Нақшбандия тариқаты — исламдағы сопылық ілімдердің бірі. Орта Азияда, оның ішінде Қазақстанда бұл тариқаттың ізбасарлары ғасырлар бойы қалыптасқан. Бүгінде Алматыда Нақшбандия діні белгілі дінтанушылар арасында танымал.
XIV ғасырда Бахауддин Нақшбанд негізін қалаған тариқат рухани кемелденуді сыртқы өмірден бас тарту арқылы емес, керісінше, қоғамдық өмірге белсене араласу арқылы іздейді. Тариқаттың негізгі ұраны — «Халықтың ішінде, бірақ жүрегі — Алламен». Бұл ұран нақшбандилердің әлеуметтік және рухани тепе-теңдікке ерекше мән беретінін білдіреді, олар дүниеден толықтай бас тартуды емес, ішкі рухани тазалық пен сыртқы белсенді өмірді қатар алып жүруді қолдайды. Бұл Алматы сияқты көп мәдениетті мегаполисте өмір сүретіндер үшін өзекті әрі тартымды.
Алматыдағы Нақшбандия өкілдері, көбінесе, рухани тәрбие беру, қоғамдағы діни құндылықтарды дәріптеу мақсатында жұмыс істейді. Олардың іс-әрекеттері мешіттер мен дінтану орталықтарында байқалады. Алматы қаласындағы «Кеңес беру және оңалту орталығы» сарапшысы, дінтану магистрі Нұржан Қалиевтің пікірінше, Нақшбандия тариқатының негізгі қағидаттары Қазақстан қоғамына бейбіт ықпал етіп келеді. Дегенмен, кейбір сарапшылар тариқаттың сыртқы саяси күштер тарапынан манипуляцияға ұшырау қаупін де жоққа шығармайды.
Нақшбандия тариқатының ерекшелігі — оның парсы мәдениетіне негізделуі. Орта ғасырларда бұл тариқат түркі халықтары арасында кең таралып, олардың мәдениетіне едәуір ықпал етті. Тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек атап өткендей, нақшбандилер арасында сыртқы саяси күштермен байланыс орнатуға бейім ағымдар пайда болған. Мысалы, Ауғанстандағы кейбір радикалды топтар нақшбандияның «деобандия» тармағын ұстанады. Бұл ағымның мақсаттары айқын және олар белгілі бір дәрежеде Орталық Азия елдеріне ықпал етуге тырысады.
«Демос» ҚБ төрағасы Тұрарбек Құсайыновтың пікірінше, «Нақшбанды тариқаты Орта Азияда, соның ішінде Өзбекстанда кең таралған. Нақшбанды тариқаты матуриди бағыты Ислам дініндегі діни-танымдық сенім (ақида), ал діни рәсімдерде ханафи мазхабының жолын ұстанады.
Матуриди сенімінде тарих бойынша сопылық жолды ұстанып, дінді қалқан еткен, яғни Исламды қылыштың жүзімен бағындырған әртүрлі тариқатшыл топтар болғаны да ешкімге жасырын емес. Ал біздің заманымызда матуриди сенімін ұстанатындардың қатарына террористік ұйым боп саналатын Талибан экстремистік тобы, Өзбекстан Ислам қозғалысы, Пәкістандағы неше түрлі фундаменталистік жамағаттарды жатқызуға болады. Нақтырақ айтсам Нақшбандия сопылары және Құрбанәлі жамағаты Қазақстан аумағында белсенді әрекет ететін қозғалыс болып табылады.
2009 жылы тариқат жетекшісі қоқандық Ибрахим хазірет дүниеден өтіп, ұстаздық қызмет қазақстандық Насриддин Абдувоитовке өтті. Осы кезеңде Құрбанәлі Ахмед өз жамағатымен Насриддин басқарған жамағаттан бөлініп шықты.
Қазіргі уақытта Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінде Құрбанәлі Ахмед жамағатының кеңінен таралу үрдісі байқалады. Дегенмен өңірлік діни ахуалды зерделеу жұмыстары барысында қазіргі қоғамда Құрбанәлі Ахмед тұлғасы мен жамағатына қатысты біртекті пікір қалыптаспағандығы аңғарылды. Жамағат мүшелері мешіт жамағатының арасында діни негіздегі пікір қайшылықтарын тудыруда.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының аумағында тиым салынған "Өзбекстан Ислам қозғалысы " , Тәжікстандағы " Ислам " партиясы, " Хизбут -Тахрир", " Мұсылман бауырлары" т.б экстремистік топтардың барлығы сопылық діни-саяси идеологиясынан бастау алады.»
Нақшбандия жолының тағы бір өзекті мәселесі — оның кейбір өкілдері арасындағы шектен шыққан құрмет көрсету дәстүрі. Мысалы, Қазақстанда танымал Құрбанәлі Ахмет қажы өзін Нақшбандия тариқатының 36-пірі ретінде жариялаған. Оның ізбасарлары арасында оған ерекше құрмет көрсетіп, тіпті оның аяғын сүю әрекеттері де кездескен. Ислам дінінің алғашқы қағидаттары бойынша, Мұхаммед пайғамбардың өзі де өзін пір тұтуды қолдамаған, сондықтан бұл әрекеттер исламның негізгі ұстанымдарына қайшы келеді.
Қорыта айтқанда, тариқаттың кейбір радикалды тармақтарының ықтимал қауіптері де бар, сондықтан олардың қызметін дұрыс бағытта дамытып, қадағалап отыру маңызды. Алматыдағы діни ұйымдар діни ағымдардың қоғамға кері әсер етпеуін қадағалап отырады. Дін істері жөніндегі басқарма мен тиісті құқық қорғау органдары радикалданудың алдын алу үшін діни бірлестіктермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы қала тұрғындарына ресми діни ұйымдардан ақпарат алуды ұсынады. Бұл діни білімнің жетіспеушілігінен туындайтын шалыс әрекеттердің алдын алуға бағытталған шаралардың бірі.