Оңтүстік Кореяда 29 желтоқсанда Jeju Air әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ Бангкоктан Муан халықаралық әуежайына қону кезінде ұшу-қону жолағынан шығып, қоршауға соғылған. Салдарынан ұшақ екіге бөлініп, өрт шықты. Бұл туралы Қазақстанның осы елдегі елшісі қызметін атқарған, қазір Кореяда зерттеумен айналысатын Хангук университетінің профессоры Дулат Бақышевтен сұрап көрдік.
Бортта 181 адам болған, оның ішінде 175 жолаушы және 6 экипаж мүшесі. Өкінішке қарай, 179 адам қаза тауып, тек екі экипаж мүшесі аман қалды. Олар орташа және ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Жолаушылардың басым бөлігі Оңтүстік Корея азаматтары, сондай-ақ екі Таиланд азаматы болған.
Қазақстандық азаматтардың ұшақта болмағаны расталды.
Құтқару және тергеу жұмыстарына 720-ға жуық адам тартылды, олардың қатарында әуежай қызметкерлері, өрт сөндірушілер, полицейлер, әскери қызметкерлер мен жағалау күзеті бар. Апаттың нақты себептері тергеу барысында анықталады.
Оңтүстік Кореядағы ұшақ апаты авиация тарихындағы ең ірі қайғылы оқиғалардың бірі болып отыр. Тергеу нәтижелері толықтай жарияланғаннан кейін апаттың нақты себептері мен болашақта осындай жағдайларды болдырмау жолдары анықталады.
Ал осыдан 4 күн бұрын Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам тірі қалған.
Бүгінгі оқиғаға қатысты 2012-2018 жылдары Қазақстанның Корея Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болған, қазір де осы елде ғылыми зерттеумен айналысатын Хангук университетінің Орталық Азия кафедрасының профессоры Дулат Бақышевтен кеңірек білуге тырыстық. Бір айта кетерлігі ол да ұшақпен жолаушылап бара жатыр екен.
- Кореядағы ұшақ апатының алдын ала себебі қандай? Қандай версиялар айтылады?
- Муан – провинцияда орналасқан әуежай. Халықаралық әуежай дәрежесін алғанына да көп уақыт өтпеген. Жаңа рейс. Бәлкім, әуежайдың инфрақұрылымы, қызметтерінде кемшілік болған шығар. Ол жерде тәжірибе аздау дегенді корей БАҚ - тары айтып жатыр.
Алайда, мамандар қонуға бағыт алғанда ұшақтың моторына құстың енгенін білдіретін белгінің болғанын да айтуда. Сондықтан апаттың егжей - тегжейін сараптау қажет.
- Ұшақтың аэропортқа қонып, сосын соғылуына не себеп?
- Ұшақ жөнді, орнықты, яғни штатты режімде қона алмағанға ұқсайды. Сондықтан да әуе кемесі қонған күйі зымырап барып қоршауға соғылды.
- Бәлкім қисынсыздау сұрақ болар, Бакуден ұшқан ұшақ пен Кореядағы ұшақ апатының ұқсастығы бар ма?
- Екі апат арасында ешбір ұқсастық жоқ деген ойдамын. Әрине, мамандар, құрылған комиссиялар өз ойларын дәйекті түрде айта жатар.
- Бірақ, ең басты айырмашылық: бірінші жайт соғысып жатқа елде орын алса, екіншісі бейбіт елдің өз ұшағының өз жерінде үшінші тараптың араласуынсыз апатқа ұшырауы болып табылады.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Сымбат Наухан
«Адырна» ұлттық порталы