Өз кітабымды қалай жазсам екен?!

1290

Бағила бала кезінен "əке" деген ауыр атты арқалап жүрген үйіндегі жалғыз азаматты жақсы көретін һəм жек көретін. Жек көру мен жақсы көрудің арасы бір-ақ адым екен ғой. Иə, əкесі құрбыларының əкелері секілді бай-бақуатты, көзі қарақты, көңілі шырақты, білімге ден қойған, ауылға қадірлі азаматтардың санатынан емес. Байлық пен білімді былай қойғанда бар тапқан-таянғанын үйіне таситын, бір кəмпит болса да бала-шағасына əкелуге алып-ұшып тұратын əке де емес-тін. Бағиланың əкесі - Кеңес Одағының заманында 4-ақ класс оқыған, дегенмен өзі оқудан мақұрым қалғаннан кейін бе қызына "оқы" деген үш əріптік сөзді аузынан иіс мүңкіп тұрса да, дел-сал күйде жиі айтатын. "Иіс" дегенім баяғы талайды əбігерге салған спирт деген сұм атау. Спирт деген - өзі сұмдықтардың сұмдығы екен ғой. Бағиланың осы тұста тым болмағанда əкем "арақ" ішкенде ғой деп кеудесін өлексе өкініш кернейтін еді. Себебі арақтың спирттен жарасы жеңілдеу. Спирттің ішіне бір тамшы суда қоспай, ауызға түгелімен құя салғанда, аузы қалай күймей қалғанына таң қаласын. Желайдардың, Бағиланың əкесін айтам, атының өзі айтып тұрғандай арақтың исі қайда айдап барса, сол жақтан бірақ шығатын. Қысқасы, бір ай ішсе, екі күн саудың ар жақ бер жағы еді. Онда да бір айлық спиртті көтере алмаған əкесінің ағзасы, 2-3 күндей демалатын. Ал демалғанда дүниеде Желайдардан артық адам жоқ дерсің. Таңертенгі шайын дайындап, Бағиланы еркелетіп тұрып, өзінен аумайтын томпақ танауынан қысып-қысып оятатын.

Бұндай жылылықты көптен сезінбеген Бағила да нəзік аяқтарын имене басып, төсектен керіле созыла тұратын. Шəйден кейін əкесі мен анасы ахілеп, үкілеп сабағына шығарып салатын. Бұл отбасыны алғаш рет сырттай көріп тұрған адам "недеген бақытты үй" деп таңдай қағатындай еді. Əйтсе де бұндай күннің дəурені ұзаққа созылмайды. Бүгін тағы да ит-сілекпесі шығып, спиртті сіміріп кепті. Келгенде де тыныш келе салса мейлі ғой, жақында ғана үйге деп сыйлыққа келген қымбаттау тұратын форфор шыныдағы ыдысты, ауылда жиі кездесе бермейтін магнитафонды, "Бағиламыз киім етіп тігіп киеді-ау", деп анасы көздің қарашығындай сақтап жүрген, көргенде қос жанардың жауын алатын пүліш матаны Желайдар бар болғаны бір литрлік спиртке ауыстыра салған. Ойлаңызшы, бір-ақ литрге. Бұл əрекеті енді Бағиланың зығырданың қайнатты. Ал анасы, анасы не? Анасы бұндайға көндіккелі қашан... Көндікпегенде əсте жындыханадан бір-ақ шығар еді. Онсыз да анасының Желайдарды санамағанда бір басында үш иті бар. Гайморит, Радикулит, Гастрит...Жүйкесін тоздырып, ауру үстіне ауру жамағанша осы үндемес күйін өзі де құп көреді. Ал Бағила бойжетіп қалған қыз емес пе? Намыс қысты ма, ашу қысты ма əйтеуір түпкі бөлмеге еңірей жүгірген күйі етбеттеп жата қалды.
Түннің іргесі сөгілгенде бөлмесінен ентелей басын шығарып ; "анашым, анашым көзім ісіңкіреп кетті ме?"деп аңтарыла қарады. Анасы қарады ма, жоқ па, əйтеуір қақ соқпен ісі жоқ адам болғасын, "жоқ" деп жауап қайыра салды. Бала емес пе? Мұнысына өзі де разы.
"Қанша жыласам да сұлулығыма сызат түспейді" деп өз көңілін өзі көтеріп қояды. Бір жағынан айна алдында еркелей құлаған кекілін қайта-қайта тарап тұр. Өзінің үні де мақпалдай жұмсақ. Əлгі поэтикалық ақындардың өлеңдерін оқуға жаралған жан секілді. Сыңғырлаған күлкісін айтсаңызшы... Үстел басында шампан құйылған шынылардың бір-біріне асығыс тигені секілді жаныңды қытықтап жібереді. Нəзіктігі нəзік болса да батылдығы, батыл болса да дəрменсіздігі Бағиланы өзгелерден ерекшелеп тұратын. Осынау бір артықшылығын сезгеннен бе екен, əлде бұл өмірде əлдекімді ұнатуға менің де қақым бар деген адам баласына тəн ойынан кейін бе екен, өзінен бір сынып жоғары оқитын аққұба жігітке көңілі құлаған. Мектепте бір-бірін көргенде Бағила балаң ернің болар-болмас екі жаққа тартқанда əлгі жігітте ықыласпен ұзақ қарап тұратын. Ақыры екеуі ара-тұра тілдесетін болды. Бірақ қыз бұрын-соңды мұндай күйді кешпегеннен бе, не айтып, не қойғаның білмей жүрегі жарылып кете жаздайды. Мектепке барғанша оны бүгін көрсем ғой деп Тəңірден тілеп, бір жағынан Құдайдан жігітті сұрап тұрғаны үшін өз ойынан өзі үркініп, əбден азаптанатын. Ал мектепке келген бойда көрмесем екен, алдымнан шығып қалмаса екен деген жадағау ойынан дереу айни қалады. Онысын балалыққа балайсын да қоясын. Өзінің де біраз аумалы- төкпелі мінезі бар. Қыршаңқы, қыңырлығын да жоққа шығара алмайсын. Бірақ, бірақ ғашықтықтың кермек дəмін татқалы "Əке" деген ауыр азабының бары да соңғы кездері ұмытылып келеді. Бағила əкесін "солай болуы керек" деп абстракті дүние ретінде қабылдап, жеңіл өмір сүру сатысына көшкендей.

