Туған жер – алғашқы махаббатым!

413

“Туған жер” шығармашылық байқауына қатысушылардың туындыларын парақшамызға жариялауды бастадық. Келесі келіп түскен туынды «Үздік мақала» аталымы бойынша Макатова Аягоз Артурқызы

 

Байланыс номері: 87472765987

 

 

Аққу көлің аңсайды,

Адам туған жерің аңсайды.

Сен дүние есігін ашқан сәттен бастап, сенің туған жерің, туған тілің, мәдениетін, ұлттық ерекшеліктерін алдын-ала таңдалып қойылады. Яғни, сенің өмірінің алғашқы кірпіштері қалана бастайды. Расында да, осы сәттен бастап, бізге өмірдің өзі сыйға тартқан киелі де қастерлі жер – «туған жеріміз» атты ұлы ұғым өмірімізге ене бастайды. Біріншіден, біздің шежіремізді жазған кезде, кейін куәлік жасатқан сәтте, оқуға түскенде т.б уақыттарда осы «туған жер» ұғымы тарихымыздың көрінісі ретінде сақтала бастайды. Сенің шыққан жерің, яғни туған жерің өзгелерге сенің кім екенінді танытады. Мысалға, «ұлы ағартушының, математиктің, әншінің жерінен екен, ұлы даланың баласы» сықылды ұғымдар тікелей туған жермен байланыста пайда болған. Оның да өзіндік мағынасы мен ерекшелігі бар. Бұнымен айтпақ ойым, туған жер ол тек сенің туған жерің емес, ол өзге де ұлы адамдардың туған жері, ол магнит секілді өзіне тиесілі адамдарды бір жерге жинайтын күш сықылды. Дәл осы туған жер арқылы сен өз еліңнің тарихын танисың, өзінің болашақ тарихынды қалайсың! Сенің туған жерінде өмір сүрген ұлы адамдарға қарап бой түзейсің, мақтан тұтасың, олар секілді өзіңде үлкен белестерді бағындыруға жігер мен қуат жинайсың. Сенің биік жетістіктерге жетуіне, дұрыс жолға түсуіне, алға қарай нық қадам жасауына туған жер өзіндік үлес қосып, мүмкіндік береді.

Туған жер анаң сияқты. Құшағы кең, мейірімі мол, жүрегі сүйіспеншілік пен махаббатқа толы. Сенің шаттыққа толы кездерінді, балдаурен балалық шағының жарқын күндерін сыйлайтын ыстық сезімге толы жер. Бұл жерде өткізген әр сәтін саған қуаныш сыйлайды. Ия, туған жер әр түрлі болады. Мысалы, ауылдық жер, таулы, үстіртті, теңіз жағасындағы қала т.б көптеген жерлер басқа біреу үшін туған жер болмақ. Біз оны таңдай алмаймыз. Керісінше, туған жер бізді таңдайды. Сенің басқа қалада дүние есігін ашып, өзге қалада ер жетіп, білім алып өсуін мүмкін. Сол сияқты басқа жерде демалуын, жұмыс жасауын, білім алуын ықтимал, алайда өз туған жерін өзге жерлермен теңесе алмас. Себебі, ол сені таңдады, сен туған жерден кетсең де, ол сені тастап кетпейді.

Менің туған жерім – Қостанай ауданының Московский деген ауылы. Бұл жерде ең алғаш шырылдап дүние есігін ашқан болатынмын. Алайда, отбасымызда маған «бұл сенің туған үйің» деген сөздер көбірек айтылғандықтан болар, құлағыма сіңіп кеткен соң, туған жерім дегеннен гөрі туған үйіме деген махаббатым бөлек екені анық. (Себебі, емханада емес, дәл осы үйде туған болатынмын). Қазір туған жерімнен жырақтамын, Қостанай қаласына, орталық көшелердің біріне отбасымызбен бірге көшіп келдік. Шын айтсам, ауыл мен қала арасы 40 шақырымдай, бір сағат, жеңіл машинамен жарты сағаттық жер. Көшіп келгенімізге биыл екі жыл болды. Алайда, сол екі жыл аралығында басымнан өткерген сезімдерді сөзбен айтып жеткізу қиындау. Шынында да, өз туған жерінді аңсайды екенсің. Сағындым....

