Билік қазақ азаматтарының бағын байлады

486

Ел танитын бір ағамыздың үйіне барып, үнемі әңгіме қылып отырамын. Жаны таза, адам баласына тек достық пейілмен қарайтын ағам:
-Біздің өмір текке өтіп кетті ғой,-деді.
-Неге?-дедім.
-Біз отыз жыл бойы осы қарысып, қатқан, іріп шіріген жүйенің жұмысы тоқтайды, Назарбаев кететін шығар деп күттік,-деді.
Мен ағама:
-Назарбаев сіздер түгілі жап жас біздерді де қартайтып жіберетін түрі бар,-дедім.
-Біздің о баста елге адал қызмет ететін ниетіміз болған, біз бұлармен алыстық, тартыстық, жармастық, қағыстық, бірақ біз ақыр соңында ешқандай да жерге қызметке тұра алмай, елге қызмет ете алмай, бойымыздағы бар потенциалымызды жоғалттық. Біз не ұттық? Біз ұтылған буынбыз,-деп, ағамыз мұңын айтып, үнсіз отырып қалды.

Осында елге белгілі бір азамат маған:
"Сен бас көтеріп, ұйымдастырып шығасың. Барлық тактикалық қадамдарыңды жасайсың. Елдік мүддені көтересің, тілдің, жердің мәселесін, әлеуметтің мәселесін көтересің. Ақыры соңында сен қамаласың. Сонда сені барып, түрмеден тартып алатын адамдар артыңда тұр ма? Сен соны ойладың ба? Қамалып кетіп жатыр ғой анау жігіттер. Ал, сен артыңда осы азамат бар екен деп тартып алып шығарып алатын қоғамың болмаса, кім үшін түрмеге қамалып кеттің"-деді.

Мынау жүйе мен Назарбаев билігі қазақтың нағыз жүректі азаматтары мен адал ұлдарының бағын байлап, итжеккенге айдап тастады. Қазақтың ұлтына адал азаматтарының тәуелсіздіктің ашық таңында бағы байланып, айдалып, түрмелерде отыр. Жүйенің ең соңғы этаптарда жұмысы жүріп жатса да, бас көтерер арда азаматтарға аяушылық танытатын түрі жоқ. Соның бірі Жәкішев. Ол сияқты ғылым мен технологияның, ұйымдастырушы әрі технократ азамат бізде дәл қазір саусақпен ғана санарлық. Өркениетті елдер Жәкішев сияқты ұлын аспанға көтереді. Біз сияқты елдер ондай азаматты "Жемқорлығы үшін түрмеде отырған шығар. Қазір кім жемейді? Жемейтін адам тек жер астында ғой" деп жүре береді. Себебі, біздің қоғам сондай технократ азаматтарды емес, әншілер мен сайқымазақтарды, сайқалдарды, арсыздарды ғана жақсы таниды. Біз мойындамаған ақиқат біреу ғана. Ол - біз өзімізді басқаратын адамдарға саймыз, олар бізді басқаруға сай. Бір біріне тура пропорционал. Бізге әлі ұзақ уақыт керек екен. Соны пайдаланған бұлар кешегідей біртүрлі ойындарды ұйымдастырып жатыр. Олар біздің біріге алмайтынымызды бізден де жақсы біледі. Қатты айтсам кешірерсіздер.

Назарбаев әулеті толығымен биліктен кетпей, Қазақ елінде ғылым да, білім де, өркениет те жоқ.

 

Бекболат ҚАРЖАН

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер