Туған жер естеліктері

609

“Туған жер” шығармашылық байқауына қатысушылардың туындыларын парақшамызға жариялауды бастадық. Келесі келіп түскен туынды «Үздік мақала» аталымы бойынша Жаппарқұлова Ақерке Аятқызы.

 

Телефон: 8 702 649 56 51

Эл.почта: akerke.zhapparkulova@bk.ru

Туған жер туралы ойлай қалсаң, жүрек тебіренісін сөзбен жеткізіп айта алмаспыз, сірә. Мен үшін «Туған жер» сөзі жәй ғана сөз емес, оның астарында үлкен мән мен мағына астасып жатқандай. Әрбір адам баласы үшін туған жер өзіндік естеліктерімен жадымызда сақталады. Әрине жақсы жақтарынан. Себебі, осынау бір ұғымды айтқанда көптеген сәттер көз алдымызға келеді. Ол жердің әрбір тасы, сылдырап аққан суы, ауасы, аң мен құсы, бәрі дәл сол жердің, дәл сен туып өскен жеріңдікіне сай келместей көрінеді. Туған жердің қадір қасиетін кішкене кезімізде біле бермейтініміз әрине рас. Алайда өсе келе оның қаншалықты ыстық екенін біле бастайсың. Ондай кездері әрине бір жылап сықтап та аласың. Міне, туған жеріңнің қасиеттілігін де, қадірлігін де осыдан аңғара беруге болады. Менің ойымша, әрбір адам өзінің туған жерімен мақтануы керек. Болашақта осы өскен ортасына өз үлесін қосатындай азамат, патриот болып өссе құба құп. Ертеден келе жатқан «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген аталы сөзден де біраз нәрсені ұғынуға болады. Себебі, нені болсада өзіңнен, өз туып өскен жеріңнен бастау керексің. Кез-келген жер бетіндегі пенде үшін кіндік қаны тамған, әлдилеп аялаған, тәй-тәй басқызып жүргізген, құмы мен тасына аунатып өсірген туған жерін ыстық деп те айтпауы мүмкін емес... Әлбетте, кез-келген халықтың қара сөзбен өрнектеліп жазылған шығармалары да, әні де, жыры да халық әдебиетінде мол. Ежелден-ақ, ата бабаларымыз бала ес біле бастағаннан бала бойына патриоттық өлең-жыр, мақал-мәтел және де нақыл сөздер арқылы ыстық сезімдерін бойларына дарыта бастаған.

Қарап отырсақ, батырлар жырынан, аңыз-әңгімелерден туған жерге деген көп астарлы сөздерді байқап жатамыз. Мәселен айтар болсақ, «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Ит – тойған жеріне, ер туған жеріне», «Басқа жердің отынан, туған жердің түтіні артық», «Баланың өскен бесігі, кең дүниенің есігі», «Бақыр қазан қайнаса бәріміздің бағымыз, туған жердің әр тасы біздің алтын тағымыз», «Ер елінде, гүл- туған жерінде», «Атамекен-анаң екен, қысылғанда панаң екен», «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Өз елім, өлең төсегім» және тағы басқа көптеген айта берсең сөзің де жетпей қалатын туған жер бәріміз үшін де ып-ыстық болып қала бермек. Көптеген ақындар мен жазушылар туған жер туралы том-том кітап жазып жатады емес пе ? Мен де кітап жазбасам да қолыма қаламымды алып, өзімнің ата қоныс-алтын мекенім жайлы естеліктерді айта кетпекпін. Мен өзімнің туған жерімді қалай жақсы көретінімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Менің туған жерім Қызылорда облысы, Шиелі ауданы.Туған жерімнің топырағын да, тасын да, сарқырап аққан өзенін де, соққан самал желдерін де, сіркіреп жауған нөсерлі жаңбырын да, аспанның күркірегенін де, көкшіл аспанын да сүйемін. Өз туып өскен жеріміз туралы сөз қозғала қалса бірден әйгілі диқаншы Ы.Жақаев атамыз есімізге түседі. 1949 жылы және 1971 жылдары екі мәрте социалистік еңбек ері, 1946 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ал 1947 жылы өзіне бекітіліп берілген жер учаскесінің әр гектарынан 172 ц өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасаған. Қазіргі кезде көше, облыс, орта мектептерге есімі берілген. 1982 жылы Шиелі ауданында Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи -өлкетану мұражайы өз жұмысын бастаған болатын. Сонымен бірге ақын, композитор, әнші- Нартай Бекежановта Шиелі өңірінде дүниеге келген. «Сараң байға», «Мырзалық емес», барымта әмеңгерлікті әшкерелеген «Жесір дауы», «Толқын» және де «Нартай сазы», «Өсиет терме» әндерін шығарған болатын. «Құрмет белгісі» орден, медальдарымен , Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің грамотасымен марапатталған. Қазіргі таңда Нартай Бекежанов атындағы драма театры жұмыс жасайды және де есімі «Нартай» ауылы деп ауылдарға берілген. 1940 жылы үш айлық тракторшылар курсынан өтіп бірінші болып тракторға отырған әйел адам- Шырынкүл Қазанбаева . 1966 жылы есімі Қазақстанның Алтын кітабына енген болатын. Бірнеше мәрте Еңбек Қызыл ту орденімен және Социалистік Еңбек ері медальдарымен марапатталған. Тағы да айта кетпеске болмайтын механизатор, тракторшы- Жадыра Таспамбетова. Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің депутаты болған, Қазақстан Ленин комсомол сыйлығының лауреаты және Еңбек Қызыл ту орденінің иегері. Ең алғаш еңбек жолын «Қызыл ту» ұжымшарында трактор, комбайн айдаудан бастаған болатын.

