Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алып, әлеуметтік жауапкершіліктің маңызын түсіну өте өзекті болып отыр. Әр түрлі әлеуметтік желіде теріс діни ағымды насихаттайтын уағызшылардан жастар қалай сақтанған жөн? Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдары кейбір уағыздары қоғамда неге резонанс тудырады? Осы және өзге де сұрақтарға «Сапсан» стратегиялық орталығының теолог-кеңесші маманы Дінмұхаммәд Әбубәкірұлы жауап берді.
«Жастар діни экстремизмді бойына сіңіріп алуы мүмкін»
Дінмұхаммәд Әбубәкірұлы қазіргі жаһандану кезеңінде жастар интернет желісі арқылы ақпарат алып отырғанын айтады. Әйтсе де ол әлеуметтік желідегі барлық ақпаратты пайдалы деп айту қиын екенін ескертті.
«Себебі олардың ішінде заң бұзушылыққа итермелейтін ақпараттар бар. Мысалы діни экстремизмді «Діни білім» деп алып жатқан жастар баршылық. Нақтырақ айтсам интернет желісіндегі көптеген жарнамаларды көріп алады да, діни білім алып жатырмын деп ойлайды. Ал шын мәнісінде экстремистік топтардың видео сабақтарына қатысып, кері идеологияны бойына сіңіріп жатыр. Соның салдарынан қоғамнан бөлініп, жеке дара жағымсыз мінез-құлықтар қалыптаста бастайды. Былайша айтқанда біздің қоғамға деген негативті түсінік қалыптастады. Егер осындай идеологияны бойына сіңіретін болса, интернет желісі азаматтарға өте қауіпті екенін айтып өткен жөн. Өйткені Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінде экстремистік іс-әрекетке үгіттеуге байланысты 256 бап бар. Өкінішке қарай мұндай әрекет қазір интернет желісі арқылы қатты таралып кетіп жатыр.
Әлеуметтік желідегі мақала мен пост Қазақстан Республикасында тыйым салынған бола тұра оны репост жасайтын болса, ол адам құқық бұзған деп танылып, жауапкершілікке тартылатын болады. Қазір осы ақпаратты мектептен бастап, колледж, жоғары оқу орындарында оқитын оқушылар мен студенттерге жеткізіп жатырмыз. Себебі интернет желісінде қандайда бір білімді алу қауіпті екенін естен шығармаған жөн. Ашығын айтсам жастар діни экстремизмді бойына сіңіріп алуы әбден мүмкін. Бізде әлеуметтік желіде ақпарат алуды дұрыс деп санайтын адамдар бар. Соның салдарынан қоғамда бөлінушілік пайда болады. Ал біз жастарға ресми сайттардан діни ақпараттар алғандарыңыз дұрыс деп кеңес береміз. Мысалы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Дін істері комитетінің сайттары мен жеке парақшалары бар. Дінге байланысты сұрақтарды сол мекемелерге қойып, өзіңе қажетті жауапты алуға болады. Осы арқылы біз түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз», – дейді ол.
«ҚМДБ-ның fatua.kz сайты жақсы жұмыс істеп жатыр»
«Ресми діни бірлестіктердің ақпарат кеңістігіндегі жұмысына қалай баға бересіз? Соңғы кездері мүфтиятта жұмыс істейтін имамдар халыққа теріс ақпарат беретін секілді. Мысалы «Диплом алып, магистратураға түсудің қажеті қанша, о дүниеде оның қажеті қанша?» деген секілді сөздер айтылады. Енді бір имам «Айналайын» деген сөз Қағбаны айналғаннан шыққан» десе, енді бірі «Баланы қырқынан шығару балаға қатысы жоқ, ол әйелдердің тазаруынан шыққан дүние» деп уағыз айтып жүр. Қоғамда резонанс тудырған пікірлердің айтылуы қаншалықты орынды?» деп теологтан сұрадық.
Дінмұхаммәд Әбубәкірұлының айтуынша, әр адамның өз деңгейі бар.
«Мамандандырылған имам бір тақырыпта ашық айтуы мүмкін, ал қатардағы имам бір тақырыпты белгілі деңгейде ғана білуі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда екі имамның жауабы екі түрлі болуы мүмкін.
Қоғамда діни анализ жасайтын адамдар пайда болуы діни сауаттылығы жоғарлауда, ақыл-ойының өсуіне әсер ететін дүние деп білемін. Себебі бәсекелестік, сұрақ болған жерде білім мен мәдениет секілді дүниелер дамитыны сөзсіз Бірақ интернет желісінде діни бірлестіктердің жұмысы жоғары деңгейде деп айту қиын. Себебі қазіргі уақытта шетелде отырып алып, Қазақстан жамағатына үгіт-насихат жұмысын жүргізу оңай дүние», – дейді теолог.