Ұлттың құндылығы ұлттық тәрбиеде

192

 

Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері, ұстанымдары, құндылықтары мен мағыналы  терең салт-дәстүрлері бар. Олар халықтың эстетикалық көзқарасын, тәрбиелік принциптерін, таным деңгейінің тереңдігін көрсетеді. Сондай-ақ, ұлттың өзіне ғана тән тарихын, мәдениетін, тұрмыс-тіршілігі сияқты ұғымдарды елестетуге мүмкіндік береді. Қазақы дүниетаным, тағылымдық насихат арқылы ғасырлар бойы жинақталған білім мен тәжірибе, биік ізеттілік пен ұлттық құндылықтар, халықтың өмір сүру салтымен туындаған ережелер мен ұстанымдар – тәрбие процесімен тығыз байланыста. Яғни, өмір тәжірибелеріне сүйене отырып, дұрыс пен бұрысты саралау арқылы пайда болған салт пен әдет-ғұрыптар, түптің-түбінде белгілі бір мағынаға, тәрбиеге үйретеді. Ендіше, осы тәрбие мәселесін бір жүйеге жүйелеген қазақы ерекшеліктер мен салттарды білу, оны шынайы өмірде қолдану қазіргі кезде күн тәртібіндегі басты мәселе деп есептейміз. Өйткені, ұлттық құндылықтардың сақталуы үшін әр елге оны кейінгі ұрпаққа жеткізуші өскелең ұрпақтың болуы қандай маңызды болса, сол ұрпақтың ұлттық құндылықтарды сақтай және қолдана алу деңгейі соншалықты маңызды екені белгілі. Сол себепті, ұлттық құндылықтардың сақталуы үшін, кез-келген ұлт болашақ ұрпақтарына тәрбие беру кезінде үйретіп, насихаттауы керек. Мақалада халқымыздың ұл, қыздарына білуі және сақтауы қажет, тәрбиелік жүкті арқалаған ұлттық ерекшеліктерге тоқталмақпыз. Мысалы, «жеті атасын білу», «үлкенге сәлем беру, кішіге ізет көрсету», «қызға қырық үйден тыю» т.б. салттар өзіндік ерекшеліктерімен қатар, қазақы қоғамда ұлттық тәрбие беруде маңызды рөл атқарған, сондай-ақ оларды білмеу ұят болып табылған.

Біз білетіндей, қазақ халқы намысшыл, өр халық. Шешендік өнерімен қатар, сөз өнеріне де бай. Бұл біздің ұлттық ерекшеліктеріміздің бірі болып табылады. Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, қазақ хандығы қалыптасқан тұста ұлы жүз, орта жүз және кіші жүздер болып бөліне бастаған. Әр жүздің өз руы, таңбасы мен ұраны болған. Сәйкесінше, оларды білу адамның шежіресін, шыққан тегі мен жерін анықтауға жәрдемдеседі. Қазіргі уақытқа дейін біздің еліміз «жеті атасын білу» салтын әлі де қолданып келеді. Қазақтың қаны таза, текті болуы да осының арқасында. Себебі, үлкен буын өкілдері мен ақсақалдар осы салтты ұрпақтан-ұрпаққа аман-есен жеткізе алғандығы. Алайда, оны өз ұрпағына ескертіп  үйрету ата-ананың міндеті, бала жеті атасын білмесе, оны көпшілік жетесіз деп сынары сөзсіз, сондықтан бұның алдын-алу үшін, әр ата-ана өз балаларына шежірені айтып, үйретуі қажет. Себебі, «жеті атасын білу» болашақ жастардың бойында өз шежіресіне деген жауапкершілік пен құрмет сезімдерін баулуға, шежіредегі текті тұлғалардың ерең еңбектеріне деген сыйластықты, өткен тарихты тануға үйретеді. Әйткенмен, уақыттың жоқтығы, қарбалас жұмыс бұны іске асыруға кедергі келтіреді. Ұлттық ерекшелігіміз болып табылатын осынау құндылықтарымызды ұмытып, оның маңыздылығын жоққа шығаруда. Неге қазіргі таңда бұл маңызды? Себебі, өз атын өзгерту не болмаса атасының есімін емес, арғы атасының есімін алу, қазақ отбасының өзге ұлтпен шаңырақ көтеруі, қазақ отбасының орысша сөйлеп, сол елдің салтын ұстанып кетуі, бұның барлығы қазіргі уақытта орын алып жатқан жағдайлардың шет жағасы ғана, салдарынан қазақы дүниетанымдағы қағидалар мен ережелердің жоюлуына әкеледі. Содан кейін, бір рудан шыққандардың бір отбасын құруы, қанның бұзылуы, туыстық байланыстың жоғалуы, бір атадан тараған адамдардың бірін-бірі танымауы секілді проблемалар туындайды. Ұл болсың, қыз болсың жеті атасын білуі, оның ата-баба салтын құрмет тұтатындығын, өз шежіресін тануға деген талпынысты, тарих пен мәдениетті жоғары бағалай алатын, ұлттың ұлт болып қалуына кепіл болады. Тағы бір қоса кететін жайт,  қазақ елі әрқашан «намыс, ұят» деген сөздерді жоғары қойған халық, тіпті, басты ерекшелігіміздің бірі осы десек те болады, «жеті атасын білу» салтын ұмытатын болсақ, біз үшін бұл ұят болары сөзсіз. 

