Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Қымбатты отандастар! Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін бәріміз жүзжылдықтың ширек ғасырлық белесіне қадам басқалы тұрмыз. Биыл Алтай мен Атырау арасындағы барша жұрт тарихтың жаңа парағын бір мезетте ашады. Халқымыз екі жылдың тоғысар тұсын ізгі ниетпен, ерекше көңіл-күймен күтеді. Өткен күндерді саралап, ескі жылға баға береді. Арман-мақсатын айқындап, болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Бұл – нағыз отбасылық мереке. Сондықтан мен баршаңызға, ең алдымен, еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін болсын дегім келеді», - деді Президент.
Президенттің сөзінше, ұлу жылы ұлтымыз үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Түрлі саладағы реформалар жемісін бере бастады. Экономиканың жаңа бағдарын белгілеп, нақты шараларды қолға алдық. Өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамуда. Бірқатар ірі өндіріс орны ашылды. Инвестициялық ахуал жақсарды. Мыңдаған шақырым жол салынып, жөнделді. Еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді.
«Диқандарымыз мол астық жинап, қамбаны дәнге толтырды. «Таза Қазақстан» акциясының аясында қалалар мен ауылдар жаңаша келбетке ие бола бастады. Алғаш рет азаматтарымыздың орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетті. Өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Ұлттық қордағы қаржының бір бөлігі балалардың есепшотына түсті. Жүзден астам жаңа мектеп ашылды. Көптеген әлеуметтік нысан салынды», - деп атап өтті Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Парламент депутаттары қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша заңдар қабылдады. Сондай-ақ биыл біз еліміздің келешегіне айрықша әсер ететін өте маңызды шешім қабылдадық. Атом электр станциясына қатысты референдум өткіздік. Көпшілік бұл бастамаға қолдау білдірді.