БҚАТУ ғалымдарының әлеуеті зор

2647
Adyrna.kz Telegram

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дағы «Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіптік білім беру» институтының ғалымдары  Эльвира Рустенова мен Айжан Ибыжанова «Бизнес-процестердің тұтынушылардың өзгеріп отыратын талаптарына және әлемдік экономикалық конъюнктураға бейімделуін ескере отырып, агроөнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрлық трансформациялау модельдерінің кешенін әзірлеу» жобасы аясында Санкт-Петербург политехникалық университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті.

       Тағылымдама барысында агроөнеркәсіптік сектордағы ұйымдастырушылық реинжиниринг және цифрлық трансформация тақырыптары бойынша дәрістер мен семинарлар, кейс-стади және «Әлеуметтік-экономикалық жүйелерді модельдеу және цифрландыру» зертханасы ғылыми қызметкерлерімен талқылаулар ұйымдастырылды. Жетекші агроөнеркәсіптік кәсіпорындар мен зертханаларға экскурсиялар жасап, цифрлық технологияларды енгізу тәжірибелерін зерттеу үшін бизнес өкілдерімен кездесулер өткізді. Сонымен қатар «GDTM-2024: нарықтардың цифрлық трансформациясының жаһандық сын-қатерлері» атты халықаралық ғылыми конференцияға қатысты.

БҚАТУ – дамыған ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы бар университет, онда «Идеяны қалыптастырудан оны коммерцияландыруға дейін» тиімді технологиялық жүйесі құрылған. Айешева Гүлшат Амангелдіқызының басшылығымен Технологияларды коммерцияландыру және бизнес-инкубациялау Кеңсесінің табысты жұмысының арқасында түрлі республикалық және халықаралық көздерден қаражат тартылады, сондай-ақ зерттеу нәтижелері пайдаланылады.

Биыл бизнес-серіктестермен жемісті ынтымақтастық нәтижесінде университеттің екі жобасы ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша «Ғылым қоры» АҚ байқауында жеңіске жетті (2024 - 2026 жылдарға). Жобалардың жалпы құны 1 млрд 280 млн теңгені құрайды, оның ішінде қоса қаржыландыру – 606 млн теңге.  

Бірінші жоба: «Батыс Қазақстан облысының құрғақ дала аймағында суаруда жоғары ақуызды жемшөп дақылдарын өсіру» және екіншісі – «Балықтарға, құстарға және ауыл шаруашылығы жануарларына арналған құрама жем өндірудің инновациялық технологиясы». Бұл инновациялық жобалар университет ғалымдарының: доцент, техника ғылымдарының кандидаты Онаев Марат Қайрлыұлы және зертхана меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Батырғалиев Еркінғали Азаматұлының инновациялық технологиялары мен әзірлемелерін енгізуге бағытталған.

Жалпы біздің университетте халықаралық ынтымақтастық, шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік жақсы жолға қойылған 

        Болашақ халықаралық бағларламасының «500 ғалым»  жобасы аясында университет ғалымдары шетелдік жетекші жоо-ларда ғылыми тағылымдамадан өтеді. Халықаралық деңгейдегі университеттермен академиялық оралымдылық бағдарламасы шеңберінде студенттер алмасу үрдісі қалыптасқан.

          Айта кету керек, биыл Жәңгір хан университетіне Қытайдағы Тарим университетінің, сондай-ақ Синцнзянь мал шаруашылығы академиясының өкілдері келді. Қос тарап екіжақты тиімді ұсыныстарды талқылап, қазақстандық білім ордасының әлеуетімен танысып, екі университет арасындағы ортақ зерттеу бағыттарын нақтылап, бірлескен ғылыми жұмыс бойынша келіссөздер жүргізді.

           Білім мен ғылымның ордасына айналған БҚАТУ-дың ғылыми жетістіктері аз емес. Соңғы бес жылдың өзінде университет ғалымдары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Профессор, техника ғылымдарының докторы Сәрсенбек Монтаев «Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2 пайызы» рейтингісі бойынша ғылыми жұмыстары көп сілтеме жасалатын ғалымдардың тізіміне енді. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ мен Уфа мемлекеттік мұнай технологиялық университеті арасындағы екіжақты меморандум негізінде ғылым мен білім беру саласындағы әріптестік әлеуеті артты. Батысқазақстандық университетте уфалық ЖОО-ның өкілдігінің ашылуы – осы жұмыстардың нәтижесі.

            Бүгінгі таңда университетте 344 профессор-оқытушы жұмыс істейді, оның ішінде 12 профессор, 15 ғылым докторы, 25 доцент, 70 ғылым кандидаты, 47 PhD.

 Кәусар БАЙҒАЛИЕВА

Пікірлер