Тоқаевтың баспасөз хатшысы: Қытаймен араласпау мүмкін емес

356

ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаевтың Қытайға сапары жөнінде толыққанды мәліметтер беріп кетті,- деп хабарлайды adyrna.kz ұлттық порталы.

"Бұл сапар біздің елдер арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына үлкен ықпал етеді, жалпы сапар жемісті болды", - деді ол ОКҚ-да өткен брифингте.

- Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Ресей Федерациясымен, сол секілді ҚХР-мен де шекаралас. Бүгінгі таңда шекараның ұзындығы 1782 шақырымды құрайды. Көрші ел болған соң, аралас-құралассыз өмір сүру мүмкін емес, Қытай біздің көршіміз. Сондықтан біз бұл елмен стратегиялық ынтымақтастықты қалыптастыруымыз керек. Әрине, Қытайда технология жақсы дамыған және ол экономикалық даму жағынан екінші орында тұрған алып мемлекет. Мұндай дамыған көршімен араласпау мүмкін емес, - деді Берік Уәли.

- Біз Қытай мұнда келіп, өзінің идеологиясын, саясатын жүргізбейтінін жақсы түсінуіміз керек деп ойлаймын. Керісінше, күнделікті өмірде күн сайын жаңарып жатқан технология мен инновацияны енгізуге көмектеседі. Қытай Қазақстан жеріне көз салып отырған жоқ, олар біздің тәуелсіздігімізді мен территориямыздың бүтіндігін мойындайды. Олар Қазақстанға тек стратегиялық серіктесі ретінде қарайды. Олардың басты мақсаты – сауда-саттық. Осы сауда-саттықпен пайдаға кеңелуде, сондықтан олар әлемнің барлық елімен сауда-саттық жүргізуге мүдделі. Қытайдың басты мақсаты осы, - деп түсіндірді ол.

- Екіншіден, қазір бүкіл әлемде қытай инвестициялары үшін таласып-тартысып жатыр, тіпті дамыған елдердің өзі де қытай инвестициясына қол жеткізгісі келіп, алға ұмсынады. Біз олардың инвестициясынан басымызды ала қаша алмаймыз. Олай болмайды. Бізге даму үшін ол инвестициялар қажет, - деді ол.

Пікірлер