Туған жер, бұл сөздің түптің түбінде қандай мағынаға ие екен деген сауал туындайды екен осы сәттерде? Бұл сауалға сен бірден жауап таба алмасың анық. Ия, сенің кіндік қанын тамған жер екені, сенің доп теуіп, асыр салып ойнаған, қуанған сәттерің мен қиналған кездеріннің куәсі болған жер деп жауап қайтарамыз көбіміз. Әйткенмен, туған жердің шын қадірің жырақта болғанда түсінесің. Осы кезде сенің бойында өзгеше сезім пайда бола бастайды. Бұл сезімдерді мен алғашқы махаббатқа теңер едім. Ия, туған жерім – алғашқы махаббатым! Сенің жүрегінде орын алған ыстық әрі ғажап сезім. Сен өзге елге кету арқылы, сен өзге тілде сөйлесу арқылы, сен өзге ұлтпен қарым-қатынас жасап, өзге жердің ауасы мен құмында жүру арқылы туған жердің негізгі ұғымын, мағынасын түсіне бастайсың. Дәл осы сәттерде ғана туған жеріне деген махаббаттың қандай екенін саралай бастайсың. Неге екенін білмеймін, өзге заттың қадірің білу үшін одан жырақта болуың қажет екен, сонда ғана шын ақиқатты танисың. Алғашқы махаббат сезімі сияқты саған сағыныш, өкініш, уайым, қуаныш, шаттық пен бақыт сезімдерін сезіндіреді. Ия, жырақта жүрсең аңсайсың, іздейсің бір жұтым болса да ауасын жұтсам екен деген күй кешесің. Бұның барлығы қалыпты, дұрыс. Уақыт өткен сайын, барлығы өз орнына келіп, бұған да үйренесің. Бірақ та, туған жер – ол туған жер болып қала бермек. Сен қай жерде дүниеге келесің, қандай ұлт боласың саған таңдау берілмейді. Сол сияқты, сен өмір есігін ашқан сәттен бастап, туған жер саған таңдау береді. Өзге жерге барсаң да, сені жазғырмайды, сені сағына күтеді, шыдамдылық таныта алатын - туған жер. Бүгінгі күні менің басымнан өткен сияқты, көпшілігіміз туған жерімізден жырақтамыз. Бұнымен туған жерімізді ұмытып, оны іздемейміз деген сөз емес. Барлығымыз сағынамыз, жақсы көреміз, оның гүлденуіне өз үлесімізді қосқымыз келетіні де анық. Жоғары да айтқан секілді, туған жер – алғашқы махаббат секілді, саған сүюді үйретеді. Саған махаббаттың ұлы күшін сезіндіреді. Сен сол күш арқылы, өлең, әңгіме, проза жаза бастайсың, тіпті көз алдыңа елестете отыра сурет те сала бастайсың. Жалпы айтқанда, саған рухани байлық сыйлайды. Сен оны мәжбүрлі түрде іске асырмайсың. Сен оны саналы түрде, сен қалағандықтан жасайсың. Сенің туған жеріне деген махаббатың бұны туындатады. Шыныменде, туған жерімізге не бере аламыз, не жасай аламыз деген сауалдар бізге мотивация береді. Нәтижесінде, туған жерінді құрметтеу, оған өз үлесінді қосу секілді міндеттерді жасай бастаймыз. Мысалы, мектеп кезінен бері өзіме қатты әсер еткен авар жазушысы Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным», «Дағыстан - сен маған анасың» шығармасы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Елім барда», Қадыр Мырза Әлидің «Туған жер» т.б шығармалар оқу арқылы, адам өмірінде туған жердің айрықша орын алатындығын дәлелдей түседі. Әр адам өзінің туған жерін мақтайтыны белгілі, сол сияқты оның сұлулығы мен табиғатын да жырға қосуы заңдылық. Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас деген аталы сөздің пайда болуы да осыдан болар.

Қорытындылай келе, туған жердің ұлаң ғайыр махабатты мен жазирадай дархан жеріне өз үлесін қосуға әркім кішігірім қадамдар жасаса ғажап болар еді. Мәселен, әркім өз отанының көрмеген керемет жерлерін іздесе, соған

уақыты мен ақшасын жұмсаса, содан кейін, қоқыс тастамай, айналадағы табиғатты жақсартуға, жолы мен суын тазартуға ат салысса. Тазалық сақтау тек арнайы жұмысшылардың жасаған еңбегімен бітетін шаруа емес қой? Туған жерімізді құрметтеу мен оны қорғау біздің нағыз патриот екенімізді көрсетеді. Өз еліміздің нағыз патриоты болайық!

Макатова Аягоз Артурқызы 1999 жылы 2 шілде күні Қостанай облысы, Қостанай ауданының Московский ауылында дүниеге келген. Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің филология факультетінің «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3 курс студенті. Республикалық дарынды студенттердің «Жас қыран» атты кітап жинағына енгені үшін «Жылдың үздік студенті» төсбелгісімен марапатталды.

 

Пікірлер