Кешқұрым, сабақ қарап отырып, еріксіз жымиған жүзін қақпаның тарсылдап тұрып қағылуы бұзды. Əкесі жиі жоқ болғасын Бағила үйде өзі би, өзі қожа. Ал анасы тұрмыс-тіршілік жуасытқаннан кейін бе, көп тіршілікке білек сыбанып кіріскісі келмейтін болған. Сол қожалығымен Бағила "Кімсіздер?" деп далаға атып шықты. Қақпаны сəл ғана ашып қалып еді, батпаққа құлаған жұлым-жұлым, кіші дəреті киіміне өтіп, өлексе иіс мүңкіп тұрған өзінің əкесін көрді. Онсызда қызының көз алдында бір тамшыда абыройы қалмаған əкенің, бүгін дəрежесі он, жоқ он бес сатыға түсті де қалды. Бағила болса əкесін көрді де танадай көздері шарасынан шыға жаздады. Дəл осылай Бағила ешқашан, естисіздер ме, ешқашан қорланып көрмепті. Жəне сол əкесін мектебіндегі бір топ баланың көтеріп үйге əкелгенің байқап тұр. Əлгі бір топ бала доссымақ болып тұрғанымен ертеңгі күні дүйім жұртқа жаятын барып тұрған есерсоқтардың нағыз өздері екенін іші сезеді. Онымен қоймай арасында өзі ұнататын ер жігіттің барын көзі шалып,
-Неге əкелесіңдер? Деп өкпелеңкіреп үн қатты.
- Неге əкелгенің қалай, недеген жүрексіз едің?
-Жүрек жайлы сендер ақыл айтуларын қалып еді- деді де, "сіз үйден қателестіңіз" дегісі келгендей кібіртіктеп біраз тұрды да, есікті тарс жапты. Қақпа сыртынан "Қандай болса да, өз əкең ғой" деген ырду-дырду сөздер құлаққа еміс-еміс естіліп жатыр. Бағиланы ұят пен намыс қатар қысып, қос қолымен құлағын жапқан күйі үйіне жүгіріп кіріп кетті. Бұрын əкесін аяп үйге кіргізуші еді, осы жолы иттің етінен жек көріп барады. Далада қалса, қалсын деп өз-өзіне кесіп айтты. Бір жағынан əр шетінің топырағы үгітіп жатқан, жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, тоз-тозы шыққан, жапырылған үйін көріп қоя ма деген уайым да жаның жегідей жеп барады. Сөйтті де есікті құлттап алып, терезе алдында қараған бойы сүлесоқ күйде таң атырды.

