Алматы - салауатты өмір мен рухани байлықтың ордасы

819
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы соңғы жылдары бұқаралық спорт пен мәдениет саласында қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттар қала тұрғындарының денсаулығын нығайтып, рухани құндылықтарын байытуға үлес қосуда. Ауқымды іс-шаралар мен мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде іске асырылып жатқан жұмыстар қала өмірінің сапасын арттырып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге ықпал етіп келеді.

Мәселен, 2022 жылы Алматыда 200-ден астам спорттық шара ұйымдастырылып, оларға 250 мыңнан аса адам қатысты. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 10%-ға өсіп, қатысушылар саны 275 мыңға жетті. Түрлі спорттық турнирлер, жарыстар және спартакиадалар мектеп оқушылары мен студенттерден бастап, егде жастағы азаматтарға дейін қызығушылық тудырып отыр. Сонымен қатар, 2022 жылы қалада 20 жаңа спорт алаңы ашылса, 2023 жылы олардың саны 25-ке көбейді. 2024 жылы да бірнеше жаңа нысанның ашылуы жоспарланған, бұл тұрғындарға тегін және қолжетімді спортпен айналысу мүмкіндігін арттыруда.

Алматының мәдениет саласы да ерекше қарқынмен дамып жатыр. 2022 жылы қалада 100-ден астам мәдени шара өткізілсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 120-ға жетті. 2024 жылы да 130-дан астам мәдени іс-шара өткізу жоспарланған. Театр қойылымдары, концерттер, көрмелер және ұлттық мерекелерге арналған іс-шаралар қала тұрғындарының мәдениетке деген қызығушылығын оятып, рухани тұрғыда байытуда.

Бүгінде жастарымыз әр күн сайын театр, кітапхана, түрлі мәдени шараларға баруға асық. Әлеуметтік желіден де Алматыдағы театрлар, парктер, арнайы іс-шаралардың қаншалықты жиі өтіп жатқанын көруге болады. Мұндай игі бастамалар қала тұрғындарының да көңілінен шыққанын байқай аламыз.

Сондай-ақ, спорт пен мәдениетке деген қызығушылықты арттыру үшін қала әкімдігі арнайы бағдарламалар жүзеге асыруда. 2023 жылы іске қосылған «Салауатты Алматы» бағдарламасы қала тұрғындарына спорттық жаттығулар мен мастер-кластарға тегін қатысу мүмкіндігін ұсынды. Бұл бағдарлама аясында түрлі спорттық акциялар да ұйымдастырылып, тұрғындардың денсаулыққа деген көзқарасын оң өзгертіп келеді.

Алматының спорт инфрақұрылымы да ерекше дамыған. Алматы Арена, Халық Арена, Медеу мұз айдыны, Шымбұлақ тау-шаңғы курорты, Орталық стадион сияқты заманауи нысандар халықаралық деңгейдегі спорт шараларын қабылдауға дайын. Мысалы, 2023 жылы Алматыда алғашқы рет Almaty Open атты халықаралық теннис турнирі өткізілді. Жеңімпаз Карен Хачановтың алғашқы жаттықтырушысы алматылық маман Игорь Биценко болды. Сонымен қатар, Алматы спортшылары Париж Олимпиадасында да жоғары нәтижелер көрсетті.

Спорттық іс-шараларға байланысты қала тұрғындарының арасында сауалнама жүргіздік. Толық жауап берген 10 адамның жетеуі Алматыда өтетін түрлі марафондар, жарыстарға жиі қатысып, белсенді болатынын айтты. Ал екі адам қалада өтіп жатқан шаралар туралы әлеуметтік желіден көретінін айтты. Осы арқылы қаламызда спорттық шаралар, мәдени мерекелердің дамып жатқанын көруге болады.

Алматының жастар қауымы спорт және мәдениет саласында ерекше белсенді. Олар театрлар мен музейлерге жиі барып, түрлі спорттық сайыстарға қатысады. Қала әкімдігі де жастардың бастамаларын қолдап, оларға арнайы гранттар мен байқаулар ұйымдастыруда. Осылайша, Алматы жастары салауатты өмір салтын ұстанып, мәдениетке жақын болу арқылы өз болашағын дамытып келеді. Спорт сүйер қауымның бірі – Рауан. Рауан Мутаир футбол матчтарын үзбей қарап, марафондарды жиі бақылайды.

«Алматыда спорт саласы айтарлықтай қарқынмен дамып келеді деп айтуға негіз бар. Соңғы жылдары қалада көптеген халықаралық және республикалық спорт шаралары ұйымдастырылды. Мәселен, Алматыда биыл тұңғыш рет теннистен халықаралық Almaty Open турнирі өтті, онда әлемнің үздік теннисшілері өнер көрсетті. Ал осы турнирдің жеңімпаз атанған Карен Хачанов ресейлік теннисші болсада алғашқы бапкері алматылық маман Игорь Биценко. Сонымен қатар, Париж Олимпиадасында жүлделі орындар алған спортшылардың басым бөлігі алматылықтар болды. Мысалы, Назым Қызайбай, Ислам Сәтпаев, Александра Ле, Нариман Курбанов және Ғұсман Қырғызбаев секілді спортшылар Қазақстанның атын әлемге танытты. Футбол саласында да Алматының жетістігі зор. Қайрат футбол академиясы Қазақстандағы үздік болып саналады, жастар арасында барлық жас санатында жүлделі орын алады, ал бас командасы биыл чемпиондыққа үміткер.  Қазақстан ұлттық құрамасында осы академияның түлектері көптеп кездеседі. Сондай-ақ, футзалдан Қайрат клубы УЕФА Чемпиондар Лигасының элиталық кезеңіне қатысып, жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр. Жақында УЕФА ойындары Алматыда Балуан шолақ сарайында өткенін айта кетейік. Алматының спорт инфрақұрылымы да жоғары деңгейде дамыған. Алматы Арена, Халық Арена, Медеу мұз айдыны, Шымбұлақ тау-шаңғы курорты, Орталық стадион, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы – мұның бәрі әлемдік деңгейдегі спорт шараларын қабылдауға дайын нысандар. Қысқы спорт түрлері үшін де Алматы өте қолайлы қала саналады. Тау-шаңғы спортына қажетті табиғи және жасанды инфрақұрылымдары арқылы Алматы еліміздің спорттық орталығы болып тұр. Бұдан бөлек, Шымбұлақ ТМД елдері арасында ең үздік тау-шаңғы курорты атанды», - дейді Рауан.

Мұндай бастамалар қаланың әлеуметтік өмірінің сапасын көтеріп, экологияның жақсаруына ықпал етуде. Алматы халқының денсаулығы мен мәдениетті дамытуға бағытталған бұл жобалар қаланы денсаулық пен руханияттың ордасына айналдыру жолында маңызды рөл атқармақ.

Пікірлер