 «Қызға қырық үйден тыю» салты қазақы дүниетанымының тереңдігін, ар-намыс сөздерінің ұлылығын көрсете алатын ерекше салттардың бірі.  Әдебиет беттерінде, осы салт туралы жазылған көптеген туындыларды кездестіруге болады. Мысалы, Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын оқыған болсаңыз, Меңтай деген қыздың дәптерінде анасы айтқан сөздер тізіліп жазылған дәптері жайлы айтылады. Төмендегі жазбаға назар аударсақ (толық емес).

(Меңтайдың дәптерінен)
Апамның айтқандары: 

  • Ешқашан да, ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да жақсылығы болады.
  • Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек, себебі қыздың жалаңаш жеріне көп көзінің құрты түскіш келеді. Ал халықта: «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деген мақал бар.
  • Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағаңды жоясың.
  • Қарқылдап күлу, тарқылдап сөйлесу – дарақылық белгісі.
  • Кемшіліксіз кісі болмайды, оны көруден оңай жоқ. Кісі кемшілігін тез көруге емес, тез түзетуге көмектес.
  • Қызға қатты күлудің қажеті жоқ, жігіттерге оның жымиғаны да жетіп жатыр.
  • Ауыз шешендік әркімде болады. Әсіресе қыздың аузы сүйреңдеп көп сөйлемегені абзал. Өйткені қыздың күлкісі, жымиюы, бас изеуі, көзқарасы, жүріс-тұрысы – бәрі де сайрап тұрған сөз. Сондықтан оның аз сөйлеп, айналасына ақылмен танылғаны дұрыс.
  • Шошаңдаған қыз шешенің атына кір келтіреді.
  • Баласы арақ ішсе, шешесі у ішеді. Маскүнем жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.

Терең мазмұнға, бай мағынаға толы ұлы сөздер. Әрине, бұл біздің ұлттық даралығымызды көрсетеді. Себебі, біз сөз құдіретін терең ұғынатын халықпыз! Бір сөзбен соғысты да тоқтата алған қасиетіміз сонау Төле би, Әйтеке би, Қазыбек билеріміз сияқты ұлы тұлғалардан қанымызға дарығаны белгілі. Әдебиетте де өз көрінісін тауып жатқан салттардың көбісі қазіргі уақытта ұмытылмаса да, қолданылу аясы төмендегені рас. Бүгінгі күні қатты болса да, анасының тілін алмайтын балалар барда, ұлттық құндылықтар ұмытыла бермек. Бұл да тәрбиенің төмендеп жатқаны болар. Жоғары да жазылған сөздер арқылы мынандай түйін шығара аламыз: қазақы дүниетанымында «ұят болады» деген ұлы сөздің танымдық деңгейінің жоғары екендігін, осы бір-ақ ауыз сөз арқылы қыздың анасын ұятқа қалдырмауы қажет екенін түсіне білуі, оның жауапкершілігі мен намысшылдығын көрсетеді. Жо-жоқ, бұнымен жауапкершілік  осы сәттте ғана танылады деген сөз емес, алайда бұл да соған апаратын қадамдардың бірі. Сонымен қоса, қыз тәрбиесін жоғары қоя білген қазақ қоғамында қызға деген үлкен үміт пен сенімді байқай аламыз. Ия, білдей бір отбасының, рудың сенімі. Қыз баласының тәрбиесі мен білімін, қадірі мен қасиетін танытуға мүмкіндік беретін осынау салттың мәні мен мағынасы тереңде екенін көреміз. Ұлттық құндылықтардың біріне жататын «қызға қырық үйден тыю» салты қыз бойында болуы қажет ең маңызды ережелер мен қағидаларды бойына сіңірту мақсатында туындаған бұл салт қыз болашағының жарқын болуына жол ашады. Өйткені, әр қыз баласы болашақ ана. Әр ана ұрпақты жалғастырушы. Әр болашақ ұрпақ – елдің ертеңі. Сондықтан, «қызға қырық үйден тыю» салты арқылы тәрбиеленген әр тұлға мынандай өзгерістерге қол жеткізері сөзсіз.

