Әулиеатада Президент Жолдауын іске асыру жөнінде жиын өтті

366

Жамбылда облысында мемлекет басшысы Қсым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын іске асыруға арнал­­ған актив жиыны өтті.

Жиынды аймақ басшысы Асқар Мырзахметов ашып, Президент жүктеген тапсырмаларға тоқталды. Асқар Исабекұлынан кейін облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова баяндама жасап, Жолдау жүктеген міндеттер мен талаптар бойынша өңірде атқарылатын жұмыстарға тоқталды

Сұлушаш Сәтбекқызының айтуынша,  халықпен тиімді кері байланыс орнату – ең басты талап болып отыр. Сондықтан да ол алдағы уақытта мемлекеттік органдардың жұмысы азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектеріне заңнама шеңберінде жедел әрі қайта қайырылмайтындай жауап беруіне байланысты бағаланатындығын айтты.

«Мемлекет Басшысы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнімділігі жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудің кешенді шараларын әзірлеуді тапсырған десек, бұл бағыттағы ең тиімді шаралардың бірі – индустриялық аймақтар құру екендігі сөзсіз. Осы орайда облыстың Шу ауданындағы «Тараз Химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылым құрылысы аяқталуға таяу. Тараз қаласының аумағында республикалық маңызы бар индустриялық аймақ құру жұмыстары да қарқынды.

Бүгінде өңірде 84 мыңнан аса шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген десек, оның ішіндегі жұмыс жасайтындарының үлесі 80,3 пайызға жеткен. Ол, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,4 пайызға артып отыр. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың 8 айында 4,5 миллиард теңгеге 290 жаңа жоба іске асырылуда – деді ол.

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында облыстағы 32 мыңнан астам отбасы яғни 162 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алған. Осы орайда Ел Президенті әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу керектігін тапсырған еді. Бұл тұрғыда облыста нақты жоспар құрылып, жүргізілген жұмыстардың алғашқы нәтижесі де байқалуда.

«Облыстағы 376 елді мекендегі 138 347 аула зерделеніп, анкеталар толтырылды. Зерделеу нәтижесі мен тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жобасының тұжырымдамасы әзірленді. Осы жоба аясында халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған 5 бағыт таңдалып отыр. Ол бойынша жалпы құны 46,4 миллиард теңге көлемінде 31 мыңнан астам жобаны іске асыру көзделіп отыр. Алдын-ала есептеулерге сәйкес, осы жобалардың іске асырылуымен 90 мыңнан астам жұмыс орындарының құрылуы, өз бетінше жұмыспен қамтылған және жұмыссыз 68 мыңнан астам адамды кәсіпкерлікпен айналысуға бейімдеу, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын қысқарту, ауыл шаруашылығы өнімін 33 пайызға дейін ұлғайту, өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін арттыру көзделуде. Ендігі кезекте аудан, ауыл әкімдері тиісті басқармалармен бірлесіп осы қаржылардың ауыл халқына тиімді жұмыс істеуін ұйымдастырулары тиіс»,- деді Сұлушаш Сәтбекқызы.

Елбасының «Ауыл – Ел Бесігі» арнайы жобасы аясында 3 ауданның орталықтарында 2 миллиард 77 миллион теңгеге 108 жоба іске асырылуда. Ал, келер жылы 2 миллиард теңгеге 53 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Басқосу барысында жарыссөзге жазылған бірқатар азаматтар Жолдау міндеттері мен басым бағыттарына тоқталып, мәселелер мазмұнын талқыланып, алдағы жұмыстар жоспары сараланды.

 "АДЫРНА"

ұлттық порталы

 

Пікірлер