Қазаққа қауіп төніп тұр

481

Осыдан бірнеше күн бұрын, қазақтың маңдайалды тарихшысынан сұхбат алуға бардым. Көз алдыма  қазақтың түрлі мәселелері жөнінде емен жарқын әңгіме өрбітіп, қазақ тарихынан сусындап қайтқаным елестеп қоймады.  Кабинетке кірген соң әу дегеннен-ақ, өзге тілде сайрап қоя берді. Лепіріп келген қайран көңіл, лезде су сепкендей басылды.  Масқара, қазақтың тіс қаққан тарихшысы орыс тілді екен. Есіме Байтұрсынұлының «кім қай тілде сөйлесе, сол елге қызмет етеді» деген тәмсілі еріксіз түсіп, бір күрсініп алудан әрі аса алмадым.

Міне, осылайша орыстарға құшағымызды кеңінен ашып, тілін де, дінін де, банкісін де, кәсіпорнын да, қыл-аяғы басы-бүтін өзін де кіргіздік. Қытай десе қояндай қорқатынымыз рас. Алайда кешегі елімізге кіріп жатқан 55 зауыты Ресейдің қасында шыбын шаққан құрлы болмайын деп тұр. Неге дейсіз бе?! Демесеңіз де айтайын. «Қазақстанды Қытай басып алса Ресей әскери көмек береді» деген алдамшы үмітпен күн кешіп жүрміз. Соның арқасында Қазақстанда орыстың сіз бен біз біле бермейтін 7000 кәсіпорны тіркелген. Ал қазақ халқы солардың улы зауыттарының зардабын тартуда. Орыстардың "Руснефт", "Лукоил", "Газпромдарында" қазақтар тек жалшы бола алады. Жоғарғы қызметке өліп бара жатса да, жақындатпайтыны айдан анық.  Ал қазақта тек қазақша сөйлейтін мекеме – мешіт қана. Бұл бірінші мәселе.

Екіншіден, Ресейдің "Каспий", "Сбербанк", "Хоум кредит", "ВТБ", "АЛЬФА» банктері қанша сұрасаңыз да, несие бере беретін ақкөңіл қарыз берушілердің қатарында. Алайда несиені  беруін беріп алып, екі есе пайызбен қанағанда нағыз "қамқоршы" орыстардың шынайы бет-бейнесін көруге болады. Тіпті біз құдайдай табынатын "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" мың жерден мемлекеттің атынан қорғалғанымен  орыстың "Сбербанкіне" тәуелді.

Үшіншіден, елдегі интернет-ресурс, сайт, газеттер 90 % орыс тілінде ақпарат береді. Қазақ тілді деген сайттардың өзі бірінші ашылғанда орысша беті ашылады. Бұның өзі алғашқы беттен-ақ орыс тілге тәуелділікті білдіреді.  Ресми деректерге сүйенсек, орыс тілінде 32 680, ағылшын тілінде 4500, қазақ тілінде небәрі 4000 сайт бар. Солардың ішінде көш бастап тұрғаны, орыс тілді zona.kz пен zakon.kz сайттары. Бұ қалай?...

Бұған біз қазақтар өзіміз ғана кінәліміз. Ғаламторды қолданушылардың көбісі қазақтар емес, орыс тілділер. Себебі олардың оқырмандары ғаламтор ақпаратында белсенді. Қазақ тілді қолданушылардың дені негізінен саяси, әлеуметтік тақырыптарды түсінбейді. Ал жастар жағы жаңалыққа қызығудан қалған. Әрине, бірен-сараны болмаса...

Төртіншіден, 3,900,000  орыс ҚР-ның азаматы. Бұл дегеніміз 4 миллионға да жетпейтін халықтың бізді баяғыда-ақ басып алғанының белгісі. Көп қорқытады, терең батырады деуші еді. Қазір бәрі керісінше ме, жоқ әлде, біздің қазақ таязданып кетті ме?! Әйтпесе, 4 миллион өзге ұлтты тайраңдатып, көпшілік азшылыққа бағынған бізден өзге кімді көрдіңіз?

Бесіншіден, біз өзі әуелден өсектен аулақ, шындықты ту еткен деп орыстарға жақын жүруге тырысатын халықпыз. Санамызда «орыстар сондай жақсы халық» деген идеологияның сіңіп қалғаны соншалық, ата-анаң орыспен дос екеніңді естісе, төбесі көкке жеткенше қуанады. Яғни бізде 100 % Ресейдің идеологиясы.

Қысқасы, қауіп кімнен төніп тұрғанын түйсігіңізбен сезе беріңіз..

 

 

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер