БҰЛАҚ

185

“Туған жер” шығармашылық байқауына қатысушылардың туындыларын парақшамызға жариялауды бастадық. Келесі келіп түскен туынды «Үздік мақала» аталымы бойынша Жәнiбек ҚОЙТАЙ.

Байланыс телефоны: 381 – 70 – 74,

Ұялы телефон: 8 747 710 17 01

Эссе

Республикамыздың кiшкентай бiр нүктесiне бiздiң ауыл орналасқан. Аты - Көкдөнен. Шағын болған соң картаға түспеген. Бiрақ ол титтей болғанымен мен үшiн ең үлкен, қасиеттi жер. Бiздiң ауылда ауыз су тапшы. Тапшы болғанда мүлде су жоқ емес, бар. Әр үйдiң алдында құдық бар. Бiрақ суының дәмi кермек татиды. Оны бiз тек мал мен бақшаны суғаруға ғана пайдаланамыз. Ал ауыз суды үш-төрт шақырым жердегi тау етегiндегi бұлақтан аламыз. Осы бұлақтың суын үлкен ағалар су құбырлары арқылы көшелерге тартып берсе несi кетедi екен?! Бұл iске ақша жоқ, бұған қол ұшын беретiн бизнесмен ауылдасымыз да жоқ деп отырған үлкендердiң әңгiмесiн талай естiгенмiн. Осы әңгiменi естiгеннен кейiн мен сонау Мысыр елiнiң президентiне бiздiң ауылға су құбырын тартып, бiр cпорт алаңын салып беруге көмектесiңiз деп хат жазғым келдi. Неге, өзiмiздiң депутат ағаларға емес, сонау қиыр шеттегi президентке хат жазғым келдi дейсiз бе? Өйткенi ол кiсi кезiнде бiздiң ауылдың шетiндегi әскери училищесiнде оқып, ұшқыш деген мамандық алған екен. Қанша дегенмен үлкен, абыройлы кiсi, бiлiм алған жерiн ұмытпайды ғой. Оны бiздiң елдiң делегациялары барғанда: «сол жердi тағы бiр көрсем», - деп  айтқанын басылымдардың бірінен оқып едім. Бiрақ мен әлi хат жазған жоқпын. Намысым жiбермедi. Мүмкiн осы шығармамды оқыған үлкен көкелерiмнiң бiрi көмектесiп, бiздiң ауылға бiр спорт алаңы мен көшелерiмiзге су құбырын жүргiзiп берер.

Міне осы жағдайдан кейін есек арбаға немесе қол арбаға фләктерiмiздi артып, бұлаққа келемiз. Ауылдың бiзбен жасты бар баласының бiр мезгiл жиылып, әңгiме дүкен құрар тұсы осы жер. Осы жерде, тiптi, күш сынасып, күресемiз, жарысамыз. Кей кездерi әлiмжетiк жасағандардың кесiрiнен көз жасымызды бiр сығып алатын кездерiмiз де болады.

Бұлақ басы аз уақыттың iшiнде есек, фләг, шелек көрмесiне айналып кетедi. Ауылдың үлкендерiнiң бiрi бұлақтан су алу оңай болу үшiн оған тұрба орнатып қойған. Мөп-мөлдiр су күндiз-түнi тоқтамай ағып тұрады. Келiп, шелегiңдi тосып, құйып ала бер. Кей кездерi Ыбырай атамыздың «Болсаң осы бұлақтай бол!» дегенi бiздiң осы бұлақты көрiп айтқандай көрiнiп кетедi. Мұнда шелегiң тап-таза болуы керек. Әйтпесе дүйiм жұрттың алдында ұятқа қаласың. Осында тұрған барлық көз сенiң шелегiңе қадалады. Май тұтқан тұтқасын көрсе Жандос секiлдiлер:

- Ей, бедрең неге жуылмаған, тұр былай, ана құмға барып ысып, жуып кел! - деп кезектен ысырып жiбередi. Кезектi қойшы, ондайда қыздардан қатты ұялып, бүгжеңдеп барып өзен жағасындағы құммен ысқылап-ысқылап қайта келесiң. Содан кейiн су да жылт-жылт етiп, шелегiң де жылт-жылт етiп бұлақтан су аласың. Шелегiңдi тұрба аузына қойып тұрып оның тесiлген жерiн апаңның мақтамен тығындап бергенi есiңе түседi. Ондайда ыдысыңның түбiн қолыңмен байқатпай бiр сипап өтесiң. Жандос секiлдiлер көрмесе екен деп ойлайсың. Ол көрсе мақтаны суырып, дүйiм жұрттыың алдында тағы да ұятқа қалдырады. Өзiнiң есегi де, арбасы да - зың. Содан кейiн ғой, өзгенiң жыртық, жамауына шекесiнен қарайтыны. Бiрақ онысын:

- Ауылда бәрi әдемi болуы керек, басқа елдермен қатар тұра қалғанымызда есегiмiз де, шелегiмiз де, фләгiмiз де тап-таза болғаны дұрыс, - деп ақыл айтады. Оны бiреу қатарға тұрғызып орын берiп жатқандай. Мен дау айта алмаймын. Өйткенi есегiм кәрi, арбаға жеккенде мүләйiмсiп, сүмiрейедi де қалады. Қарап тұрып жаның ашиды. Сонысына қарамай өзге есектердi көргенде көзi жайнап, ақырып-шақырып, бұлақ басын азан-қазан қылады. Шелегiмнiң де қабырғалары ойқы-шойқы қабысып қалған. Малға құдықтан су алып беремiн деп жүргенiмде соғылып, қиқы-жиқысы шыққан. Фләгiм де тесiк. «Затқа обал болады» деп апам тастатқызбайды. Iштей қынжылғаныммен, Жандосқа кей-кейде мен де бой бермей кетемiн. Екеумiз «Менiң атым Қожадағы» Қожа мен Жантас секiлдiмiз. Көштiң басына шығайын деп тұрған ауылымызды керi тартып тұрған мен секiлдiмiн. Менiң есегiм де ұнамайды оған.

Арбамызды сықырлатып ауыл iшiне кiргенде дауласқанымызды ұмытып кетемiз. Бiздiң ауылды кесiп өтетiн ұзын жолмен неше түрлi автобустар зу-зу етiп өтiп жатады. Сол автобустардың терезесiнен небiр әдемi қыздар бiзге тiлiн шығарып, мазақтап өтедi. Бiз есегiмiздi қақпалай жүрiп сайқымазақтанып, оларға жауап берiп жатамыз. Өз сөзiмiзге өзiмiз мәз боламыз. Әйтпесе тұсымыздан зу ете түскен автобустағы қыздар бiздiң сөзiмiздi естушi ме едi.

Маған сабаққа бармай өстiп су тасып жүрген сондай ұнайды. Жылт-жылт еткен бұлақтың басында жылт-жылт еткен шелектерге су құйылып жатқанда қарап тұршы. Айналаға әдемi бiр сәуле шашылады. Сол сәуле сенiң iшiңе кiрiп, жылжып жүрек тұсыңа келгенде өз-өзiңнен қуанып, қуаттанасың. Мұндай кезде жек көретiн Жандостың өзiн құшақтап, маңдайынан сипағың келедi. Ондай сәуле бiздiң бұлақтан, бiздiң ауылдан бүкiл әлемге, кең байтақ елiмiзге тарап жатқан секiлдi көрiнедi де тұрады. Сондықтанда ауылым қаншама кiшкене болып картаға түспегенiмен, өз елiмнiң кiндiгi осы ауыл сықылды болып көрiнедi де тұрады.

 

 

 

 

 

Пікірлер