Мұхтар ШЕРІМ. Сатира. ӨЛУГЕ УАҚЫТ ЖОҚ...

248

Жыбырлап, жүзге келіп қалыппын–ей? Бірақ, соңғы айларда ауруым мазалап, бір күні Ажал «Ассалаумағалейкум!» –деп жетіп келді. Қасына Мәңкүр, Мүңкірлерін ертіп келді.
–Тыриған Арықов сіз бе? –деп сұрады Ажал.
–Ия.
–Сіз өлейін деп жатыр екенсіз?
–Ия, Құдай қаласа...
–Жоқ, сіз өлмейсіз.
–Қалай сонда? Өмірімнен мән кетті, үсті–басымнан сән кетті, құлағымнан ән кетті, санасам, жасым жүз болды, көңілім көктем емес, құлазыған күз болды, –деп кәдімгідей қамығып қалдым! Негізі, жүз онға келгенім рас, ертеректе «Қартайыпсыз ғой?» деп жұмысқа алмай қояды ма деген далбасамен жасымды кішірейтіп жаздырғаным бар еді. Ажалға қарасам, асығатын емес. Мәңкүр, Мүңкірлері ноутбукты ашып, менен жеке куәлігімді сұрады. Бердім. Тексеріп жатыр.
–Ажал ағай, бұл кісінің төлемеген салықтары көөөп екен! –деді Мәңкүр.
–Сондай хабарламалар шығып жатыр! –деді Мүңкір.
–Айттым ғой, салығыңызды төлемесеңіз, өлмейсіз!–деп ұрысты Ажал. Мәссааған, сондай заң шығыпты! Кімде кім салығын төлемесе, уақытымен өле алмайды! Жасың жүз жетпіске келсе де, мардымсыз зейнетақы беретін үкіметке күлкі болып, зираттан жер беретіндерге түрпі болып, «нәрмәлні» жан тапсыра да алмайсың!
–Қандай салықтарды төлемеппін? –деп сұрадым мен жөтеліп.
–Жер салығынан жетпіс тиын қалып кетіпті, көлік салығынан қырық тиыныңыз бар, үй салығынан бес тиын, қысқасы, жағдайыңыз қиын! –деді Ажал.
–Мардымсыз тиындар екен. Соған бола ұстағандарыңыз қалай?
–О дүние заңы солай. Ипыңызды жаппапсыз ғой?
–Есік жабық шырағым.
–Жоқ, Ип деймін, оны жауып барып өлесіз. –деді Ажал қай–қайдағыны шығарып.
–О, суға сексен мың теңге, жылытпайтын жылуға жетпіс мың теңге, светке тоқсан мың теңге қарызы бар екен! –деді Мәңкүр жерден жетпіс жеті қоян тапқандай қуанып.
–Осының бәрін кім төлейді? –деп сұрады Ажал.
–Балаларым..
–Балаларыңыздан мейірім кеткен. Бізге сондай хабар жеткен. Орныңыздан тұрыңыз да, төлей салып, сосын серейіп құлап, өле салыңыз! –деді Ажал қалшылдап. О, жарық дүние! Амал жоқ, Ажалды да "сыйлаймын", бірақ бірақ сенің секундтарыңды да қимаймын! Ажалдың өлуге рұхсат бермегенін бірінші көріп тұрмын, қандай жақсы болды десеңізші? Біздің ел тек салықтардан тұрады екен ғой? Кешіріңіздер, мырзалар... менде өлуге уақыт жоқ!

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер