Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында орыс тілді мектептер ашылады - Путин

775
Adyrna.kz Telegram
Фото: Гавриил Григоров/РИА Новости
Фото: Гавриил Григоров/РИА Новости

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Қазақстан Республикасына сапары аясында оның мақаласы еліміздің беделді басылымы – «Казахстанская правда» газетінде жарияланды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Путин мақаласында Ресей мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыспен қатар, гуманитарлық байланыстарды да тілге тиек етті.

"Қазақстанда Ломоносов атындағы ММУ секілді жетекші ресейлік университеттердің филиалдары табысты жұмыс істеп тұр. Жақында Астанада Ресей Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) филиалы да ашылмақ, оның түлектері арасында танымал қазақстандықтар, соның ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та бар. Ресей Қазақстанда жаңа орыс тілді мектептер салуды және мектептегі орыс тілінде білім беру сапасын арттыруды қолдайды. Жуырда Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында тағы осындай үш мектептің ашылуы күтілуде. Әрине, біз Қазақстан Республикасының басшылығына, әсіресе Қасым-Жомарт Кемелұлына орыс тіліне ерекше қарағаны үшін, оны мемлекетаралық және ұлтаралық қатынас құралы ретінде ілгерілетуге бағытталған Халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы маңызды бастамасы үшін алғыс білдіреміз", — деді Путин.

Ресей басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен әрдайым тығыз байланыста жұмыс істеп, жаңа бастамаларды талқылайтынын және екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Пікірлер