Міне, айта берсең ауыз толтырып айта беретіндей нар тұлғалар дүниеге келген. Сонымен қатар Шиелідей Киелі мекенді көпшілікке білім, ғылым жағынан таныта білген Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев. Физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің депутаты болған алдынғы буын ағаларымыз. Өз туған жерім жайлы айтқанда бұл кісілер жайлы айтпай кетпеу мүмкін еместей. «Дуадақ шөлін мақтайды, көкала қаз көлін мақтайды, кемеңгер елін мақтайды, дихан жерін мақтайды»,-дегендей туған жерім туралы мақтана да марқаяда жазып, айта аламын. Өз елін сүймеген адам еш нәрсені де сүйе алмайды деп жатпайды ма дана халқымыз. Қасиетті осы жерде білім нәрімен сусындатқан мектебім, балалық шағым өткен жерім бар. Бұл жер мені жылуымен, махаббатымен сусындатты. Егер менен сен не үшін туған өлкеңді сүйесің деп сұраса, мен ешқандай да мүдірместен Мұқағали атамыз айтқандай күн мен түнін, қыбырлаған жәндігіне дейін сүйемін дер едім. Себебі жусаны, күріші мен дақылдары. табиғаты мен самал ескен желі бәрі-бәрі мен үшін қымбат. Өз жерінің мерейін өсірген Жадыра мен Шырынкүл апаларымыз бен Асқардай асқақ ағаларымыз сияқты ұлдарын жаратқан ұлы мекеннің мерейін ары қарай болашақта мен де титтей де болса өсуіне өз үлесімді қосқым келеді. Ұлтарақтай болса да ата қоныс жер қымбат, ат төбеліндей болса да туып-өскен ел қымбат . Сондықтан да мен үшін туып өскен ат төбеліндей ғана туған елім ыстық. Қазіргі таңда өзім туып өскен жерімнің қадір қасиетін ұға бастадым. Осындай Егеменді Қазақстан жерінде дүниеге келгеніме қуаныштымын. Отаншылдық рухпен туған жерге деген махаббат сәуле шашып тұруы керек. Әр Қазақстандық өз елінің картасына көз салып, байтақ өлкесін, туған жерімен мақтан тұтуға міндетті. Әр біріміз үшін Отан ошақ басынан басталады: туған жер, туған көше, туған қала немесе мен үшін туған кент. Туған жеріңнің гүлденуіне өз үлесіңді қоса білсең, еліңде сені естен шығармайды. Олардың қалдырған ізін бүгінгі жас ұрпаққа танытып, үлгі етуге болады.

Сөзімді қорытындылай келе: Тарихымызғ көз салсақ, осындай ұлан ғайыр кең дала ата-бабаларымыздың асқан ерлігімен, қанымен жеткен. Адам баласына туған жер, ел, атамекен деген сөздер жүрегіне жақын ұғымдар. Әрбір адамның табан тірер туған жері болады. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға қарай жетелеп отырады. Дана халқымыз: «Әркімнің туған жері- Мысыр шаһары» деп бекер айтпаса керек.

Туған жер –әр адамның дүние есігін ашып, дүниеге келген жері. Табалдырықтан асқан тау жоқ, сол сияқты туған жерден биік тұғыр да болмайды. Іңгәлаған сәтіңнен іргелі тұлға болғанға дейінгі аралық – ешқашан қайталанбайтыны ақиқат. Бұлардың бәрінен шығатын сөз туған жердің, туған елдің қаншалықты қымбат екендігі деп ойлаймын. «Отан оттан да ыстық» деген дана халқымыз,адам баласының жүрегіне ең бірінші, ақ сүт берген туған анасына деген сезімі орын алса, екіншіден туған жеріне деген ыстық сезімі орын алады екен. Алдағы уақыттарда өз елімнің дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімді қосамын деп ойлаймын.

Пікірлер
Редакция таңдауы