Доллар кетті дөңгелеп:  көк қағаздың құны 420 теңге бола ма?!

635

Осы апта басталғалы үш күн қатарынан Қазақстан қор биржасында көк қағаздық құны шарықтап тұр. Қор нарығында қазір 1 доллардың құны  387,15 теңгеден сатылып жатыр. Ал валюта айырбастау пункттерінің кейбірі бір долларды 391 теңгеден сатуда.  Қаржы саласының мамандары «теңгені еркін айналымға жіберуден қорықпау керек. Доллардың екпіні басылған соң теңге күш жинай бастайды» десе де, бұқарада алаңдау басым. Тіпті «доллардың құны 420 теңге болатыны жайлы» дақпырт та өршіп тұр.

Бұл арада біз арнайы «Адырна» ұлттық порталының оқырмандары үшін теңгенің тағдыры жайлы экономист-сарапшылармен пікірлесіп көрдік.

  Доллар неге 390 теңгеден сатылып жатыр?

Алдымен, Қазақстан қор биржасында доллар қымбаттаған сайын бірден валюта бағамын өзгерте қоятын айырбастау пункттері жайлы сөз етсек. Мысалы, кеше қор биржасында бір доллар 388,15 теңгеден сатылса, кейбір валюта айырбастау орындарында доллар  390-391 теңгеден сатылды. Бұған қатысты сала мамандары «теңгеге өзге факторлан бөлек  валюта алыпсатарларынан да қысым келіп жатыр» дейді.

Бұл ретте қаржыгер  Арман Мусин «долларды Ұлттық банк белгілеген бағамнан жоғары қойып сататын айырбастау орындары бар. Валюта тәуекелін олар әдейі қабылдайды. Мысалы, 2014 жылы бір доллар 187 теңгеге көтерілген тұста валюта алыпсатарлары айналымдағы долларды көбейтіп жіберді де, Ұлттық банк оны сатып ала берді. Осыдан барып айналымдағы доллардың көлемі артып, теңгеден әл кетті. Қалай десек те, валюта алыпсатарлары доллар сәл қымбаттаса болды, оны одан әрі қымбаттатып, ажиотаж тудыруға бейіл. Мысалы қор биржасында кеше доллар 388 теңгеден сәл асып тұр еді, валюта айырбастау орындары көк қағазды 390 теңгеден бағалап жатты. Ал бұл құбылыс қарапайым халықтың алаңдауын үдетіп жіберетіні рас. Сондықтан келешекте валюта айырбастау орындарына қатысты заңды күшейту керек» деді.

Қаржыгердің пайымдауынша, ТМД елдерінде, шет мемлекеттерде отырып саудасын жүргізіп отырған валюта алыпсатарлары біз үшін қауіпті. «Олар сәті келгенде валюта бағамымен ойнап, тіпті биржадағы акциялардың құнын да бір сәтте түсіріп жібере алады. Ал мұның соңы үлкен шығынға апарып соқтырады. Сондықтан  бірінші кезекте валюта алыпсатарларына  мемлекеттік бақылауды күшейткеннен кем болмаймыз» дейді маман.

  Бұдан әрі теңгені тежеп ұстау қиын

Жалпы, мамандардың пайымынша,  теңгені тежеп ұстау экономика үшін де тиімсіз. Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтың айтуынша, 2009 жылдан бері теңгені қанша жерден тежеп ұстағанмен, доллардың бағамы өсіп отырды. Ғалымның пайымынша, қазір Қазақстанның алтын валюта қорынан теңгені тежеп ұстау үшін біршама қаржы алынып жатыр.

«Ұлттық банк теңгені қорғаймыз деп алтын-валюта қорынан қаншама қаржы алып жатыр. Бірақ соңғы 10 жыл бойы араға жыл салып теңгенің құнсыздануы толастар емес. Сондықтан бұл арада теңгені тежеп ұстау мақсатында алтын-валюта қорынан қаржы ала бергеннің еш мәні жоқ. Теңгенің құлдырауына сыртқы факторлар қатты әсер етіп отыр. Ресей экономикасының құлыдырауы, рубльдің құнсыздануы, мұнай бағамының түсуі, Қытай мен АҚШ арасындағы  санкциялар алмасу мұның барлығы әлем экономикасына әсер етпей қоймайды. Қазақстан шикізатқа байланған ел. Біз өзімізде өнім өндіргеннен гөрі шикізатты сыртқа экспортаймыз. Елге келетін импорттар тасқыны көп. Сондықтан көп нәрсені шетелден алатындықтан  әлем экономикасында болып жайтқан жайттар бізге әсер етпей қоймайды. Біз болашақта отандық өндірістің тұсауын шешпесек, теңгені тығырықтан шығара алмаймыз. Бұл арада бізді құтқаратын отандық өндіріс» дейді экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков.

Ғалымның сөзі дәлелді боулы үшін біз соңғы 10 жылда теңге бағамы қалай түзілгенін  арнайы диаграммамен көрсеттік:

  Доллар қашан 400 теңгеден асады?

Ал енді мамандардың пайымынша, биыл Ұлттық банк пен Үкімет жыл соңына дейін долларды 388 теңгенің айналасында ұстап тұра алады. Келер жылдан бастап доллардың бағамы 400 теңгені маңайлауы әбден мүмкін.

Бұл ретте экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова:

«Мұнай енді бұрынғыдай болмайды. Қазір мұнайға сеніп отыратын кезең өтті. Сондықтан келер жылы бізге қымбат долларға көндігуге тура келеді. Келер жылдан бастап әлемдік нарықта жаңа мұнай кен орындарының көптеп ашылуы, АҚШ-тың айналымдағы мұнай өндіру көлемін көбейтіп жіберуі өз әсерін бере бастайды. АҚШ қазір тақтатас мұнайын көптеп шығара бастады. Айналымдағы мұнайдың көбеюуі оның бағасын да арзандатып жіберетіні даусыз. Демек, болжам бойынша келер жылдың басында-ақ көк қағаз қымбаттап, біраз елдердің ұлттық валютасы құнын жоғалта бастайды. Оның ішінде әрине Қазақстан да бар»,-деді.

Мамандардың келер 2020 жылғы доллар бағамына қатысты болжамдарын да біз арнайы графамен көрсеттік:

 

Не істеу керек?

Осылайша, бірқатар мамандар келер жыл теңгеге тағы да ауыртпалық түсетінін айтып отыр. Ал бұл тығырықтан қалай шығу керектігі жөнінде мамандардың пайымынша, теңгені тығырықтан алып шығатын тек отандық өндіріс. «Сондықтан болашақта отандық өндірістің өнім өндіру көлемін арттырып, қабырғамызға қағылатын шегеге дейін отандық өнім  болуына күш салғанымыз абзал» деді мамандар.

 

Қарлығаш Сайлаубаева
"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер