Саясаттың саясаты. Ресей тарихшыларымен бірлескен топ жайлы сұраққа жауап

843
Adyrna.kz Telegram
Фото: Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы
орталық коммуникациялар қызметі
Фото: Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстан мен Ресей ғалымдары тарихты бірлесіп жазады деген ақпаратқа байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

"Біріншіден, арнайы комиссия құрылды деген жалған ақпарат. Ондай комиссия да жоқ. Ұлттық тарихты шетелдік мемлекетпен ортақтасып жазу деген ақпарат жалған. Иә, Ресей және Қазақстан тарихшылар тобы бар. Бірақ ол таза ғылыми топ. Мақсаты – біліммен айналысу, археологиялық қазбамен, экспедициялық жұмыстармен айналысу. Қазір Алтай төңірегінде бірлескен үлкен жоба басталған. “Ұлы Алтай” деген көне түркі тайпаларға, қағандықтарға қатысты бірлескен зерттеулер бар. Ресей тарапынан да көршілес Батыс Сібірде, Алтайда жаңа экспедициялардан археологиялық жақсы жаңалықтар шығып жатыр. Сондықтан, солардың алмасу тақырыбы бар. Бұл таза ғылыми байланыс. Ғылыммен, жаңа ізденіспен айналысу мақсатында құрылған" - деді, Саясат Нұрбек.

Ғылым және жоғары білім министрі келесі жылы Ресей, Иран, Қытай, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Түркия  ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеген  жеті томдық үлкен хрестоматиялық оқулықтың шығатыны туралы айтты. Сондай-ақ, бұл оқулықтың  ғылыми мақалаларда, монографияларда қолданылатынын да алға тартты.

"Жеті томдық жоба бұрын зерттелмеген жаңа фактілермен толтырылады. Соңғы 20 жылда өткізілген жаңа археологиялық экспедициялар нәтижелерімен толықтырылады. Бізге бұрын қолжетімді болмаған жаңа архивтерді ашып отырмын. Өте үлкен сүйінші: екі күн бұрын Ватиканға тарихшы “Шығыстану” институтының директоры Дүкен Мәсімханұлының жетекшілігімен біздің үлкен бірінші тобымыз аттанды. Ватикан алдыңғы жылы қол қойылған келісімшарт негізінде Ватиканда бұрын жабылған архив, мұражайларға толыққанды қолжетімдікті бізге берді. Біздің бір топ ғалымдарымыз шықты. Өте жақсы нәтижелерді күтудеміз. Ватиканның елшілері, миссионерлерінің жазған, жинаған дереккөздері, есептері бізге толыққанды беріледі"- деді Саясат Нұрбек.

 

Пікірлер