Назарды Қытайға бұрудың астарында не жатыр?!

282

"Қытайдан төнген қауіп" туралы мәселе тағы да көтеріле бастады. Соған орай кей аймақтар, жекелеген қыз-жігіттер белсенділік танытуда. Тіпті намысты да қайраушылар бар. Әлеуметтік желі бетінде Қытай әскери күштері де бой көрсетіп қалады. Ол да халық арасында үрей туғызуға біршама қызмет атқаруда. Соның бәрін бажайлай келе, біз өз тарапымыздан "желдің" қай жақтан тұрғандығына мән беруге тырыстық. Соған орай алда болуы мүмкін жәйттерді де іштей қаперге алып қойдық.

Басын ашып айтайық. Әзірге қазаққа төнген қауіп жоқ. Алайда биліктің көңілі күпті. Күпті болатын да жөні бар. Мына биліктің уақытша екендігін халық та сезіп отыр. Алда үлкен бір өзгерістің болатындығы күмәнсіз. Ал ол өзгеріс халық көңіл-күйіне әсер етпеуі тиіс. Ол үшін келесі бір ойын тәсілдері ойлап табылады. Бұл тұрғыда бізге Қытай тиімді болып тұр. Осы ойын барысында бірде олар, бірде біз алға шығып келеміз. Шынымды айтсам, кейде біздің биліктің жүрістеріне тәнті боламын. Қанша дегенмен Кеңестік жүйе мектебінің мықты екендігі байқалып қалады. Тіпті бір-екі рет Қытайды да қапы қалдырды. Дегенмен әзірге итжығыс. Мына дүрбелең де соған орай ойластырылып отыр.

Айтпағымызды басынан бастайық. Біздің биліктің Қытайды жағалағанына біраз болды. Соған орай қазына қоржынын да біраз қампайтуға қол жеткізді. Екіжақты біршама келісімдерге де қол қойылды. Сол келісімдердің бәрінде де қазақ билігі біршама алда тұрды. Миллиардтаған қаржыны да алудай-ақ алды. Бірақ біз жақтан пәлендей қайыр бола қойған жоқ.
Қытай бір саусағы бүгулі ел. Олар алмақтың да салмағы барын жақсы біледі. Оңаша шәй үстіндегі біз білмейтін галстуксіз кездесудегі құпия келісімдер мен ауызша уәделерді сөз етпей-ақ қоялық. Бірақ кезінде жария болған бір миллион гектар жерді жалға беру мен 51 қытай зауытының қазақ жеріне енуі де сиырқұйымшақтанып кетті. Қазақ билігі ел ішіндегі толқуды сәтті пайдаланып, өз уәделерін орындай қойған жоқ. Сотты болған жігіттерді де соған орай шығармай отыр. Негізінен "бәрін өздері ұйымдастырған болатын" деген сөзді әзірге бүге тұралық. Себебі, сол жүрісті бүгін тағы да қайталап отыр. Менімше қытай жағы оған екінші рет алдана қоймайды. Дегенмен халық арасында болуы тиіс мұндай көңіл ауаны өз ішіміздегі саясат үшін де қажет. Сондықтан "қытайлық қауіптен" сақтану мәселесі алдағы уақытта да жалғаса береді.

Қытай да әккі ойыншы. Олар да қарап қалмайды. Қазақ билігі уәдеден тайған соң олар бірден жергілікті қазақтарды қыспаққа ала бастады. Алайда біздікілер оған былқ еткен жоқ. "Бұл - әр елдің ішкі шаруасы" дегенді көлденең тартып, арғы беттегі қазақтар жанайқайына шіли бас қатыра қоймады. Қытайлық қазақтарды қуырып жесе де қазақ билігінің былқ етпейтіндігін қытайлықтар да түсінді. Сондықтан да олар осы мәселеге әлем назарын аударуға күш салды. Соған орай әлемдік күштер мен қазақ халқын ояту арқылы қазақ билігіне қысым жасады. Олардың бұл жобасын "Атажұрттықтар" әдемі орындап шықты. Қытай билігі үшін мұндай шу аса қажет болды. Соған орай біз олармен қайта келісімге отыруға мәжбүр болдық. Санаулы күндерден кейін болатын Президенттің Қытай еліне сапары соның нәтижесі. Алайда таразы басы тең болуы үшін біз "қытайдан төнер қауіпті" тағы да күн тәртібіне алып шықтық. Сондықтан артының қайырын берсін дейміз дә.

 

Құдияр БІЛӘЛ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер