Кабулдағы теракт жауапкершілігін ДАИШ өз мойнына алды

408
Adyrna.kz Telegram
 Фото: amu.tv
Фото: amu.tv

Бірнеше елде тыйым салынған террорлық ұйым «Ислам мемлекеті» (ДАИШ) Кабулдағы терактіге жауапкершілікті өзіне алды. Осы теракт нәтижесінде тәліптер үкіметінде босқындар мен репатриация істері бойынша вице-министр Халил Рахман Хаккани қаза тапты. Бұл туралы Amu.tv жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Басылым ДАИШ-тің 11 желтоқсанда жариялаған мәлімдемесіне сілтеме жасап, терактінің басты мақсаты Хаккани болғанын атап өткен. Өзін-өзі өлтірген террорист қауіпсіздік шараларын бұзып, Кабулдағы министрлік ғимаратына енген. Ол Хаккани өзінің көмекшілерімен және күзетшілерімен ғимараттан шыққанша күтіп, жарылғыш затпен белдігін жарып, терактіні ұйымдастырған. Нәтижесінде министр мен оның айналасында болған бірнеше адам қаза тапты.

Тәліптер өз кезегінде бұл терактіге ДАИШ-ті кінәлап, бірақ нақты құрбандар туралы ақпарат бермеген. Ауғанстандағы жаңа билік ДАИШ-ті оқшауланған ұйым ретінде атап, оны кең ауқымды қарсылық қозғалысы деп санамайды.

58 жастағы Халил Рахман Хаккани 2021 жылдың 7 қыркүйегінен бастап босқындар мәселесі бойынша министр міндетін атқарды. Ол «Хаккани желісінің» негізін қалаушы Джалалуддин Хакканиның інісі және «Талибанның» ішкі істер министрі әрі желінің қазіргі жетекшісі Сираджуддин Хакканиның ағасы. Оның отбасы ұзақ уақыт бойы «Талибанның» операциялары мен стратегиясында маңызды рөл атқарды.

2011 жылы АҚШ Қаржы министрлігі Халил Хакканины аса қауіпті ғаламдық террористердің тізіміне енгізді, ол Ауғанстан мен Пәкістандағы «Әл-Каида» атынан жүргізілген әрекеттеріне байланысты. АҚШ үкіметі Хакканиның тұтқындалуына әкелетін ақпарат үшін 5 миллион доллар көлемінде сыйақы жариялады.

Пікірлер