«Халық капитализмі»: «Ақ жол» партиясы жекешелендірілген нысандардың меншік үлесін еңбек ұжымдарына беруді талап етеді

83

«Халық капитализмі»: «Ақ жол» партиясы жекешелендірілген нысандардың меншік үлесін еңбек ұжымдарына беруді талап етуде – бұл туралы Мәжілістің пленарлық отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге жолдаған сауалында Азат Перуашев айтты. 

Ол «Ақ жол» партиясының әрқашан нарықтық реформа мен мемлекеттік нысандарды жекешелендіру арқылы экономикадағы мемлекеттің үлесін азайтуға жақтасып келе жатқанын атап өтті. 

Алайда, жергілікті жерлердегі нарықтық жекешелендірудің (яғни инвесторлардың ақшасына нысандарды сату) бір топ адамның мүддесіне кетіп жатқанын көрінеді. Әсіресе жаңа қожайындардың нысандарды кейінгі төлем шартымен сатып алуы, сол арқылы мемлекеттік төлемді мемлекет ақшасымен жүргізуі белең алған. 

««Ақ жол» фракциясы осы саладағы жемқорлықтың алдын алу үшін 2014 жылдан бері 5 депутаттық сауал жолдаған болатын. Енді осындай жағдай қайта орын алып отыр, мәселе Алматы қаласындағы Балалар тіс емханасы жөнінде. 

Баспасөзден белгілі болғандай нысан жоғарыда аталған әдіспен, яғни бөліп төлеу арқылы жүзеге асырылған. Клиникаға бюджеттен жылына 260 млн тг түсіп тұрса, жекешелендіруге дейін клиниканың шотында 170 млн тг болған. 

Ал, тендер жеңімпазының алғашқы және кепілдік сомасы 92 млн тг. Яғни бұл сома объектінің шотындағы қаражаттан екі есе аз деген сөз! Бұдан кейінгі де төлемдер «инвессторсымақтың» емес, клиниканың бюджетінен төленетіні сөзсіз ғой. 

Қала жұртшылығының наразылығына қарамастан, сот жекешелендіру ережелеріне сәйкес нысанды сатты. Яғни, басты мәселе осы ережелердің өзінде деген сөз, себебі мұндай «жекешелендіру» мысалдарын «Ақ жол» партиясы 2014, 2017, 2018 жылдары да келтірген», - деді партия жетекшісі А.Перуашев. 

Осыған байланысты, «Ақ жол» партиясы келесі шешімдерді  ұсынған. 

  1. Алматыдағы балалар тіс емханасын жекешелендіру ісін заң шеңберінде ғана емес, мемлекеттік қызмет этика талаптарына да тексеруді;
  2. Еңбек ұжымдарының мүддесін қорғай отырып, жекешелендіру талаптарына өзгеріс енгізу мүмкіндігін зерттеуді. 

Аталмыш шешімдер, яғни «Халық капитализмі» мыңдаған азаматтарға еңбекақы беріп қана қоймай, жұмыс орындарынан дивиденд алып, оны басқаруға атсалысуға жәрдемдесіп, жұмысшы халықтың әл-ауқатын жақсартатыны сөзсіз.

 «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі

Пікірлер