"Ауруханаға қабылдамады". Ерлі-зайыпты кішкентай баласының өліміне дәрігерлерді кінәлайды

815
Adyrna.kz Telegram
Фото: aikyn.kz
Фото: aikyn.kz

Ақтаулық ер адам жалғыз ұлының өліміне ақ халаттыларды кінәлайды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Информбюро мәліметінше, ата-ана бір жасар Абдуллаға дәрігерлердің бір ай бойы диагноз қоймай, жұмысына салғырт қарағанын айтқан. Баланың дене қызуы түспей, жансақтау бөліміне түскен.

Ермек Нұрбаев жалғыз ұлының қазасына ақ халаттыларды кінәлайды. Себебі, дене қызуы 39 градусқа көтеріліп барғанда дәрігерлер науқасты бірден қабылдамаған.

"Біз жедел жәрдеммен үш рет бардық, қателеспесем. Үшеуінде де қабылдамады. Төртіншісінде барған кезде 18-інде әйтеуір қабылдады. Ауруханаға жатқызды. 6 күн өткеннен кейін балаға пневмония деп диагноз қойды. Баланың гемоглабині 70-ке түсіп кеткен. Бұл туралы емдеген дәрігері де, басқалары да хабарсыз. Ашуланып, баланың денсаулығы күрт нашарлап кетті деп сұраған кезде "А,а біз білмедік" деп шықты. Баланың жағдайына жіті мән береміз, қадағалаймыз дегені өтірік", – деп қынжылды әкесі.

Қара жамылған отбасы әділдікті талап етуде.

Ал Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асқар Махмұтов өз ісіне салғырт қараған мамандар тәртіптік жазаға тартылды деп отыр.

"Баланың сепсис диагнозынан қайтыс болғаны белгілі болды. Медициналық құжаттар дұрыс толтырылмағаны анықталды. Бұл қабылдау бөлімінің қызметкерлерінен кеткен қателік. Жауаптыларға тәртіптік жаза тағайындалды. Құқық қорғау органдарына бүкіл құжат жіберілді", – деді басқарма басшысы.

ПД "медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамау" бабы бойынша тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.

Пікірлер