726 мың доллар бөлінген қаламгерлер форумы қалай өтті?

389

Ел бюджетінен 281 миллион 35 мың теңге (726 мың доллар) бөлінген Азия елдері қаламгерлерінің форумы біз төлеген салықтан кеткен шығынды толығымен ақтады. Қатысқан жазушылар не айтарын алда оқи жатармыз.

Ал былайғы жұрт осы қаражаттың арқасында мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Досановтың Назарбаев әулетінің құдасы болғандықтан шабыты зорайып, кітап дегендерін жыл сайын топырлатып бастырып жатқанын Олжас көкем Сүлейменовтің баяндамасынан білді. Құрметті мейман ретінде Моңғолиядан арнайы шақырылған, менің досым, көрнекті жазушы Ғұнажаптың баласы Айуырзан қазақтың халық жазушысы Қабдеш көкем Жұмаділовке Шыңғыс ханға таласқаны үшін "қол шығарып", тарих "пәнінің емтиханынан" омақа асырып құлатып жіберді.

Осының өзі неге тұрады? Қатарынан бірнеше Форум өткізіп жіберуге болатын-ақ дүние ғой. Тағы бір мақтанып айтатын нәрсе, Нобель сыйлығының лаураеттары Мо Ян мен Орхан Памук өздерінше болып келмей қойса да сол сыйлық бұйырмай қалған номинанттардың келгені де және бір су жаңа Форум ұйымдастыруға боларлықтай оқиға болды. Ал келесі Форумды Азияның өзге бір елі өткізуге біздікілер ұсынған эстафеданы таласып-тармасып бас салып, алулары керек еді. Олар  құлшынып тұрған жоқ секілді. Ештеңе етпес, араға үш жыл салып тағы да өзіміз өткізе салармыз деп тарқасқан секілді ғой. Көзбен көрген жігіттер айта жатар.

 

Қуандық ШАМАҚАЙҰЛЫ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер