Біздің жақта күн ұзақ

428

 

“Туған жер” шығармашылық байқауына қатысушылардың туындыларын парақшамызға жариялауды бастадық. Келесі келіп түскен туынды иесі «Үздік мақала» аталымы бойынша Айзат Жолдасова.

Мен туған өлке Мұзтау емес, бірден айтайын. Баукеңнің Жуалысына да ұқсамайды. Бірақ Мұқағали туған топыраққа жақын. Шоқан Қашқарға сапарында біздің ауылды басып өткен. Лағманымен әйгілі Жаркент, оның ішінде – Пенжім. Иә, сізде таңырқаған тәріздісіз. Ауылымның аты – Пенжім.

Көне көз қарияларымыздың әңгімесіне сүйенсек, «Пенжім» атауы «Бес балық» деген мағына береді. Бұрындары Қытай асқан қазақтар елге келсе, бес көл бар екен. Ашқұрсақ адамдар бес көлден балық аулап, күн көріпті. Жер-жерге «Бес көлден балық жеп, етек-жеңді жинадық» деп хабар таратыпты. Содан көршілес ауыл-аймақ мекенді «Бес балық» деп атапты.

Кейіннен ауыл аты «Пенжім» болып өзгерген. Қазанкөл мен Алтынкөлдің арасында орналасқан өлкеде, кілең жасыл орман болыпты. Ел қоныстана бастағаннан-ақ ағаштарды кесу басталыпты. Бүгінде ағаш жоқ емес. Алматыдан қайтар жолда, біздің жаққа көз жүгіртсеңіз, жап-жасыл орман ба дерсіз. «Алла Алматы облысына сұлулықты аямай берген» деген тұжырымға көзіңіз жетеді.

Менің мекенім атамның күлкісіне ұқсайды. Ауыл тұрғындарының біртұтастығы қайран қалдырады. Атамның күлкісіндегі бөлек болмыс – біздің ауылдың келбеті сияқты. Бір көшеде тұратын қауымның бір үйдің баласындай етене жақын болуы – мереке. Мейірімге толы көзқараспен, қамқорлықпен қарауы – ерекше. Мұндай тіршілікті бақылау кез келгенге бұйыра бермейтін бақыт.

Ауылда өзге ұлт өкілдерімен аралас-құралас тұрамыз. Көпшілігі ұйғыр халқы. Атамның күлкісіндегі қайталанбас құбылыс, өзге ұлтқа өз тілінде қалжың айтып, ана тіліңде жауап алғандағы сүйсінгенің тәрізді. Сондай риясыз әрі пәк.

Менің өлкем апамның келбетіне ұқсайды. Қарап тұрсаңыз халқы да апамның жүзіндегі мейірімдей шуақ шашады. Апамның әжім шалған жүзі біздің ауылдың қисық-қыңыр жолдарына сияқты. Тік екі қасы мен сүйкімді ерні мектепке барар көше мен әкімдік жақтың жолы секілді. Көзінің күлімдеп тұратыны, тек мектептің айналасында ғана өсетін раушан гүлдер тәрізді. Апамның бет ажары өзі көне болса да, әрі таймаған 1962 жылы салынған клубымыз іспетті. Жасы келген сайын қарияның жанына жуығысы келмейтін келіндер бар. Соларға ұқсап ауылдан көшіп кеткендердің қатары көп. Себебі, ауылда жұмыс жоқ. Бірақ...

Жаныңа жылулық сыйлайтын сәттерге толы мекен әрбір адамның жүрегінде. Қаншалықты жырақта жүрсеңде, санаңдағы естеліктер

өрнектелген өлкемен бірге тыныстайтындай күй кешесің. «Ауылдан алыстаған сайын, жақындай түсесің». Менің студент кезімде ойлап тапқаным. Өйткені, Жаркент пен Алматының арасы тым қашық көрінетін. Сағынатынмын. Сөйтіп, Жаркент жайлы оқығанды, ізденгенді әдетке айналдырдым. Ауыл тіршілігін есіме алып, жиі ойланатынды шығардым.

Демалыста ауылға келсем, ерте тұру дағдыға айналады. Таңсәріде жерге кілем төсеп, самауырдың шәйін ішкенге не жетсін?! Алматыда өліп кет 6-да ояну қайда?! Ауылда таң мен тау үйлесімін көруге аңсарым ауады. Таңғы, түскі, кешкі шәйді самауырға қою жеңешем үшін жұмыс. Қабағы ашылмайды. Оған салса, газдың шәйі – жан тыныштығы. Апамдар келіннің қабағына қарап, қоя салады. Мен болсам, келіп алып заң соғамын. Келіннің міндеті – шәй қою , қазан-ошақ жағу, тағысын тағылар. Жақтырмай қарайды. Жәрайды. Бастысы, апам мен атам үш ай жаз терлеп-тепшіп шәй ішіп, жер қазаннан дәмді ас ішсе болғаны.

Қарап отырсам, соңғы кезде ауылдан ауыл күйі кеткен. Баяғыдай жер ошақтан тамақ жеп, самауыр түтіні шығатын үй аз. Қыста мұржадан шыққан түтін тіпті тыстағы адамның жанын жылытады емес пе? Сыртта ойынның туын тігіп, үйге келгесін пеш жанында кітап оқу ғанибет қой. Жоқ, қазіргілерге олай емес. Жеңешем газ кіргізейік деп қиғылық салады. «Онда қала мен ауылдың айырмашылығы қайсы?» деп мен шығам. Әй, осы жеңешем «мына қыз демалысқа келмесе екен» деп ойлайтын болар, кім білсін...

