Қазақстан болашақта бос қала ма?

698

Менің ойымша келешекте елде үлкен өзгеріс орын алмаса шетел асушы қазақтар саны артқан үстіне арта береді. Оған бірнеше себеп бар:

1. Қазір жылына болмаса да 2-3 жылда бір рет шетелге шығып демалатын отбасыларды жиі кездестіремін. Шамасы жетсе Европаға, ең болмағанда Түркия мен Дубайға барып демалып келетін таныстарым бар. Арзан турлармен Тайландқа, Филиппинге де барып жатады. Әлем ашық заман. Мүмкіндік болып тұрса неге бармасқа?! Сол ата-аналарымен бірге бала кезінен шетелді көріп, басқа мәдениетпен, өмір салтымен танысып жаңа буын ұрпақ та өсіп келеді. Біздің буын шетелді бала кезімізде көрмедік. Әке-шешіміз қарапайым жандар болды. Өсе келе өзіміз оқумен кеттік. Ақыл тоқтатқан жаста шекара асып түбі елге оралдық. Тәрбие де басқаша берілді. Ата-анамыз "Қайда оқысаң да түбі еліңе орал" дегенді баса айтатын. Кеңес заманында ешқайда шықпағанынан болар елге қызмет ету үшін тек Қазақстанның ішінде жүру керек деген тәрбиені берді. Тәуелсіздік алғалы бері қаншама қазақ жастары шетелде білім алды. Ертең ата-ана болғанда балаларымызға не тәрбие береді екенбіз? Менің ойымша "Біліміңді қолдана алар мүмкіндік шетелде болса бара қой" дейтін қазақтар саны артып келеді. Ал, бала кезінен өркениетті елдердің өмірін көріп, ата-анасынан "Болашағыңды қайда көрсең сонда бар" деген сөзді естіп өскен ұрпақта біздің буынның бойына сіңген "Елге оралу" деген түсінік қаншалықты деңгейде болатыны үлкен сұрақ.

2. Біздің буын мектепте оқығанда шет тілін оқытатын білікті мамандар аз еді. Тіпті тапшы болды. Өзіміз ізденіп жүріп оқыдық. Ал, қазіргі балалар бастауыш кластан ағылшын тілін оқып мектеп бітіргенше ең кемі орта деңгейде біліп шығады. Бұл дегеніміз шетел асу үшін алдыңғы буында болған тілдік барьер келер ұрпақта болмайды. Тілді сайрап тұрған баланың АҚШ не Европаға кетемін, сонда оқып карьера құрамын деуі заңдылық.

3. Елдегі экономикалық жағдай. Доллар өсіп барады. Дәл осылай кете берсе Қазақстанда жүріп теңге тапқаннан шетелде жүріп доллар тапқан әлдеқайда тиімді әрі мағыналы болатын заман алыс емес. Қазірдің өзінде біз сол нүктеге келіп тірелдік.

4. Жаhандану келер ұрпаққа әсер етпей қоймайды. Олардың түсінігінде енді бір 30-40 жылдан кейін ұлт деген сөз салмағын жоғалтып, "Мен әлем азаматымын" деген құндылық қалыптасып жатса таң қалуға болмайды. Ал, Қазақстанда үлкен экономикалық секіріс болмаса, мына жүйе қала берсе өзін әлемнің азаматы санайтын ұрпақтың не шаруасы бар мына елде. Оларға бір чемоданын жинап АҚШ аса салу, сонда тұрақтап қалу өте жеңіл болады меніңше.

5. Әлем мемлекеттері интеграцияға түсіп жатыр. Егер болашақта өркениетті елдермен Қазақстан арасында виза алу процесі жеңілдесе келер ұрпақтың кетуіне жол ашылды деген сөз. Тіпті қазірдің өзінде АҚШ-қа виза алу оңай болса жастардың көбі кетуге дайын екеніне күмәнім жоқ. Ал, ағылшыны бар, бала кезінен шетел көрген, өзін әлем азаматы санайтын келер ұрпақ бір күн де тұрмайды мына елде. Жоғарыда аталған факторлардың барлығы келешекте елден кетуші азаматтардың көбейетініне меңзейді. Оларды ұстап қалар бір ғана фактор болуы мүмкін. Ол - Қазақстандағы экономикалық, әлеуметтік жағдайдың шетелден кем болмауы. Егер бұл салада үлкен өзгеріс болмаса елден кеткен ұрпаққа ренжудің қажеті жоқ. Дұрыс мемлекет құра алмаған өзімізден көру қажет.

 

Бауыржан СЕРІКБАЕВ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер