ДДҰ маймыл шешегіне қарсы алғашқы вакцинаны мақұлдады

673
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Reuters
Сурет: Reuters

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегіне қарсы алғашқы вакцинаны мақұлдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Bavarian Nordic A/S өндірушісінің MVA-BN вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдын ала біліктілігінен өтті»,— делінген хабарламада.

Ұйым бұл шешім халықтың осал топтарына вакцинация салуды кеңінен қамтуға және осылайша жұқтыруды азайтуға көмектеседі деп күтеді.

Данияда жасалған MVA-BN вакцинасын 18 жастан асқан адамдарға төрт апта аралықпен екі инъекция түрінде егіледі. Оның бір реттік дозасы маймыл шешегінен қорғауда 76 пайыз тиімді, ал екі доза 82 пайыз тиімді деп бағаланып отыр.

Еске салайық, 5 тамызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің өршуіне байланысты жаһандық төтенше жағдай жариялаған еді. Қазіргі таңда Африкада маймыл шешегіне шалдыққандар саны 22,8 мыңға жетті.

Пікірлер