«Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа ауыз суға байланысты сұрақ қойды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«2025 жылы мемлекет басшысы бүкіл ауыл мен елдімекенді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Биылғы бюджеттік жобада бөлінетін қаражатты есепке алатын болсақ, мемлекет басшысының бұл тапсырмасы уақытылы орындалмайтын түрі бар. Біз барлық ауылдарды есепке алып, 80 миллиардқа жуық қаражатты «Аманат» партиясы атынан арнайы отырғыздық. Соның өзінде бұл бюджеттің жобасында сіздер 15 миллиард қаражатты қолдап отырсыздар. Сондай-ақ кейбір өңірлер тіпті мемлекет басшысының тапсырмасын ысырып қойып, жобалық-сметалық құжаттарын жасамаған. Яғни, бұл үкімет тарапынан бақылаудың әілсіздігі деп есептеймін. Не олар дайындамаған, не мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы 5 мың халықтан асатын тұрғыны бар ауылдардың барлығы сусыз қалуы керек?
Бұдан бөлек Жоғары палатаның есебі бойынша суы жеткізілген ауылдардың шамамен 13 пайызы қазір қайта жөндеуді қажет етеді. Яғни, оларда су жетіспейді. Түркістан мен Солтүстік Қазақстан облысы секілді 7 өңірде әлі күнге дейін арбамен су ішіп отырған адамдар бар.
Сол себептен осы жобаны аяқтау жоспарларыңызда бар ма? Егер де бұл жобаны 2025 жылы сіздер шамамен 100 миллиард теңге қаржы бөліп, мемлекет басшысының тапсырмасын толығымен аяқтамасаңыздар бұл мәселеде жауапкершілікті кім мойнына алады?», – деді Мәжіліс депутаты.
Қанат Шарлапаевтың айтуынша, ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі министрдің басты бақылауында.
«Қазіргі таңда бюджеттің жобасында 79 миллиард теңге көзделген. Бұл 116 жобаны іске асыруға жетеді. Депутаттардың қолдауымен тағы 15 миллиард қосылды. Осы қаражатты 106 жобаға бөлетін боламыз. Әрине басқа қаражат көздерін іздеу қажет болады. Президенттің тапсырмасын әрине орындаймыз. Ең алдымен 2025 жылдың бюджетін нақтылау кезінде осы мәселені тағы қарастыратын боламыз. Ал жобалық-сметалық құжат бойынша бірнеше өңірлер кешігіп келе жатыр. Осы жұмыстар жеке бақылауымда. Апта сайын осы бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Осы жылдың соңына дейін жобалық-сметалық құжат дайын болады деп ойлаймыз. Осы мәселенің маңыздылығын бәріміз түсінеміз. Келешекте Қаржы министрлігімен бірге басқа көзден қаражат қарастырамыз. Президенттің тапсырмасы 2025 жылдың соңына дейін аяқтайтын боламыз», – деді ол.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырсына Үкімет басшысы Олжас Бектенов бастаған министрлер кабинетінің мүшелері түгел келді. Мәжілістің күн тәртібінде ҚР Ұлттық қорынан 2025 – 2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қаралып жатыр.