 Әуелі, өз-өзімізді тәрбиелей бастаймыз, әрине, дұрыс жолға қадам жасаймыз. Себебі, санамызда «ұят болады» сөзі тұрғанға дейін, біз жүріс-тұрысымызды, киім-киісімізді, сөйлеген сөзімізді дұрыстауға мүмкіндік аламыз, нәтижесінде Абай айтпақшы «толық адам» болуға бір қадам ілгері баспақпыз. Тіпті, ең аз дегенде өзгелерден өзіңіз жайлы жылы лебіздер мен мақтауларды естімексіз. Бұған мысал ретінде, өмірде болған жағдай арқылы баяндап берсек. «Орыс әжесі жасы шамамен 70-те болуы керек, дүкеннен азық-түлікті үйіне апаруға әлі келмегендіктен, қазақ баласына көмектесуін өтінеді, әрине ол көмектесуге келіседі. Сонда жаңағы әже, риза болғаны сонша, өз алғысын айтып, былай дейді: «менің көршім қазақ баласы, мені көрген сайын амандасады, нан алып келеді, сөмкемді көтереді, сондай тәрбиелі бала, қазақ халқы мейірімділігі, жақсылығымен мені қуантады», - деп мақтайды.

Осы шағын ғана жағдаяттан шығатын түйін, өзге кісіден жылы лебіз естіген кезде қатты қуанады екенсің, әсіресе қазақ баласын мақтап жатқан өзге ұлт өкілінің сөздері тура өзінді мақтап жатқандай сезімді тудырады. Міне, осындай мақтаулар ұлттық құндылықтарды қастерлей бастағанда арттатыны сөзсіз.

Екіншіден, шынайылыққа бойыңыз үйренеді. Мәселен, «өтірік айта салайын, алайда ата-анам біліп қойған кезде ұят болады емес пе?» деген ойлар мазалағанда, ең дұрыс шешім шынайы болып қалу, неге деп күдіктенсеңіз, жасайын деп жатқан іс-әрекеттің нәтижесі маған бір аптадан соң, кейін екі айдан соң қаншалықты маңызды болмақ? - деп ойласаңыз дұрыс шешім табарыңыз сөзсіз.

Үшіншіден, өзгелер сізге сенім арттатын болады. Ия-ия, дәл осы «қызды қырық үйден тыю» салты мен ұят деген сөз арқылы, өзіңіздің бойыңызда жауапкершілік сезімі қалай орын алғанын байқамайда қаласыз! Нәтижесінде, әр ісіңізге тыңғылықты, әрі уақытылы қарауыңыз сізге деген сенімді туындатады.

Төртіншіден, тазалыққа және ұқыптылыққа үйреңесіз. Әрине, осы салтты қолдану арқылы. Себебі, бойыңызда намыс пен санаңызда «ұят болады» деген сөздер тұрғанда сіз өзіңізге жақсырақ қарай бастайсыз, ойлану арқылы таза киім, таза ыдыс, таза сөмке сияқты нәрселерге көңіл аудара бастайсыз. Соңында, оған үйреніп, тазалық сақшысы ретінде өмір сүресіз.

