен ақпаратты ала алмасам, қарапайым ата-анаға бұл ақпараттар қолжетімді ме? Әлде бұл ақпарат мемлекеттік құпия ма?

Жаңа оқу жылында Всеобучқа облыста 1,4 млрд теңге бөлініпті. Оны Президент Жолдауын талқылаған активте естідік. Ал, облыстық Білім басқармасының басшысы Иманғалиев мырза аудандар мен қалаларға қанша қаржы бөлінгені туралы ақпаратты қызғышса қорып әлек. Ақпарат жабық болса, күмән тууы заңдылық.

Облыстық білім басқармасының Всеобучке қатысты саясатында бірізділік жоқ. Мәселен, өткен оқу жылында Всеобучқа Абай қаласында 0,9, Жезқазған қаласында 2,9, Қарағанды қаласында 1,2 пайыз қаржы жұмсалған. Әр ауданның әлеуметтік жағдайы әр қилы ма? Неге бөлінетін қаржы жүйелендірілмейді, неге пайызы әртүрлі? Неге бір аудан киім береді, ал келесі аудан ақшалай береді?

PS:

Всеобучты тұрмысы төмен кез келген отбасының оқушысы алады.

Жалақы мен жәрдемақыларды қосқанда отбасының табысы əр мүшесіне шаққанда 29698 теңгеден аз отбасылардың əр оқушысының Всеобуч алуға құқы бар. Əр оқушыға жеке құжат тапсырылады.

Мектеп-интернаттардың оқушыларына Всеобуч қарастырылмаған.

Всеобучқа тапсыратын құжаттар тізімі:

1. Ата ананың жеке куәліктерінің көшірмесі,

2. Ата-ананың соңғы 6 айдағы табысы көрсетілген жалақы туралы анықтама,

3. ХҚО-дан жәрдемақы алатындығы туралы анықтама,

4. Әр баланың туу турлы куәліктерінің көшірмесі,

5. Егер жалғызбасты ана болса Ф- 4,

6. Егер, Атаулы көмек алса, алатындығы туралы анықтама,

7. Қаржы аударылатын банк карточкасы туралы анықтама.

Осы құжаттарды əркім өз мектебінің соцпедагогына тапсырады.

 

Ләззат ҚОЖАХМЕТ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер