Астанадағы LRT келесі жылдың соңына дейін іске қосылады

1038
Adyrna.kz Telegram
Ашық дереккөзден
Ашық дереккөзден

Үкімет басшысы Олжас Бектенов елордада жеңіл рельсті көлік (LRT) желісін салу жөніндегі жобаға шолу жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Премьер-министрдің сөзінше, құрылыс жұмыстарының қарқыны артып келеді. Сол себепті құрылысты бәсеңдетпеу маңызды. Cтанциялардың негізгі темірбетон конструкциялары құрылысын 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал келесі жылы рельстерді төсеу, стансаларды әрлеу және жылжымалы құрамдарды жеткізетін депо құрылысын жүргізу, Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдаяқов көшесі бойындағы эстакадалық бөлікті абаттандыру жүргізіледі.

Үкімет баспасөз қызметінің дерегінше, бүгінде LRT эстакадасының арқалықтарын төсеу кезеңі аяқталды.

"Жеңіл рельсті желінің жалпы ұзындығы 22,4 км құрайды. LRT құрамына 18 станция кіреді. 652 адам сыятын 19 жылжымалы құрамды іске қосу жоспарланып отыр. Қозғалыс аралығы 4-5 минутты құрайды. Бастапқы кезеңде тәулігіне 25 мың адам жолаушылар ағыны болады деген болжам бар. Бұл ретте жолаушылар ағыны ең жоғары уақытта тәулігіне 92 мың адамға жетуі мүмкін. Төлем жүйесі қалалық аналогы бойынша көлік картасын валидациялау немесе QR-код арқылы төлеу арқылы қарастырылған", – делінген хабарламада.

Станция аумағында премьер-министр құрылыс барысында қолданылатын технологиялық шешімдермен танысты.

"Жобаны іске асыруға China Construction Sixth Bureau, Yunnan Construction and Investment Holding Group Co., Longjian Road and Bridge Co., Tianjin Rail Transit Group Co., CRRC Tangshan Co LTD. сияқты жоғары стандарттарды сақтауымен танымал қытайлық жетекші компаниялар тартылған. Сондай-ақ CRSCInternational, CASCO, HUAWEI Smart Transport BU компаниялары көлік жүйесінің қауіпсіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын байланыс, дабыл және автоматтандыру жүйелерін реттеуге қатысады", – деді үкімет баспасөз қызметі.

China Railway Asia-EuropeConstruction Investment қосалқы мердігер компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэй инновациялық технологиялар қолданылып жатқанын баяндады.

"Мемлекет басшысы еліміздің көлік жүйесін дамытуға үлкен көңіл бөлініп жатыр. LRT жобасы бойынша инфрақұрылымды дайындау жөнінде қыруар жұмыс жүргізілді, қаражат бөлінді. LRT елорда тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетеді. Құрылыс жұмыстарының қарқыны артып келеді, оны бәсеңдетпеу маңызды. Жоба ең жоғары деңгейде жүзеге асырылуы керек. Әкімдік пен орталық мемлекеттік органдар тарапынан бақылау күшейтілуге тиіс. Нәтижеге жұмыс істейміз", — деді премьер-министр.

Пікірлер