"Табыс өзімізде қалсын". Қырғызстан президенті елдің ауқаттыларына үндеу жасады

1034
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Қырғызстан президенті елдегі долларлық миллиардер мен миллионер туралы айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ел президенті «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында миллионерлердің көпшілігі ақшасын шетелде сақтайтынын атап өтті.

«Ол үшін біз заңдастыру туралы заң қабылдадық. Бірақ олар осы уақытқа дейін ақшасын елге толық қайтарған жоқ. Қаражатты жартылай қайтарып, құрылыс саласына салып жатқандар да бар», - деді Жапаров.

Президент экономика мен мемлекетке пайда әкелетін жобаларды қолдауға уәде беріп, ауқатты адамдарды Қырғызстанға инвестиция салуға да шақырды. Дәлірек айтсақ, Жапаров Тамшы әуежайына қарсы қонақүйлер салуды ұсынды.

«Елде тоғыз қонақүй салу жоспарлануда. Біріншісінің құрылысы басталып та кетті. Қонақүйді екі жылдан кейін пайдалануға беруді талап еттім. Мен отандық инвесторларымыз бен олигархтарымызға үндеу жасаймын», – деді президент.

Жапаровтың айтуынша, шетелдік инвесторларға қарағанда отандық инвесторлардан пайда басымырақ.

«Өйткені, таза табыс толығымен біздің елде қалады. Бірақ сырттан келген инвесторлардан да зардап шекпейміз. Олар ақша салады, жұмыс орындарын ашады, салық төлейді. Бірақ бәрібір өздеріне таза кіріс алады», - деп түсіндірді мемлекет басшысы.

Журналистің «Ұлы Рустамның мемлекеттік істерге қатысы бар ма?» деген сауалына Жапаров жауап берді. Оның айтуынша, Рустам Ыстықкөл облысындағы гольф алаңының құрылысына инвесторлар тартумен айналысады.

«Келесі жылы ашылады деп күтілуде. Бұл гольф алаңы бүкіл Орталық Азиядағы аумағы бойынша ең үлкен алаң болады», - деді президент. Сондай-ақ ол Рустамның Қырғызстанның әр ауылында жарықтандырылған футбол алаңдарын салып жатқанын айтты.

Осы сұхбатта негізгі сауалдардың бірі болған Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиевтің ұлы Тай-Мұрастың да еңбегі айтылды.

Президент Жапаров оған Өзгендегі айналма жолдың құрылысы үшін алғысын айтты.

«Бірақ бірде-бір компания немесе жеке адам бұл жолдарды салуға ниет білдірген жоқ, өйткені инвестиция ұзақ мерзімді перспективада ғана ақталады. Сондықтан «Тай-Мұрас» компаниясына Өзгент айналма жолын салғаны үшін алғыс айтамыз. Біз оған осы жобаға инвестор іздеп, тауып бергені үшін алғыс айтуымыз керек», - деді Жапаров.

Пікірлер