ЕО-ға кіру туралы келіссөз кейінге шегерілген соң Тбилиси орталығында наразылық болды

814
Adyrna.kz Telegram
Фото: Reuters
Фото: Reuters

Грузия полициясы Тбилисидегі парламент ғимараты алдында жиналған демонстранттарды таратып жіберді. Олар Еуропа Одағына мүше болуға қатысты келіссөзді 2028 жылға дейін шегеру туралы премьер-министр Ираклий Кобахидзенің шешіміне қарсы. Бұл туралы Anadolu агенттігі жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ақпаратқа сәйкес, кейбір наразылық білдірушілер парламент ғимаратының есігін қорғау үшін орнатылған металл қоршауды бұзуға тырысып, сол жаққа әртүрлі заттар лақтырған.

Полиция мен ғимараттың бір бөлігін басып алмақ болған демонстранттар арасында қақтығыстар орын алды.

Грузияның Ішкі істер министрлігіне қарасты күштік құрылымдар наразылықты тарату үшін су атқыштарды қолданған.

Наразылық білдірушілер тәртіп сақшыларына әртүрлі заттар лақтырғаннан кейін полиция көзден жас ағызатын газ қолданды.

Полицияның араласуынан кейін акцияға қатысушылар шегініп, парламент ғимаратына жақын орналасқан Шота Руставели даңғылын баррикадалармен жауып тастаған.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, тәртіпсіздіктер кезінде бірнеше адам ұсталған. Шота Руставели көшесінде полиция мен демонстранттар арасындағы қақтығыстар әлі де жалғасуда.

Айта кетсек, Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе 28 қарашада ел 2028 жылға дейін Еуропа Одағына кіру туралы келіссөздерді бастау мәселесін күн тәртібіне қоймайтынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Грузия 2030 жылға қарай Еуропа Одағына мүше болуды мақсат етіп отыр, бірақ бұл жол қосымша күш пен уақытты қажет етеді.

Сондай-ақ, Кобахидзе кейбір еуропалық саясаткерлерді Грузияның ішкі істеріне араласты деп айыптап, соңғы үш жылда Еуропа парламенті қабылдаған шешімдерді грузин қоғамы мен еуропалық институттардың қабылдамағанын атап өтті.

Кобахидзе Грузия 2028 жылға дейін Еуропа Одағынан кез келген қаржылық гранттарды қабылдаудан бас тартатынын мәлімдеді. Ол елдің ЕО-ға «жалбарынып» емес, мықты экономикасы мен тұрақты демократиясымен абыроймен кіретінін айтты.

Еуропа Парламенті 28 қарашада жарияланған мәлімдемесінде 26 қазанда өткен парламент сайлауының нәтижелеріне алаңдаушылық білдіріп, сайлау нәтижелерін халықаралық бақылау аясында қайта қарауға шақырды.

Еуропа депутаттары демократиялық стандарттарды әлсіретуге жауапты грузин шенеуніктеріне қарсы санкциялар енгізуге және Грузия үкіметімен ресми байланыстарды шектеуге шақырды.

Еске салсақ, Грузия Еуропа Одағына мүшелікке өтінішін 2022 жылғы наурызда берген және сол жылдың желтоқсанында кандидаттық мәртебеге ие болды.

Алайда, шілде айында шетелдік ықпалдың «ашықтығы» туралы даулы заң қабылданғаннан кейін бұл процесс тоқтатылды.

26 қазандағы сайлауда 53,93 % дауыс жинаған «Грузия арманы» билеуші партиясы жеңіске жетті.

Президент Саломе Зурабишвили мен оппозициялық күштер үкіметті сайлау нәтижелерін бұрмалады деп айыптап, оның нәтижелерін мойындаудан бас тартты. 19 қарашада президент Конституциялық сотқа сайлау нәтижелерін жоюды сұрап жүгінді.

Өз кезегінде премьер-министр Кобахидзе сайлаудың демократиялық өткенін айтып, оппозицияны елде тұрақсыздық туғызуға тырысуда деп айыптады.

Пікірлер