Алматы қаласының спорт саласында жетістіктері айтарлықтай өсіп келеді. Бұл тек жергілікті жарыстарда ғана емес, халықаралық ареналарда да көрініс табуда.
Мысалы, Орталық Азиядағы ең ірі марафондық шара ретінде танылған Almaty Marathon 2024 туралы айтар болсақ, бұл жарысқа 58 елден шамамен 15 600-дей қатысушы келіп, Алматының көрікті көшелерінде жарысты. Марафон халықаралық AIMS ұйымының құрамында және оның жолдары World Athletics талаптарына сай сертификатталған, және бұл оның беделін арттырып, көптеген шетелдік спортшыларды қызықтырды. Іс-шараның бір бөлігі ретінде 10 шақырымға жүгіру бойынша Қазақстан чемпионаты өткізілді, бұл марафонға қатысушылардың арасында командалық эстафета да болды. Жыл сайынғы марафонның қайырымдылық миссиясы арқасында жиналған қаржы түрлі балаларды қолдау жобаларына бағытталды.
Париж-2024 Олимпиадасы - қазақ спортшылары бұл Олимпиадада бірнеше медаль алып ел абыройын қорғады. Әсіресе, боксшы Назым Қызайбай қола медальға ие болып, бұл жеңісіне үлкен мән беретінін атап өткен болатын. Оның айтуынша, бұл - көп жылғы еңбектің нәтижесі, әрі Олимпиадаға қатысу - әр спортшының арманы. ‘’Бұл менің алғашқы Олимпиадам. Оған қатысу - әр спортшының арманы... Олимпиадағы атмосфера басқаша, ерекше’’ деп атап өтті ол. Ол бұл жетістігі жастарға үлгі болып, спортқа деген қызығушылықтарын арттыратынына сенім білдірді. Дәл осы Олимпиадада дзюдодан қола медаль жеңіп алған Ғұсман Қырғызбаев осы жетістігі оны жаңа жеңістерге деген шабытын оятқанын айтады: ‘’Олимпиада ойындарында қола медаль алғаннан кейін мен одан әрі жаттыға түсуге шабыт алдым. Алдағы Олимпиада ойындарына қатысу жоспарда бар’’ - деп, болашақ жарыстарға дайын екенін білдірді.
Бұл пікірлер спортшылардың өз жетістіктеріне деген мақтанышын және спорт арқылы елге қызмет етуге деген ұмтылысын көрсетеді. Олимпиададан кейін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жүлдегерлерге арнайы сыйақылар мен тұрғын үй және көлік кілттерін табыстады, бұл спортшыларға көрсетілген қолдаудың маңызды белгісі болды.
Жалпы, елімізде спортшыларға деген қолдау түрлі бағыттарда жүргізіліп жатыр. Біріншіден, мемлекет спорт инфрақұрылымын дамытуға үлкен көңіл бөліп жатыр. Жаңа спорт нысандарының құрылысы мен ескі спорт кешендерін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Мысалы, 2024 жылы Қазақстанда 70 жаңа спорттық ғимарат ашылды, бұл спортшыларымыз үшін жоғары деңгейдегі жаттығу мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді. Екіншіден, жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшыларға қаржылай қолдау көрсетіледі. Олимпиада медалистері мен чемпиондары ақшалай сыйақылар мен арнайы жеңілдіктерге ие. Сонымен қатар, жас спортшыларды тәрбиелеуге арналған арнайы бағдарламалар бар, ол арқылы жас таланттар қолдау тауып, әлемдік аренаға шыға алады. Және де ел спортшыларын шетелде оқу мен тәжірибе жинақтауға жіберу, сондай-ақ мемлекет халықаралық деңгейде танылған жаттықтырушылар мен мамандарды тарту арқылы спортшылардың кәсіби деңгейін арттыруға күш салады.
Айгүл Мұратқызы