Меніңше, ауыл – қазақтың рухани ордасы. Ойланатын, ес жиятын, жан тыныштығын табатын жер. Алма ағаштың түбінде жатып, келешегіңе жоспар құратын орын. Түнде жұлдызға қарап, «менің жұлдызым жоғары» деп күлімдейтін кеңістік. Ішкі әлемің күйреп, жаның қиналғанда – қоспасыз дәрі.

Кейде ойланамын, ауылға газ келіп, қала кейпіне енудің не керегі бар? Оданда ауыл мен қаланың арасын жақсы жолмен жалғасын. Интернет жүйесін орнатсын. Шипажай мен қонақүй салсын. Ауыл әлеуетін көтерсін. Қалалықтар мұржадан шыққан түтінді тегіс жолмен іздеп келсін. Жаңа мектеп пен балабақша бой көтеріп, мәдениет үйлері жөндеуден өтсін. Ауылдың болмысын емес, сыртқы кейпін өзгертсін. Ауылдағы қазақы қалып пен болмыс бүтін күйінде қалсын.

Ұлы Жібек жолынының бойында орналасқан мекенде әлі де сауда-саттық жүйесі бұзылмаған. Аспан асты елінен әкелінген түрлі тауарды, Қазақстанның кез келген бөлігіне тасымалдау қолға алынған. Бұдан бөлек, ауылдың күн көріс көзі – жүгері мен бидай егу. Ерте көктемнен егіс басында жүрген әкеміз күзді үмітпен күтеді. Жүгері өткізу бағасы төмендемей тұрғанда орып алуды ойлайды. Баға да Алматының ауа райы сияқты

құбылмалы. Ерте орудың тағы бір себебі – техника. Күз – трактористер маусымы. Күні бұрын кезекке тұрмасаң, ауылдағы 5-6 трактор кімге жетсін?! Қыркүйек пен қазанда бәрі үлгерсе дейсің. Қарашаға қалса, қар астында қалады. Қар астында қалса, ойдағы бағаға өткізуді ұмытыңыз. Ойдағы бағаға өтпесе, күн көріс қиындайды. Осылайша, отбасында қаржы мәселесі туындайды. Әңгіме ақшаға тірелгенде арғы жағын бағамдай беріңіз.

Жұмыс жоқ. Жұмыссыздық – ХХІ ғасырдағы ауыл дерті. Отбасында келеңсіздік тудыратын фактор. Шіркін, ауылда сүт зауыты, тері өңдейтін орын, жүгеріден өнім өндіретін цех ашылсашы. Бұрын сүт зауытына ұқсайтыны болған. Апамдар жұмыс істегенбіз деп жыр қылатын. Сол іс қайта жанданса, біразының көзі күлімдер еді. Мал баршылық, тері өткізе алмай жүретіндер көп. Тері өңдейтін орын ашылса, екі қолға бір күрек табылатын еді. Мәкен ағаның әйелі 4 баласымен Алматы асып кетпес еді. Көрші үйде күнде ұрыс шықпас еді. 80-нен асқан көрші атамды аяймын. Қызық көрем ба деп жүргенде, құлағы тыншымайтын болды. Көріп жүрген қаншама жұп айырылысып кетті. Бәрінің қалайтыны – ақша. Жұмыс тапшы жерде ақша қайдан болсын...

Пенжім – менің достарым cекілді. Мені шексіз күлдіре алады, ағыл-тегіл жылата да біледі. Адамның айлап көрмесе де, жанында жүретін жандардан да артық көретін достары болады. Пенжім дәл сондай! Алматы сөз жоқ әсем қала – тура жаңа достар секілді. Бірақ Пенжім сенің бар сырың мен кемшілігіңді білетін – ескі һәм жақын досың.

Пенжімде әр маусым өзінше әсерлі. Қыста мұржадан шыққан түтінге қарап, кеудеңе шырақ жағылады. Көктемдегі жайма шуаққа бөленген ауыл көрінісі тіптен керемет. Қаланың көктемі мұндай әсер сыйлай алмайды. Бір қызығы сағат тілі ақырын жылжиды. Тіпті өтпейтін секілді. Уақыт әр минутыңды бағала деп үн қататын тәрізді. Бұрындары мен бұған назар аудармайтынмын. Артынша түсіндім. Жүрісі азан-қазан Алматыда өткізген уақыт сені жылдамдыққа үйретеді, ал менің мекенімде сабырлы болуға, байыптылыққа үгіттейді. Күн-Ана Пенжім халқын қимай қоштасады. Көңілі ақ, жүзі мейірімге толы адамдарды кім жақсы көрмесін? Сондықтан біздің жақта күн ұзақ. Әрі тыныштық өлкесінде күн тым ыстық. Пенжімге деген махаббатының өлшемі – 40 градус. Ал жолдар...

Жолдар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай бөлініп жатады.

Жолға шыққан әр пенжімдік туған өлкесіне жеткенше асығады датұрады, асығады да тұрады...

 

Пікірлер