Жамбыл облысы Көкбастау ауылындағы Амангелді орта мектебінің 10-сынып оқушысы өз- өзіне қол жұмсады. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болып, кейін полиция растады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Halyqstan мәліметінше, 15 жастағы бала толық емес отбасынан шыққан. Ол алты баланың бірі болған.
Төрт жыл бұрын әкесі ұзаққа созылған аурудан қайтыс болыпты. Анасы балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп келген. Ауыл тұрғындары отбасы жайлы тек жақсы пікір айтқан.
"Бұл бала тәрбиелі еді, ешқандай агрессиясы немесе суицидке бейім мінез-құлқы байқалмаған", – деп жазады Halyqstan Telegram арнасы.
Құқық қорғау органдары суицидтің себептерін анықтауда.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің “Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу" бабымен сотқа дейінгі тергеу басталған.
“Оқиға орнына жедел тергеу тобы, - прокуратура, Білім басқармасының өкілдері, психологтар және Бала құқықтары жөніндегі уәкіл барды. Тергеудің объективтілігі мен жан- жақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қолданылып жатыр”, - делінген полиция департаментінің ресми хабарламасында.