Жамбыл облысы жасыл энергия бойынша көш бастап тұр

1582

Еліміз жаңартылатын энергетика үлесін 2020 жылға қарай 3, 2025, ал 2030 жылға қарай 10 пайызға дейін жеткізу мақсат етіп отыр. Сондай-ақ, 2050 жылға қарай жалпы энергия тұтынудың кем дегенде жартысы жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесінде болуы тиіс

Осы мақсатқа жету жолында Жамбыл облысының Шу ауданында инновациялық жоба қуаты – 100 мегаВатт. болатын күн электр станциясы салынып жатыр. Инвесторлардың көмегімен іске асып жатқан аталған жоба еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі электр энергия тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталып, шамалы жұмыстары қалды.

Жоба жетекшісі Джордж Диабтың айтуынша, күн электр станциясының жалпы құны 61 миллиард теңгені құрайды. Сондай-ақ ол құрылыста 60 жергілікті тұрғын жұмыс істеп жатқаны, ал іске қосылғанда тағы 20 адам жұмысқа тартылатынын айтты.

«Құрылыс жұмыстары Алға ауылдық округінің іргесіндегі 500 гектар жерде жүргізіліп жатыр. Станция көлемі Шу секілді 4 ауданды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге қауқарлы. Бір сөзбен айтқанда жобаның өнімділігі жоғары станция толықтай автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Жел, қар сияқты табиғи құбылыстардан өзін қорғай алады. Қазір ең күрделі жұмыстар аяқталды. Тек модульдерді орнату ғана қалып отыр. Барлық желі жер астымен жүргізілген. 25 жылға дейін үздіксіз қызмет етеді. Жыл соңына дейін іске қосамыз. Соңғы үлгідегі қондырғылар Еуропа, АҚШ және Қытайдан әкелінген. Қазір оларды орнату жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оған 250 адам тартылған. Жобаның ерекшелігі арнайы тақтайшалар таң атқаннан бастап күн батқанға дейін күнмен бірге айналып тұрады. Бұл өнімділікті бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Мұнда 350 мыңнан астам күннен қуат өндіретін модульдер орнатылады», – дейді Джордж Диаб.

Шыны керек, өзге өңірлермен салыстырғанда Жамбыл облысы баламалы – энергия көздерін пайдалану жағынан көш бастап тұр. Елімізде жаңартылған энергия көздерінен қуат өндіретін 59 нысан болса, оның 43 пайызы Әулиеата өңірінде іске асырылып жатыр. Қазір аймақта күннен, судан, желден қуат өндіретін 10 станция тұрақты жұмыс істейді. Бұл нысандарда өндірілген қуат облыс тұтынып отырған энергияның 36 пайызын қамтуға жеткілікті. Ал, 2023 жылға дейін тағы 25 жобаны іске асыру көзделіп отыр.

  «АДЫРНА»

 ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы