Жылқының күрт азаюының аста­рында сұрқия саясат жатыр

323

Қазанат халқымыздың қанаты, қорғаны, айбыны болғаны рас. Қазанаты болғанда халық қор болмаған!
Әйгілі философ, жазушы ағамыз Асқар Сүлейменов: «Осы басқа халық қайтадан жаралсын, мейлі маймыл­дан болсын, шатағым жоқ. Дәл біздің қазақ – жылқыдан, тұлпардан туған!» – деп айтқан екен. Жазушы сөзінің жаны бар. Қазақ – жылқы мінезді, рухы биік, Ер халық! Қазанат – қазақтың сахарасы. Ұлы даласының екінші есімі. Осыншама кең даланы меңгеру үшін, осыншама кеңістікті қаусыру үшін тек қазанаттың ғана жалы мен белі, тұяғының желі керек болды. Бұл сөзіме тарих – куә.
Ол жөнінде Берел, Ботай қорымдарынан табылған бұлтартпас әлемнің маңдайалды ғалымдары мойындаған дәлелдеріміз бен фактілеріміз бар. Бала кезімде «Астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп…», «көлденең жатқан көк тасты тіктеп тиген тұяғы саз балшықтай илеген…» тұлпар түлігін елестететінмін. Сәби қиялмен Қазанатты тауып алып, ерттеп мінсем деген арман пайда болды. Есейе келе бұл азаматтық позицияға ауысты. Тіпті ат спортын дамыту жолы­на түбегейлі ден қою мақсатында 1994 жылы Шығыс Қазақстан облысынан Алматыға арнайы көшіп келдім.
Ал енді сұрағына келсек, қазақтың Қазанаты қазақ даласында бар. Оған біздің талай бәйге кезінде көзіміз жетті. Атақты Адай жылқысын, Қостанай жылқыларын қалайша Қазанат дей алмаймыз. Біле білсеңіз, қазір әлемге танымал ағылшын жылқыларында Қазанаттың қаны бар. Ағылшындар ертеде асыл тұқымды арғымақтарды біздің сайын даладан алып кеткен. Олардың ұтқаны сол – Қазанаттың ұрпағын көбейтіп, асылдан­дыра білді. Соның арқасында олар әлемге танылды.
Қазір әлемде жылқының 200-ден астам асыл тұқымы бар. Олар: ағылшын, араб, америка, ганновер, орлов, ақалтеке, т.б. деп кете береді. Біздің Қазанатымыз бұлардың бәрінен артық болмаса, кем емес. Өйткені, қазақ Қазанатының бойында төзімділік, жүйріктік және маңғаздық бар. Бұл жағынан келгенде Қазанат қазақ халқының мінезіне, болмысына ұқсайды. Ата-ба­баларымыз өздерін «жылқы тектес халықпыз» деп бе­кер айтпаған. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар, Қазанаты бір бөлек» – де­ген аталарымыз.
-Бұрынғы замандарда жылқының саны көп болған ғой…
-Иә, көп болған. Бір-ақ, мәлімет келтірейік. 1916 жылғы санақ бойынша қазақтарда 5 миллион 640 мың бас жылқы болған. Жалпы қазақ даласында 1928 жылға дейін 60 миллионнан астам төрт түлік малдың түрлері жайылып жүрген. Халқымыздың саны 6 миллионға жуық болатын.
-Сіз жылқы шаруашылығының тарихын зерттеп жүрген азаматсыз… Малдың саны неге күрт кеміді?
-Сұрақ дұрыс. Жылқының күрт азаюының аста­рында сұрқия саясат жатыр. Бір сөзбен түйіндесем, әдейі қазақты жер бетінен жоғалту және рухани жаншу үшін істелінген қолдан жасалған қылмыс.
Дегенмен, арғы бетке өтіп, тұқымы сақталған тұлпарларымыз да бар.
Бүкіл Қытайды мойындатқан Бейжіңгер сол қасиетті қазанаттардан қалған ұрпақ. Оған да шүкір дейміз.
Біз, қазақтар – қазанаттар десек, Алпамыстың – Байшұбарын, Қобыландының – Тайбурылын, Қамбардың – Қарақасқасын, Исатайдың – Ақтабанын, Абылайханның – Шалқұйрығын, Қабанбайдың – Құбасын, Ақан серінің – Құлагерін, Бошайдың – Үш қарасын айтамыз.

 

Cадыбек ТҮГЕЛ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер