Дәулет ТӨЛЕУТАЙ: Үй алудың, ақша жинаудың жолдарын білемін

372

Экономика ғылымдарының магистры, банктың тілімен емес, халықтың тілімен сөйлейтін, "әр қазақ үйлі болсын" деген ұранды ұстанып жүрген қазақтың қаржылық жағынан сауатты азаматы Дәулет Төлеутайұлы adyrna.kz порталына "баспана" тақырыбына сұхбат берген еді. Сүбелі әңгімемізді оқырмандардың назарына ұсынамыз.

 

- Дəулет мырза, сіз бен біз түсінгенмен, баспана алу мəселесін түсінбей жүрген халық шаш етектен. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі алдап кетпей ме, қалай ашамыз, басында қанша төлеу керек деген секілді мыңдаған сұрақтардың жауабын іздеуде. Осы жерде қысқа-нұсқа бір түсіндіріп кетсеңіз.

- Жалпы менің жиі айтатыным үй керек болса, ақша жинау керек. Үй деп тұр, яғни ақшаны үю керек! Үйің болса, күйің де болады. Бірақ біз не істейміз? Ақшаны шашамыз, кейде шашқанымызға өкінеміз. Сондықтан қазір үй алғын келсе, тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қаражатты тиындап болсын сала беру керек. Банк банкорт болған күннің өзінде ештеңеден қорықпау керек. Себебі сіздің жинағыңыз заңмен қорғалған. 10-15 миллионға дейінгі ақшаны депозитті сақтандыру қоры қайтарып береді. Әрі тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 100% мемлекеттің банкі.

- Сіздің инстаграм парақшаңыздан халыққа арнап, қаржылық сауаттылыққа қатысты кітап шығарамын дегеніңізді оқып қалып едім. Бұл өте жақсы бастама. Кітап шықты ма? Жалпы ол кітапта не айтылады?

- Енді бірден кітап жаза салғаным дұрыс болмас, бұл күнделік. Күнделіктің атауын "Дәулетті күнделік" деп қойдым. Біз енді пенде болғасын, біреудің қалтасындағы ақшасын санауды жақсы көреміз. Бірақ өз ақшамызды санамаймыз. Ал бұл күнделік өз қалтамыздағы тиынды есептеуге бағытталған. "Дәулетті күнделіктің" ішінде бірнеше пайдалы ақпараттар бар, өзімнен кеңес бар, одан бөлек әрбір айға бөлінген оқуға керек кітаптар тізімі, миллиардерлер өмірі, қызықты оқиғалар жазылған. Және де бұл күнделіктің әрбір беті мотивацияға толы. Күнделіктің қазір соңғы беттері жазылып жатыр. Сатылымға қараша айында шығады.

- Президент зейнетақы қордағы ақшаны үй алуға немесе білім алуға жұмсауға рұқсат беріп отыр. Біреулер бұны зейнетақы қорға қол сұғудың жаңа əдісі деуде. Бұл Мемлекетке зиянын тигізбей ме? Жалпы осы бастама жөнінде не білесіз?

- Бұл механизм келесі жылдан бастап жүзеге асатын болады. Әрине, сенің зейнетақы қорында ақша бар екен деп бәріне бере бермейтіні анық. Оның өзіндік бір шектеулері болады. Менің түсінуімше, зейнетақы қорындағы белгілі бір көлемдегі қаражатты алып, кейіннен үй алып алғаннан кейін қарызын қайтару керек деп ойлаймын. Әйтпесе мына ақшалардың бәрін ала беретін болсақ, Мемлекетіміз шығынға ұшырайтыны анық қой. Енді алдыға озып, бал ашудың қажеті жоқ. 2020 жылды күтейік.

- "Жастар жылы" жастарға  баспана алу үшін арнайы жеңілдетілген бағдарламалар қабылдады ма?

- Жастар жылы, жастар жылы деп жатырмыз. Дегенмен арнайы бір бағдарлама шықпады. Тек Шымкент қаласында 900 пәтер, Алматы, Нұрсұлтан қалаларында 1050 пәтерден, сонда жиыны 3000 пәтер берілгелі жатыр. Қыркүйек айының соңына таман құжаттарды түгелімен қамтып, қазан айында баспананың кілті жастардың қолына ұстатылады. Бұл тек жалға алу баспанасы. 14-29 жас аралығындағыларға және 5 жыл ғана тұра алатындарға, айына 12 мың төлеп тұруға мүмкіндік берілген. Яғни болашақта үйге қаражат жинаймын деген жастарға өте қолайлы бағдарлама десек те болады.