Бұл тек бір адамның айтар бірнеше қорытындысы ғана. Міне, осыншама көмек тигізетін осы салтты ұмытқан сияқтымыз, бүгін. Әттең, қыздың көркі бұрым болған елміз, енді тіпті, сол бұрымды өсірмек түгілі, қып-қысқағып қыйып, қастарын қап-қараға бояп, етектерін қысқа көйлек киген қыздарды көрген кезде ұяласың, олардың орнында өзін тұрғандай құдды. Бірақ, барлығына бірдей  күйе жаға алмайсыз, ибалы да, тәрбиелі қыздардың бары да ақиқат. Қыз деген ана емес пе?! Ал, әр ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді деген аталы сөз бар. Елдің ұлт болып қалуы үшін қыздың алатын орны маңызды болатыны бесенедей белгілі. Әттең, «қызға қырық үйден тыю» салтын тек әдебиет парақтарында жазылатыны өкінішті, оны әрдайым жадында ұстап, сақтасақ дұрыс болар еді. Нәтижесінде, біз өз құндылықтарымызды аман сақтаймыз. Батысқа не болмаса шетелге еліктеп, салтымыздан бас тарту өзімізді құртумен тең. Әрине, дәстүрдің тозығы да, озығы да бар. Ішінен саралап, дұрысын таңдау заман талабы. Әйткенмен,  қазақ халқының «ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген аталы сөзі бекер айтылмаған, біздің тұрмыс-тіршілігімізде, өмір сүру стилімізде қыз бен ұят ұғымдары әрдайым серік болған. Бұл біздің бойымыздағы құнды қасиеттердің бірі. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ұлттық құндылықтарымыз баршылық, шүкір, ертеден қалыптасқан әдет-ғұрыптар мен жөн-жоралғылар ұлтымыздың дүниетанымының бай екендігін көрсетіп, дәлелдеуде. Ұлттық құндылық өзінен өзі сақталып, қолданыла бермейтіні анық, ол үшін бастысы намысшыл жастар мен ұлттық ерекшелігімізді болашақ жастарға дәріптей алатын ата-ана, ата-әже өз үлестерін қосуы керек, яғни ұлттық тәрбиені берсе, үйретіп, жол көрсетсе жеткілікті. Балаға кішкентай кезінен бастап, бұрыс қылықтар жасаған үшін «ұят болады» деп тәрбие беру, имандылыққа баулу қажет. «Өлімнен ұят күшті» деп ескертіп отыруда дұрыс. Себебі, бұл қазақ халқының ғасырлар бойы ғибраттық, имандылық тәрбиесінің үлгілерінің бірі. Бүгінгі күні осы іспеттес құндылықтарды өскелең ұрпақ санасына қаншалықты сақталып жатқаны басты мәселе.  Әрине, оларды орынды жерде, орынды уақытта қолдана білсек, ұлттың бай қазынасы – мәдениеті мен әдет-ғұрпы аман қалмақ. Ал, шектен тыс насихаттау ұлтшылдыққа әкеп соғуы да мүмкін. Жоғарыда айтылған «жеті атасын білу», «қызға қырық үйден тыю» секілді салттарын ұмытпаған ұрпақтың болашағы жарқын болмақ. Қорыта келе, заман өзгеріп, құндылықтар ауысып жатқан уақытта ұлттың қауіпсіздігіне қауіп төне бермек. Қазіргі жастардың, әсіресе қазақы жастардың еліктегіш екендігі белгілі, олардың өзге ұлттың салтына, дәстүріне еліктеуі мүмкін, мысалы, үнді киноларында көрсететін ұзын орамал мен маңдайларына қызыл нүктені жабыстырып би билеу не болмаса қазақы аспаптарды емес, өзге жанрдағы мәдениетке еліктеу, ана тілімізде сөйлемей басқа тілде көп сөйлеу осы секілді жағдайлар, бізге қауіп төндіреді. Неге? Себебі, осының барлығының орын алып жатқаны, көбінесе, жастардың кез-келген нәрсеге еліктеуінде екені белгілі. Егер, жастар - елдің ертеңі болса, онда отбасын құрған осынау жастар басқа елдің салтын, тілі мен мәдениетін дәріптер болса, онда сәйкесінше келесі ұрпақта сәл де болса өзгерістерге ұшырайтыны  анық. Міне, бұл да қауіпті. Ия, әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа, біз айта алмаймыз, өзге ұлттың құндылықтары төмен, яки мәдениеті жаман деп, әр елдің өз ерекшеліктері бар, әйткенмен, әр азамат өз ұлтының құндылықтарын өзге ұлттан жоғары қоя білуі қажет, оны қолдану мен сақтау жолында өз үлесін қоса отырып, өзге ұлттың құндылықтарын білім көкжиегін кеңейту мақсатында қолданса дұрысырақ болады демекшіміз. Сондықтан, ұлттық құндылықтардың аман сақталуы үшін тіл мен тарих қаншалықты қажет болса, ұлттық тәрбиенің, аталы сөздердің, салт пен ғұрыптың маңызы да арта бермек. Бүгінгі ұрпақ ата-бабадан сақталған ұлттық құндылықтарды (тіл, дін, салт-дәстүр, мәдениет, әдет-ғұрып т.б.) ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуі қажет. Елдің болашағына үлкен әсер тигізетін осынау ұлттық даралықтар өмірде іс-жүзінде ұмытылмай уақытында қолданылса екен деп тілейміз.

 

Мақатова Аягөз Артурқызы

Пікірлер