Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 желтоқсан күні апатқа ұшыраған Әзербайжанның AZAL әуе компаниясы ұшағының жолаушыларын құтқару кезінде ерлік, кәсібилік және азаматтық жауапкершілік танытқаны үшін бір топ қазақстандықты мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ақорданың мәліметінше, марапатталғандар арасында ТЖМ қызметкерлері, медицина қызметкерлері, полицейлер, Маңғыстау аймақтық электр желілері компаниясының және Ақтау халықаралық әуежайының қызметкерлері бар.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Маңғыстау облысы полиция департаментінің криминалисті Айбек Әлибаев «Айбын» II дәрежелі орденімен, Маңғыстау облысы Басқұдық ауылының №12 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Серікболат Оңғар – «Айбын» III дәрежелі орденімен, «Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасы» ШЖҚ МКК орталығының меңгерушісі Бақытжан Қойбеков және Ақтау халықаралық әуежайының медициналық пунктінің меңгерушісі Ирина Кочергина – «Құрмет» орденімен марапатталды.
Сонымен қатар, Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станциясының фельдшері Тимур Қисаев, Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар медицинасы орталығының дәрігері Оспан Оразбеков, Ақтау филиалының «Қазаэронавигация» диспетчері Ярослав Толстиков, Маңғыстау аймақтық электр желілері компаниясының шебері Нұралы Чопанов «Ерлігі үшін» медалін иеленді. Ақтау халықаралық әуежайы қызметінің орынбасары Бекболат Жұмағұлов және Маңғыстау облысы сот сараптамалары орталығының маманы Елдар Уразалиев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.