Құлдырау деген осы шығар. Жарық дүниемен қоштасуға талай рет бекем бел буып, кейіннен өмір тəтті боп көрініп кететін. Шын мəнінде өмір тəтті ме? Оның дəмін əркім əртүрлі сезінеді делік, ендеше тəттілігін сезіну кімдерге бұйырар бақ? Ащылығы ше? Ал дүниеге өмірдің тəттілігін көру үшін ғана топ ете қалатындар ше? Олар дүниеге келмес бұрын кімге қандай жақсылығы өтіп кетіпті? Осы сынды сансыз сұрақ алқымнан алып жүріп, мектептегі күндері өз мəресіне жетті. Əлгі өзі армандаған Алматыға да оқуға түсті. Əйтпегенде көрер күні ауылдың əкесі сынды бір данышпанынының алып қашу құрбанына айналатын да кететін. Сірə, Құдай аяп кеткен шығар. Бұл Бағиланың бар азаптан құтылуының бастамасы секілді көрінді өзіне. Бірақ алып шаһарға аттанарына əлі екі ай 21 күн қалды. Құдай-ау, ол дегеніміз 83 күн, 1992 сағат, 119520 минут қой. Бұның өзі оңайшылықпен өте қоятын күндер емес екені бесенеден белгілі дүние.

Бүгін Бағиланың ұйқысын анасы бұзды.
"Ойбай, ойбай мені неге аямайсыңдар осы? Менің не күнəм бар? Əлгі жарымес Желайдарды дұрыс таңдамағаным үшін бе? Бағила, əй, Бағила! Тұр деймін иттің қызы! Мені сен де жек көресің ғой, солай ма? Əкеңді маңдайыма жазған Тəңірді кінəлə! Біле білсен, сен қыз, мен басқаға шыққанда да бəрібір сен осы əкеңнен туылар едің!" дей бергені мұң екен "анашым, анашым" деп Бағила жерге жалаң тізесімен отыра кетіп, құшақтай алды. Анашым, мен сізді кінəламақ түгілі бұндай ойды санама да алып көрген емеспін. "Кешіріңізші, кешіріңізші" деп не үшін кешірім сұрап жатқаның білмесе де екі ауыз сөзді қайталай берді. Ішкі дауысы ғана "анашым неге ішесіз, енді сіздің ішкеніңіз қалай болғаны?" деумен болды. Осылай бір күн əкесі үйінде кəнсерт қойса, екінші күні анасы бастайтын. Дұрысы анасы да ұрттап алуды шығарды. Əйел затының, соның ішінде ананың сылқия тойып алуы Бағиланың жүрегін əбден қарайтты. Айқайлап та, жылап та, ақылмен де əкесімен анасына жетім болмаса да жетімдей өмір сүргеннің қиындығын барынша түсіндіріп-ақ баққысы келді. Əйткенмен түсінбейтін құлаққа шара бар ма?! Үш күннен кейін тозаққа да шыдауға болатынының дəлелдегісі келгендей, бірте-бірте бұл жағдай сүйекке сіңіп, ет үйреніп, көңіл көндігіп кететіндей дəрежеге жетті.
Арпалыспен 83 күн, 1992 сағат, 119520 минуты да өте шықты.

Бір сəтке Бағила үшін бар сұмдықтың бəрі бітіп, енді тек Зейнеп апамыз айтқандай "Шуақты күндер" күтіп тұратындай көрінуші еді. Оқудың Бағила анау айтқандай ауырлығын көре қоймаған соң қам-қарекет жасап, отбасына көмек қолын созуға тырысты. Жұмысқа үйреніп алғаны соншалық, жұмыс істемей өңешінен ас өтпейтін дəрежеге жетті. Əрине тапқан-таянғаның ата-анасының аузына салып беретін. Соңғы кездері қарттық қысқаннан ба, əлде Бағиладан ұялыңқырады ма ата-анасы алқаштықтан сəл ғана арылайын деген. Бұл қылықтарын өздері сырттан келген жауға төтеп бере алмағандай жеңіліске санайды. Мүмкіндік бола қалған жағдайда ұрттаудан алдарына жан салмайын деп тұр.