- Сіздің ше, ақшаны қалай жəне қайда жинаған тиімді? Доллармен бе, теңгемен бе? Банк депозитінде ме, тиын салғышта ма?

- Дәл осы сұраққа қатысты өзімнің есеп-қисабымды жүргізіп көргенмін. Теңгелей ақшаны жинаған тиімдірек секілді. 2016 мен 2019 жылдарды салыстырғанда доллар өскен, яғни теңге құнсызданған. Сонда бәрібір теңге ұтып тұр.

- Сұраған жандарға 7,20,25 бағдарламасы тиімді деп кеңес беріпсіз. Тиімділік жағын түсіндіріп кетесіз бе?

- 7,20,25 бағдарламасының бір жақсысы 3 жыл банкте жинамай, бірден ала беруге болады. Бірақ қазір үйдің бағасы қымбат болып тұр. Бұл пайыз жағынан тиімдірек. Себебі 7 % деген Ресейде, Түркияда да жоқ. Алматы, Нұр-сұлтаннан 20-22 миллионға үй аласыз, оны 25 жыл төлеу де бір жағынан қорқынышты. Себебі, бағаны Мемлекет бекітпейді, әрбір құрылыс компаниялары ойына келген кез-келген бағаларын қояды. Қарап тұрсан, барынша жағдайлар жасалған. Бірақ біз ақша жинаудың сырын әлі білмейміз.

- Жалпы адамдардың Мемлекеттік жұмыс істегені дұрыс па, əлде бұрын соңды айналысып көрмесе де кəсіп ашқаны қолайлы ма?

- Не істесе де, адам өзінің сүйікті ісімен айналысуы керек. Таңғы 9-дан кешкі 18:00-ге дейін жұмыс жасадым, жеке өмірім қалып кетті деп шағымданып шыға келетін адамдар бар, әрине! Дегенмен әркім өз сүйікті ісімен айналысатын болса, жақсы бір энергиямен жұмыстан қайтатын еді.

- Қандай кітаптар оқуға кеңес бересіз?

- Әр кітаптың бағыт-бағдары бар ғой. Біреу детективті, енді біреуі романтикалық кітаптарға әуес. Өзімнің екі балам болған соң, соңғы кездері бала тәрбиесіне қатысты кітаптарға қызығып жүрмін. Одан бөлек психологиялық, қаржылық сауаттылықты арттыратын, мотивациялық кітаптарды оқуға тырысамын. Мысалы мені Роберт Диясаки, Наполеон Хилл, Бодор Шерхтың кітаптары қызықтырады. Бірақ айналып келгенде әр адамның талғамына байланысты. Кітапқа қызығушылығы жоқ адамды он жерден қинап жатсан да, оқымайды. Сондықтан, кітап оқу әр адамның өз жүрек қалауы.

- Барлық Қазақстан халқына, солардың ішінде жастарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

- Жалпы Қазақстан халқына үнемі айтатыным өзіміз білімді, сауатты бола білсек алынбайтын қамал жоқ. Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман. Білімді болсақ, байлықты күзетудің қажеті жоқ. Білімдінің өрісі кең. Үнемі айтамын, оқиық, тоқиық, сауатты болайық, халқым! Аңғарымпаз, ізденімпаз болайық! Чечель "Кім ақпаратты билей алса, әлемді билейді" дейді. Сіз ақпарат айдынында жүруіңіз керек. Артта қалмау керек. Үздіксіз дамуда болуыңыз керек. Біреу раушан гүліне қарап гүлін көреді, біреу жапырағын көреді, біреу тікенін көреді. Сол сияқты, біреу өмірдің ағы мен қарасын көреді. Сондықтан өмірде жақсы жағынан іс бастап, жақсылыққа қарай ұмтылсақ бәрі жақсы болады!

Сұхбаттасқан: Ақгүл АЙДАРБЕКОВА

Пікірлер