Ақынның жыры жаңбырша жауған күн

647

Театр өнерінің өркендеген ордасы саналатын әкем театрында Фариза қойылымы көрермен назарына ұсынылды. «Театр хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп жазған Мұхтар Әуезовтың атын иемденген Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында көпшілікке ұсынылған туындыны «А+А Idea Fabric» продюсерлік орталығы дайындаған. Жаңа қойылым жазғы демалыс кезінде театрды сағынған алматылықтар үшін айтулы жаңалыққа толы болды. Өйткен, сахнаның безендірілуі, декорациясы бұрынғыдан өзгерек әрленген. Мәселен, сарқырап аққан сарқыраманың суының өзі әуенмен астасып, қойылымға табиғи рең беріп тұрғандай.

Премьера ерекше дарын иесі, жаны мен тәні жыр боп өрілген қазақтың дара қызы, қайталанбас ақыны Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Алғашқы қойылымның тұсаукесеріне көрермен көп жиналған. Сондықтан театрда ине шанышар орын болған жоқ. Тіпті, осы жаңалықты барша халыққа жеткізетін тілшілер қауымына да орын табылмады. Ақын рухына бағышталған қойылым Фаризаның жан тазалығы мен қайсар мінезін, өлеңге деген махаббатын, өмірге көзқарасын білдіреді. Тың бастамаларға толы туындыны көруге актер Тұңғышбай Жаманқұлов, халық әртісі Мақпал Жүнісова, жазушы Әкім Тарази сынды қоғам қайраткерлері арнайы шақыртылған. «Фариза» қойылымының авторы халыққа белгілі актриса, Фаризаның көзін көрген сіңілісі Роза Мұқанова. Ал, туындыны жарыққа шығарып, нәзік сезім иірімін көпшілікке көркем өнер ретінде жеткізе білген Айнұр Көпбасарова.

Тылсым күштерді байланыстырған тосын көріністер мен таңсық шешімдерден қоюшы режиссер Фархат Молдағалидің қолтаңбасы айқын көрінеді. Тағдырдың тезіндегі өнегелі өмірді өлеңмен әрлеп, Фаризаның жан тебіренісін, ішкі әлемін қойылыммен байланыстыра білген композитор Ренат Гайсин еңбегінің нәтижесі әсерлі әуеннен аңғарылады. Жаңа форматтағы туынды Фаризаның өмір кезеңінен хабар береді. Өнер адамының басындағы атақ-даңқ, сатқындық, махаббат, жалғыздық секілді мәселелер бұл қойылымды айналып өтпеді. Ақын қыздың өмірінен сыр шертетін туынды көрермендерді де бейжай қалдырмады. Фаризаның рөлін сомдаған жас актриса Назгүл Қарабалина ақынның болмысын ерекше ықыласпен сомдаған деп айтуға болады.

Қойылым барысында Фаризаның өлеңдері жатқа оқылып, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен рухани үндестігі де көрсетілді. Өмір мен өлімнің арасында сандалған Фаризаның жан тынышығы тек өлеңдері арқылы ғана берілді. Туынды соңында ақынның өлеңдері басылған ақ парақтар жоғарыдан жауған жаңбырдай себелеп, Фариза өлеңінің әрқашан халық жадында екенін байқатты. Сондықтан, әлі де болса көпшілік көріп үлгермеген қойылымның сәтті шыққаны талғампаз көрерменнің қошеметі арқылы белгілі болды. Халық ықыласының толастамай ұзағынан болуы туындының әсерлі шығып, Фаризаның шынайы болмысы халықпен жақын екенін аңғартады. Алдағы уақытта театр маусымы ашылғанда көрерменнің бұл қойылымға сұранысы ұлғая беретініне сенімім мол.

 

Жайна ШЫНБОЛАТҚЫЗЫ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
университетінің магистранты

Пікірлер