***
Алматы бұрынғыдан да көркейе түскендей. Алды-арты зипа терек. Əр көшенің қақ ортасында "мына мені көр" дегендей су бұрқақтар керіле майыса тұр. -Қарындас, деп дыбыстай қалсаңыз, құдды бір жерге тарс етіп құлап түсетіндей. Ал Панфилов паркінің ішінен бір топ қыздың қоңыраудың сылдырындай күліп, ара-тұра өткен кеткенді мысқылдап, əжуалап келе жатқаны көрінеді. Солардың ішінен көзге қызыл қырандай басылғаны үстіне қызғылтым лыпа киген Бағиланың жарқын-жарқын күлкісі. Бұрынғыдан да сұлулана түскендей. Бірақ бетінің екі бүйірі алыстан айқын көрініп, бетінің томпақтығы қараңдайды. Онымен қоймай қусиған сирақтары жүріп келе жатқанда япыр-ай, үзіліп түспегеніне қайран қаласын. Қысқасы, уайымнан ба, əлде тіршілікке белшеден батып жүргеннен бе қудай болып еті терісіне жабысып қалыпты. Көрген адамның аяушылық сезімін тудырарлықтай. Бағиланы сырттан бірден байқап қойған курстасы жымия амандасты да "əлгі сенің Бауыржаныңды көрдім. Шырттай болып киінген күйі, жылдам басып əлденеге бəлкім əлдекімге асығып барады. Өзі менімен екі ауыз əңгімелесуге жарамады" деп екіленіп, екпіндеп барып əрең тоқтады. Бағила сықылықтай күліп "Түүу, құрбым-ай! Осы сенің түймедейді түйедей, барды жоқтай ететініне таң қаламын бар ғой. Уайымдамаңдар, неке суын ішкелі жүріп, ондай ақылсыздыққа бармас. Тіпті барған күннің өзінде де онда шаруам не?" деп бір жұтынды да құрбысын көңілсіз қолтықтады. Кеудесінде əлдебір мұң, көкейінде əлдебір уайым бардай... Соңғы курсқа қадам басқан Бағиланың бойын дендеген қандай уайым екен? Бəлкім ауылдағы ата-анасын ойлап жүр ме? Жо-жоқ олар енді-енді адам санатына қосылып, көкірек көздері ашылып, ендігі қызының амандығы үшін өмір сүруге көшкен. Əйткенмен əлі де бетіне күле қарасан, көйлегіне жамау сұрайтынның кейіп-кеспірінде. Тіпті онысы дұрыс та. Бағила ата-ана алдындағы парызын барынша өтеп, олардың өміріне тек тəтті сəттерді қосуға əрекеттенетін. Əлде Бағиланың жаның жеген жігіт мəселесі ме? Дұрыс. Ана-а-у атам заманыңда-ақ, қыз біткеннің ұялаған уайымы, кеудеде меңдеген қорқынышы, жанының жалғыз жұбанышы, өмірінің ең бақытты күндері мен ең азапты түндерінің себепкері-жігіт. Құдай-ау, тіптен ақылы дариядай Айша бибі де, хас сұлу Баян да, қылықты Қыз Жібек де азаматым-ау деп құрбан болған жоқ па? Оның қасында Бағила кім? Оның да əлдекімді сүюге, жаны мен тəнің құл етіп матап беруге хақысы бар шығар. Түптеп келгенде дүниедегі əрбір адам баласы ғашық болып көруі тиіс. Мейлі, ол күнəлі болсын, күнəсіз болсын. Ал Бағила шын жүрегімен ұнатқан ер азаматын төрелердің төресі деуге келмейді. Не сымбатты да емес. Кеспелтек бой, шұнақ құлақ, шығыңқы қарын адамды тарта қоймайды. Жоғарғы білімі де жоқ. Осы күнге дейін жиған-тергені де аз. Бірақ Бағила үшін бар әлем еді. Ол енді ата-анасының қателігін қайталағысы келмейді. Бәлкім Бағиланың сүйген жігіті расымен біз ойлағандай жаман емес шығар. Бәлкім...

 

P.S Жаман дүниені ақ қағазға түсіру, тағдырға әсер етеді.  Сондықтан Бағилаға тек бақыт тілейікші...

 

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

 

Пікірлер