Халқымыздың дәстүрі мен діни сенімі біртұтас

229

"Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігі" ҚҚ-ы (Адырна - ұлттық-этнографиялық бірлестігі ) "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КЕАҚ-ның (CISC )мемлекеттік гранты аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырыла бастаған "Дәстүрлі руxани құндылықтарды қолдау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру" жобасы бойынша семинар-тренинг ұйымдастырды.
Ұлттық құндылықтарымыз, тамыры терең тарихымыз жайлы атаулы шара Алматы қаласындағы Әбу-Ханифа медресесінде 5 қыркүйек күні өтті.
Семинар-тренингтің дәріскерлері ретінде Философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері, PhD доктор, дінтанушы Дәурен Дариябек және  Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының кіші ғылыми қызметкері Арман Әубәкір дәріс оқыды.
Семинар-тренингте медресе шәкірттері ұлттық құндылықтар мен діни мәселелерге қатысты көкейлеріндегі көптеген сұрақтарға жауап алды. Елбасымыздың  рухани жаңғыру бағдарламасы аясында айтылған қазақ халқының ұлттық құндылықтары туралы презентациялық көрсетілім медресе шәкірттерін қызықтырды. Семинардың соңында қойылған сұрақтардың легі ұлттық дәстүр мен діни сенімнің сабақтастығына қатысты өрбіді. Әсіресе, шәкірттерді қызықтырғаны, халқымыздың жерлеу ғұрпына қатысты жоралғылар болды. «Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде қазақтың біртуар батырлары мен ұлы тұлғаларының жерленуінің себебі неде?» деген сұраққа дінтанушы Дәурен Дариябек нақты жауап берді. «Тек қазақ халқында ғана емес, кез келген ұлтта ерекше, ұлы тұлғалардың жанында жерлену дәстүрі бар. Көзі тірісінде пәлен жердегі пәлен топыраққа жерле деп артына аманат қалдыратындар болады. Солардың бірі -біздің батырларымыз бен ел басқарған хандарымыз. Қожа Ахмет Яссауи өз заманының көрнекті тұрғасы, ұлы ұстазы болғандықтан, сондай адамның жанына жерлену үлкен мәртебе саналған. Міне, сондықтан да батырларымыз бен хандарымыз киелі Түркістанда жерленді. Дәл сондай көріністі Меккеден де көресіз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ғ.с.) жатқан топырақты айнала қоршап, арабтың ұлы тұлғалары жерленген. Мұндай жағдайды белгілі бір тұлғаға табынушылық деп емес, үлкен құрмет көрсету деп түсінуіміз қажет», деді Дәурен Дариябек.
Шара соңында ақпараттық-танымдық буклеттер таратылып, жастардың дәрісті қаншалықты түсінгенін анықтау мақсатында шағын сауалнама жүргізілді.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер