Таразға Елбасы көрмесі өтіп, конфенцияда келелі ой айтылды

955

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Н.НАЗАРБАЕВ: ДӘУІР, ТҰЛҒА, ҚОҒАМ» көшпелі көрмесі ашылып, көрерменнің көзайымына айналды. Сондай-ақ М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде "Елбасының тарихи миссиясы: жаhанданған әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Конференцияға Тараз қаласы мен Германия, Португалия, Қырғызстан, Өзбекстан және тағы басқа жоғарғы оқу орындарының оқытушылары, студенттері, сарапшы мамандар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов кіріспе сөзінде Тараздың тарихына тоқталды.

«Ұлы Жібек жолы бойына орналасқан Жамбыл өңірі – құдіретті Қарахан мемлекеті салтанат құрған, Керей мен Жәнібек хандар Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, туын тіккен киелі мекен болып саналады. Сондай-ақ, Жамбылдың қасиетті жерінде Бәйдібек батыр, Ұлы жүздің бас биі Төле Әлібекұлы, Балуан Шолақ, ән мен жырдың кені Кенен Әзірбаев, қылқобызды құйқылжытқан Ықылас Дүкенұлы дүниеге келген. Одан берісі жыр алыбы Жамбыл, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы, әлем таныған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтай перзентті тәрбиелеп өсірген Әлжан анамыз сынды тағы да ұлт ардақтыларын дүниеге әкелген қасиетті өңір», – деді ол.

Сондай-ақ ол Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел тарихындағы 30 жылға жуық еңбегіне тоқталып, сөз кезегін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке берді.

«Жамбылдақтар әрдайым Елбасының қамқорлығы мен ерекше назарын сезініп келеді. Н.Ә. Назарбаевтың сан дәуірдің куәсі болған көне шаһарымызға "Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі" деп баға беруі – біз үшін үлкен мәртебе. Біздің облыс экономикасының барлық салаларындағы жетістіктеріміз – Тұңғыш Президенттің нақты айқындалған саясатымен тікелей байланысты. Бүгінде Елбасының есімі Егемендік, Тәуелсіздік, Қазақстан, Отан, Бірлік сияқты ұлы ұғымдармен үндес айтылады. Бұл заңды да. Себебі, біздің барлық жетістіктеріміз, еліміздің жаңа замандағы қайта жаңғыруы, рухани, экономикалық еркіндігіміздің тірегі – Елбасының есімімен тікелей байланысты екендігі даусыз. Тұңғыш Президенттің ерен еңбегі мен толайым табыстарын айшықтауға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның Әулиеата жерінде өтуі – біздер үшін үлкен мәртебе. Шара барысында елі сүйген Елбасының тәуелсіз қазақ елін қалыптастырудағы ерен еңбектері мен сан түрлі қырлары жан-жақты ашыла түсетініне сенімдемін», – деді А.Мырзахметов.

Халықаралық конференцияның негізгі баяндамасын  Әмірхан Рахымжанов жасады. Оның айтуынша, Қазақ хандарының күні-түні ойлаған басты мәселесі халықтың қауіпсіздігі болған. Әйтсе де ол хандардың бірі осы миссияны ұтымды орындап, ел іргесін бекем ұстаса, басқаларының тұсында елдің берекесінің кетуіне жол берілді.

«Осыдан бірнеше ғасыр бұрын тұтас қазақ елі аңсаған ата-баба арманын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздік тұсында түгелдей орындады. Нұрсұлтан Назарбаев экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етті. Сапалы әрі тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргізді. Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткізді. Қазақстанды өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын жауапты әрі қалаулы халықаралық серіктес ретінде танытты. Елімізді жоғарыда аталған жетістіктерге жетелеген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің қарсаңында еліміз үшін ғана емес, барша әлем үшін қажетті басты құндылық – жаһандық әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық екенін анық білді және еліміз тәуелсіздік алмай тұрып, осы бағытта аянбай қызмет етті. Ақиқаты, Елбасымызға елімізді бейбітшіл мемлекет жолына бағыттау оңай болмағанын естен шығармауымыз керек», – деді ол.

Ал М.Х. Дулати атындағы ТарМУ ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметгали Сарыбеков өз сөзінде әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудағы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тарихи рөліне жан-жақты тоқтады.

«Елбасының бастамалары бірінші кезекте Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға және оның беделін арттыруға оң әсерін тигізді. Тұңғыш Президенттің арқасында Қазақстан бүкіл әлемде ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі көшбасшылардың біріне айналды. Ол егеменді Қазақстанның және бүкіл әлемнің тарихына XXI ғасырдың басындағы әлемдік ауқымдағы беделді және көрнекті мемлекет қайраткері ретінде лайықты енді, – деді М.Сарыбеков.

Пленарлық отырыстан кейін конференция жұмысы "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті және жаһандық қауіпсіздік мәселелері", "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы", "Жастар - жаһандық қауіпсіздіктің маңызды әлеуеті" атты сессиялық отырыстарда жалғасты.

Іс-шара аясында конференция қатысушылары мен қонақтары фотоқұжаттар мен кітаптар ұсынылған "Әлем таныған Елбасы" көрмесімен танысты. Елбасы жеке кітапханасының жинақтарынан алынған 100-ден астам басылым мен Н.Ә. Назарбаевтың жеке архивінде сақтаулы бірегей фотоқұжаттар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саяси, қоғамдық қызметін бейнелейді.

Жамбыл облысында 3 қыркүйекте басталған ірі ғылыми-білім беру, мәдени-ағартушылық іс-шаралардан құралған "Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам" атты Елбасы кітапханасының көшпелі көрме жобасы шалғай аудандарда арнайы ұйымдастырылатын көшпелі экскурсияларды да қамтиды. Жобаның басты маржаны – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихындағы Елбасының шешуші рөлін жүйелі баяндайтын қор көрмесі.

2017 жылғы қарашада бастау алған "Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам" көрме жобасымен Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының 900 мыңға жуық тұрғыны танысып үлгерді.

Айта кетейік, "Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам" көрмесі Жамбыл облысында 2019 жылғы қазан айының соңына дейін жалғасады.

 

«АДЫРНА»

Ұлттық порталы

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы